Олар қаланың дамуына елеулі үлес қосты. Әлеуметтік-мәдени салада бағы жанып, кәсіпкерлік, руханият саласында атқарған еңбектерін ел біледі. Төккен тер, еткен еңбектің қайтарымы да болады. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қаланың «Құрметті азаматтарын» марапаттап, сый-сыяпат жасады.
Әріректен айтсақ, мұндай марапат 1967 жылдан бастап беріліп келеді. Бұған дейін 83 азаматқа осындай атақ тапсырылған. Шымкент қалалық мәслихатының шешімімен үшінші қаланың өсіп-өркендеу жолында күш-қайратын сарп еткен сегіз азамат мәртебелі атаққа ие болды.
Салтанатты кешке облыстық қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері және жалынды жастар қатысты.
Алдымен қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша баяндама оқыды. Одан кейін мінберге көтерілген қала әкімі Дархан Амангелдіұлы түрлі салада өзіндік қолтаңбасын қалдырған азаматтарды құттықтады.
Қаламыздың қарқынды даму жолында бірлесе еңбек етпек керек. Ауқымды жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Әрбіріңіздің еңбектеріңіз елеулі. Ел сіздерге қарап бой түзейді. Әлі де тағылымды істеріңіз жалғасады деп сенеміз»,– деді қала әкімі өз сөзінде.
Жиын әрі қарай марапатқа ұласты. Әуелі бірқатар азаматтарға ерекше төсбелгі тапсырылды. Олардың қатарында «Отырар» телеарнасының директоры Валентина Куликова, «Ұстаз нұры» газетінің бас редакторы Әнуарбек Бейсе, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Өмірәлиев, қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров сынды азаматтардың аты аталды.
Соңына қарай көпшілік күткен сәтке де куә болдық. Қала әкімі
Д.Сатыбалды «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атанғандарды марапаттап, әрбіріне естелік сыйлықтар тарту етті. Қалалық мәслихаттың шешімен «Құрметті азамат» атанғандар – Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Мади Хожаұлы (Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін), Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы- драматург Серік Жанәбілов (Қазақ әдебиетіне қосқан үлесі үшін), ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры Ханбибі Есенқарақызы (Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін), «Оңтүстік Қазақстан облыстық славян этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юрий Кирюхин (Мәдени мұраны насихаттау мен ұлтаралық келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін), Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің оқу әдістемелік комиссиясының мүшесі Ермекбай Келдібеков (Білім беру саласына сіңірген көпжылғы қажырлы еңбегі үшін), Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Шерім Медеуов (Қаланың әлеуметтік -экономикалық саласына сіңірген қажырлы еңбегі үшін), «САУТС ОЙЛ” ЖШС президенті Серікжан Сейітжанов (Қаланың әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін) және ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы ОҚО өкілдігінің директоры Лесбек Ташимов (Білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін).
Бүгінгідей кезеңде әлеуметтік саланың әлеуеті артып, руханият және кәсіпкерліктің төрге озғаны керек. «Адамды адам ететін еңбек» демекші, cөз бен іс үйлесім тауып, жұмыстар жандана түссе, ел де дами бермек.
Т. ҚАСЫМ