Жұмысқа деген ынта болса, жұмыс та, ырыс та алдыңнан шығатыны белгілі. «Жас келсе іске» деген. Жастарға жалындаған жараспаушы ма еді?! Ел аумағындағы жүзеге асып жатқан «Жастар практикасы» бағдарламасы жастарды жұмыспен қамтып, бағыт-бағдар сілтеуді мұрат тұтқан. Тек ынта-ықыласыңыз болсын.
Қаржы да, қызығушылар да жетерлiк
Бүгінде бағдарламаның игілігін де көре бастадық. Бөлінген қаржы да көп, жастардың талабы да артқан. «Шымкент қаласының жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Айша Қамбарбекова бағдарламаның орындалу барысы туралы түсіндірді.
– Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 197,9 млн. теңге бөлінген. Біз өзімізге жүктелген міндетті асыра орындап отырмыз. Қазірдің өзінде қаржының 80 пайызы межелі жерге жұмсалды. Қалған жиырма пайызы жыл соңына дейін игеріледі, – дейді ол.
Әуелгі жоспар бойынша биыл жоғары және орта арнаулы оқу орындарының мың түлегін түрлі мекемелерге жолдау көзделіпті. Ал он айдың қорытындысы бойынша 1941 түлек жолданып, қаладағы 175 мекемеде сынақтан өткен. Бұл – 194 пайыз, асыра орындалған нәтиже. Оның бірден-бір себебі – бағдарламаға қатысушы азаматтардың алты ай мерзімі аяқталмай жатып, тұрақты жұмысқа қалып қоюында..
Айша Нұржанқызының айтуынша, 1941 азаматтың 1116-ы бағдарламаны аяқтаса, оның ішінде 886-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Яғни, сексен пайызға жуығы жұмыспен қамтылып отыр. Орталық түлектерді кәсіп-орындарға жолдап ғана қоймай, алты ай мерзімде тұрақты жұмысқа қалмағандарды еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарына қайта ұсынады екен. Яғни, бағдарламаға үмітін арқалап келген азаматтардың барлығы түпкілікті қамтылады деген сөз. Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп отырғаннан кейін оның мақсатты жұмсалуына көбірек көңіл бөлінеді.
Медицина саласы озық тұр
Енді «Жастар практикасы» арқасында жұмыспен қамтылғандардың контингентін айтайық. Жастардың көбісі мемлекеттік мекемелерді таңдап, әрі сонда қалып жатыр. Әсіресе, көбісінің таңдауы медицина саласы. Тоқсан пайызға жуығы осы саланы құп көрген. Яғни, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бағдарламаға мейлінше үлес қосатын мекеме. Сонымен қатар, білім саласының да үлесі бар. Әлеуметтік саладан бөлек, облыстық сот, прокуратураның да сұранысы ұлғайып келеді.
«Жұмыс бар, бiзге келсiн»
Жалпы, бұл нені білдіреді? Өзінің кәсібін жақсы меңгерген, кеудесінде саңылауы, бойында буырқанған күші бар азаматқа жұмыс әрқашан да табылады. Бастысы, жастар өзінің іс-әрекетімен көзге түсуі тиіс. Жақсы маман жұмыссыз қалмайтыны бесенеден белгілі.
Айша Нұржанқызы орталықтың мамандары, бөлім басшылары қаладағы 22 жоғары оқу орнына, колледжге барып, үгіт-насихат жұмыстарын да жүргізетінін айтады. Жыл да солай. Жастар практикасының тиімділігін дәріптейтін бейнероликтер де дайындалған. Үкімет биыл 197,9 млн. теңге бөлсе, келесі жылы бұдан екі есеге жуық қаржы қаралмақ. Бұның бәрі де ел азаматтарының келешегі үшін жасалған қамқорлық.
Айтар уәжiңiз болса..
Рас, қызығушылық артқан сайын талап-тілек те, ұсыныс та көбейеді. Шетін мәселелерді шешу, бағдарламаның тынысын кеңейту үшін де Үкімет қаулысы жыл сайын өзгеріп отыр. Қазіргі уақытта оқуды бітіргеніне бір жылдан аспаған түлектер бағдарламаға қатысса, келесі жылы бұл мерзім үш жылға дейін созылуы мүмкін. Ең керегі, жастар өз мамандығы бойынша үш жылдың ішінде еш жерде жұмыс істемеген болуы тиіс.
Орталық та жастар тарапынан айтылған уәждерді дер кезінде тиісті орындарға жеткізеді. Үкімет оңтайлы шешім қабылдайды. Яғни, жұмысын бастағанына үш жылдан енді асқан бағдарламаға жылына кем дегенде бір рет өзгеріс енеді екен.
Бағдарламаның берері көп. Облыста екі мың жас түлек жастар практикасының игілігін көрсе, 50 пайызы Шымкент қаласының жастары. Бағдарлама ақпан айынан басталып, желтоқсанға дейін созылады. Сондықтан, үміт еткен түлектің қатысуға мүмкіндігі бар.
Самат ЕШЕНҚҰЛОВ, «Жер кадастры - ғылыми-өндірістік
орталығы» РМКК ОҚОФ-ның маманы:
– Осы бағдарлама арқылы тұрақты жұмыс істеп жатқаныма алты ай болды. Сынақ мерзімі наурыз айында басталып, екі жарым айдан кейін толық штатқа ауыстырды. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Уақыты келе үйренесің. Өзім М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды «Жерге орналастыру» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Замандастарымның «Жастар практикасымен» жұмысқа тұруға толық мүмкіндігі бар. Жалпы, мемлекет бізге барлық жағдайды жасап отыр. Тек алғырлық танытып, білім-біліктілігіңізді дәлелдесеңіз болғаны.