×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу Қазақстан үшін халықаралық деңгейде алға жылжуында үлкен қадам болмақ. Көрмені өткізу жауапкершілігін алған еліміз әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Мұндай халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында елдің даму деңгейін іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – өте зор құрмет.

КӨРМЕГЕ ДАЙЫНДЫҚ – КӨПШІЛІК НАЗАРЫНДА

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов халықаралық көрмеге қатысушы – Қытай, Франция, Алмания, Мажарстан мен Түркия мемлекеттеріне алғашқы павильондарды тапсыр ды.
Көрме нысандарының құрылыс жұмысына Қазақстанның барлық өңірлерінен 300-ден астам отандық кәсіпорындар тартылды. Аталмыш жоба 50 мыңға жуық жұмыс орнын сақтап қалуға әрі жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді. Құрылыс алаңында 14 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілді.
– Бүгінде құрылыстың маңызды бес нысаны аяқталды. Ол – халықаралық павильондар, 1374 пәтері бар ЭКСПО-қалашық, ЭКСПО-кеңсе, ішкі істер бөлімінің ғимараты мен Энергия зерттеу орталығы. Барлығын қосқанда 482 мың шаршы метр аяқталды, – деді Ахметжан Есімов павильондарды салтанатты түрде табыстау барысында.
Аталған нысандардың қүрылысы үшін 492 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсалған.
Франция елі жалпы ауданы 1069 шаршы метр аумақты құрайтын «Жасыл өсім бағытындағы энергетикалық бұрылыс» атауына ие павильонға орналастырылды. Жасыл энергетика саласындағы өз әзірлемелерін бұл ел үш шағын тақырыпшаларда ашып көрсететін болады: болашақ қаласы, жаңартылатын энергия және экологиялық көлік түрлері.
Қытай елі жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайтын «Жасыл» Жібек жолы» болашақ энергиясының арман театры павильонын алды. Онда ҚХР-ның Жібек жолы бойындағы, сол сияқты әлемнің барлық елдерімен энергетикалық ынтымақтастыққа қатысты жаңа ойы көрсетіледі.
Венгрия еліне тиесілі павильонның жалпы ауданы 411,9 шаршы метрді құрайды. Павильонның «Болашақ энергиясы бізді біріктіреді» тақырыбы елдегі қолжетімді энергия көздерінің географиялық, экономикалық ерекшеліктеріне негізделеді. Павильон жел, су және жел елі болып табылатын Венгрияның сипатын айрықшаландыра отырып, электр және қала жобалау облысындағы жаңа қондырғылармен таныстырады.
Германия елі павильонының жалпы ауданы 1249,5 шаршы метр құрайды. Ол – «Энергияға апарар жолда» деп аталатын болады. Ал Түркия 959 шаршы метр павильонға ие болды.
Айта кету керек, бүгінде Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне өзінің қатысатындығын 104 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым растады, 98 мемлекет комиссарларын тағайындап, 82 қатысу келісімшартына қол қойылды.

КӨШЕДЕГІ САҚШЫЛАР ДА АҒЫЛШЫНША СӨЙЛЕЙДІ

ЭКСПО кезінде көшедегі сақшылар да ағылшынша сөйлейтін болады. Елорданың қоғамдық тыныштығын күзететін Ұлттық ұлан сарбаздары қазір осы бағытта дайындалып жатыр. Олар ағылшын тілінде амандық сұрасып, жол нұсқай алатындай деңгейге жеткенше білім алмақ.
Жалпы халықаралық көрме кезінде 1 жарым мың сарбаз қауіпсіздікті қамтамасыз етпек. Бүгінде ағылшын тілінен бөлек, жауынгерлік даярлықтарына да баса назар аударылады.
Айта кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ мен «Қазпочта» АҚ арасындағы ынтымақтастық шеңберінде қараша айының 2-жұлдызынан бастап Ұлттық пошта операторының бөлімшелерінде билеттер сатылымға түсті.
ЭКСПО-2017 көрмесіне билетті – Қазпочтаның 30 пошта бөлімшесінен (әрбір облыстық филиалдағы екі бөлімшеден), ал биылғы жылдың 1 желтоқсанынан бастап барлық автоматтандырылған бөлімшелерінен сатып алуға болады. Билеттерді сату көрменің соңғы жұмыс күні – 2017 жылдың 10 қыркүйегіне дейін жүзеге асырылатын болады.
«ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылғы 10 маусымнан бастап 10 қыркүйекке дейінгі аралықта Астана қаласында өтеді. 93 күнге созылатын көрмеге жалпы саны 5 миллион адам қатысады деп күтілуде.
Пошта бөлімшелерінің операторлары электрондық билеттерді ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттер сату бойынша ресми сайт –tickets.expo2017astana.com арқылы ресімдейтін болады.
Азаматтар күні белгіленген билеттерді жұмыс күндеріне 4000 теңгеге және демалыс күндеріне 6000 теңгеге ала алады. Ал күні белгіленбеген билеттерді жұмыс күніне 6000 теңгеге және демалыс күндеріне 8000 теңгеге ала алады. Билеттерді сату қолма-қол ақшамен де, төлем карточкаларымен де жүзеге асырылады.

ОҢТҮСТІК ӨҢІРІНЕН 150 МЫҢ АДАМ БАРАДЫ

Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Оңтүстік Қазақстан облысынан 150 мың адам қатысады деп күтілуде. Оның ішінде, мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің саны 35 700 адамды құрамақ. Шымкент қаласынан жалпы саны 30 мың адам қатысады.
Көрме қызметіне дайындық негізінде еріктілерді үйретіп, дайындау мақсатында бүгінде жүйелі түрде семинар-тренингтер ұйымдастырылуда. Аталмыш шараға облыс аумағынан 100 ерікті іріктеліп алынды. Сала мамандарының айтуынша, қазіргі таңда еріктілерді француз және қытай тілдеріне оқыту мүмкіндіктері де қарастырылуда.

 

Сіз не дейсіз?

darmenovЕрмек ДӘРМЕНОВ,
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

ДАМУҒА ДАҢҒЫЛ ЖОЛ АШАДЫ

– «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу арқылы Қазақ елі Астананың келешегін жарқын әрі есімін жаһандық кеңістікте танымал ете түсуге мүмкіндік алды. Яғни, ауқымды шара аясында Елордада инфрақұрылымдық жүйелер – жолдар, инженерлік желілер, су, газ, кәріз жолдары заманауи үлгіде қайта жаңартылды. ЭКСПО – ең алдымен, Қазақстанның атауына жұмыс істеп отырған ең алғашқы ірі халықаралық жоба. Бұл біздің елімізде туризмнің белсенді дамуына ұмтылыс беретін зор мүмкіндік. Қазіргі таңда Қазақстан минералдық ресурстарға ең бай елдердің бірі. «Болашақтың энергиясы» деген тақырыптың өзі көрменің ауқымдылығына өлшеу болатындай. Күн, жел сынды энергияның балама көздерін тауып, қоршаған ортаға кері әсерін тигізетін көмірқышқыл газының тарауы, мұнайды пайдалануды және қоршаған ортаны ластауды, минералдық және көміртекті ресурстарды азайтуды болдырмау, қысқарту – көрмені ұйымдастыру барысында басты назарға алынады.

 

 

tolebaevЖасұлан ТӨЛЕБЕКОВ,
«Оңтүстік туризм» орталығының директоры:

ОҢТҮСТІК – ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА ҚОЛАЙЛЫ ӨҢІР

– Қазақстан ТМД елдерінің ішінде әзірге «жасыл экономикаға», жаңартылатын энергия көздеріне өту тұжырымдамасын қабылдаған жалғыз ел. Яғни, еліміздің бұл тұрғыдағы бастамашыл да игілікті шаралары әлем елдеріне үлгі іспетті. Әрине, ЭКСПО – өз кезегінде, елдегі туризм саласын дамытуға тың серпін берері сөзсіз. Бұл бағытта Оңтүстік Қазақстан облысының өзіндік дәстүрі мен табиғаты шетелдік туристердің қызығушылығын арттыруда маңызды рөлге ие. Шара барысында шетелдік туристерді өңірдің тыныс-тіршілігімен етене таныстыру мақсатында өз тарапымыздан арнайы 22 бағыт бойынша экспедициялық топтарды ұйымдастыратын боламыз. Әрине, ең алдымен, әуежайдан түскен шетелдік меймандар такси қызметінен кедергі көрмегені жөн. Бұл орайда, арнайы 2 бірдей көлік компаниясымен келіссөздер жүргізудеміз. Әуежайда өз ісін жетік білетін, шет тілдерін еркін меңгерген көлік жүргізушілері туристердің барар бағыты бойынша қызмет көрсететін болады.

Ауыл шаруашылығындағы ауқымды істер

Понедельник, 07 Ноябрь 2016 03:55

Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы 25 жыл ішінде өндірілген көкөністің көлемі 5 есеге артқан. Атап айтқанда, егін шаруашылығы бойынша жүргізілген жүйелі әртараптандырудың арқасында 1991 жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың егіс көлемі 73 мыңнан 80 мың гектарға, бақша 49 мыңнан 59 мыңға, ал көкөніс 27 мың гектардан 40,4 мыңға, картоп 9 мың гектардан 15,3 мың гектарға ұлғайыпты. Тиісінше, алынған өнім көлемі де айтарлықтай нәтижеге ие. Мәселен, 1991 жылы облыс бойынша 163,4 мың тонна көкөніс жиналса, бүгінде бұл көрсеткіш 866 мың тоннаға, яғни бес есеге артты. Осылайша, өңір шаруалары өздерінің еңбекқорлығымен Тәуелсіздік кезеңіндегі ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр.

ШЫМКЕНТТІКТЕР ЖЫЛЫЖАЙЫМЕН МАҚТАНАДЫ

 MG 4098

Тәуелсіздік жылдарында елде агроөнеркәсіптік кешені саласын дамытуға айрықша басымдық берілді. Бұл ретте, ҚР Президенті Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді жаһандық сын-қатерлер қатарына жатқызған болатын. Яғни, әлемде халық саны өсуімінің жоғары қарқыны азық-түлік тапшылығы мәселесін туындатуда.
Бұл қатарда, мемлекеттік 2013-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың салааралық «Агробизнес-2020» бағдарламасы Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға айтарлықтай мүмкіндік беруде.
– Қазіргі кезде әлем елдерінде экономикалық белсенді халықтың 45 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады. Бұл бағытта, мемлекеттік ауқымда қолдау көрсетіліп отырған «Агробизнес-2020» бағдарламасының нәтижесінде, агроөнеркәсіптік кешендегі субъектілер санын 4,5 есеге көбейту көзделген. Бұл құжаттың басқа бағдарламаларға қарағанда ерекшелігі өте зор. Яғни, алдымызда қаладағы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай.
Жалпы, Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 62 219 гектарды құрайды. Яғни, бұл көрсеткіш қала аумағының 54 пайызын иеленеді. Несібесін жерден терген 4152 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тіркелген. Жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде, жинап алынған өнімнің көлемі 16 миллиард 543 миллион теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы саласын түлетуде климаты қолайлы әрі жер құнарлылығы жоғары Шымкент қаласы бүгінде ел аумағындағы жылыжайлардың отанына баланады. Оған жыл сайын өнім көлемі ұлғая түскен ауыл шаруашылығы кешендерінің нәтижесі де басты себеп болуда. Яғни, жылыжайлардың жалпы көлемі 123 гектарға ұлғайды. Жинап алынған өнімдерді сақтау және жыл бойы тұтынушыларға қажетінше жеткізу мақсатында сыйымдылығы 45 мың тонна болатын қоймалар дайындалған.
Облыс орталығында азық-түлік белдеуін қалыптастыру, бағаны тұрақтандыру бағытында жасалған тың қадамдар өз қайтарымын беріп те келеді. Қала тұрғындарын таза әрі арзан көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында биыл пайдалануға берілген «Асар KZ» шаруа қожалығы жылыжай кешенінің өнімдері шымкенттік тұтынушылардың дастархан мәзірін толықтырып үлгерді. Бүгінде жылыжай кешенінің жалпы көлемі 4,7 гектарды алып жатыр. Қожалық басшысы Бақтыбек Әбдіхалықов алдағы уақытта жылыжай кешенінің көлемін мұнан әрі де ұлғайта түспек ниетте.

АТА КӘСІПКЕ АДАЛДЫҚ

auyl 88

Мал шаруашылығы бүгінде ел экономикасын түлетуде тың серпін беретін елеулі күшке айналды. Бір кездері қазақ даласында миллиондап саналатын ашатұяқтылар қатары тоқсаныншы жылдары тіпті азайып кеткен еді. «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде соңғы жылдары аталмыш салаға жан бітіп, тамырына қан жүгірді. Мал шаруашылығын өркендетуге көңіл бөлініп, шаруаға қаржылай қолдау көрсетілуде. Бұл қатарда, мемлекеттік бағдарламалар – ата кәсіпті өркендетудегі бірден-бір қолайлы жоба болуда.
Бүгінде Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы жануарларының жалпы саны 65 мыңнан асып жығылады. Мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары шеңберінде биыл шымкенттік фермерлер 150 ірі қара мал, 15 асыл тұқымды бұқа, 400 уақ мал, 70 жылқы сатып алыпты. Мал бордақылау алаңдарының саны 41-ге артса, 30 жанұялық сүт фермасы қызмет атқаруда. Тиісінше, «Прод&Груп» және «Марк» ЖШС-лері ет өнімдерін өңдеу көлемін жылына 1500 тоннаға дейін арттырып отыр.
Иә, мал – баққанға бітеді. Төрт түлікті қазақ ежелден ырыс санаған. Кез келгеннің қорасына біте бермейтін болған соң да осылай түйіндеген болар. Мал расында мінсе – көлік, жесе – тамақ, ішсе – сусын, кисе – киім. Демек, кәсіптің көзін іздегендер мал шаруашылығына ойланбай кірісуіне болады. Әсіресе, ел болып, еңсе түзеген Тәуелсіздік жылдарындағы шаруалардың жетістіктері еңбектің еселі нәтижесі боларын дәлелдеп бергендей. Бүгінгі қол жеткен жетістіктер Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық мерейтойына лайықты тарту болмақ.

Тәуелсіздікке қосқан үлес қомақты

Понедельник, 07 Ноябрь 2016 03:37

Қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығында салалар бойынша жеткен жетістік көрсеткіштерін насихаттау мақсатында құрылған облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері тұрғындармен кездесіп, семинар өткізді. Оған қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Қайрат Сүлейменов, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков, облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшесі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Сағынғали Әбубәкіров, сонымен қатар, білім саласының қызметкерлері қатысты.

DSC 0231

Семинарға қатысушылар еліміз егемендік алған 25 жыл ішінде облыс экономикасының қарқынды даму көрсеткішіне ие болғанына тоқталды. Сонымен бірге мәдениет, білім, спорт, денсаулық салаларының да көптеген жетістікке жеткенін атап өтті.

– 25 жылда жеткен жетістіктер ауқымдылығымен ерекшеленеді. Экономиканың түрлі салалары бойынша көрсеткіштер де жыл сайын еселене түсуде. Мәселен, Тәуелсіздік жылдары ел аумағында 1300-ден астам денсаулық сақтау мекемелері пайдалануға беріліпті. Оның 347-сі Оңтүстік өңірінің үлесінде. Сондай-ақ, 1400-ден астам орта білім беретін мектеп ғимараттары салынған, – дейді Сағынғали Сандыбайұлы.

Баяндамашылар өз сөзінде бүгінгі Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның «алтын дәуіріне» баланатынын атап өтті. Егеменді ел болып қалыптасу кезеңінде ішкі тұрақтылыққа баса мән беріліп, жаһандық кеңістікте «қазақстандық жол» ұғымы үлгі ретінде танылды. «Мәңгілік елдің» өз бағыт-бағдары айқындалды.

Жиында қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай Шымкент қаласы үшін Тәуелсіздік жылдары өсіп-өркендеу кезеңі болғанын жеткізді.

– Егемендікті жаңа алған 1991 жылы қала аумағы 13 мың гектарды құраған болса, бүгінде 10 есеге ұлғайды. Қала халқы 400 мыңнан 900 мыңға жетті. Елдегі тұрғындардың орта жас көрсеткіші 67-ден 72-ге дейін өсті, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.

Жарыссөзге шыққан зиялы қауым өкілдері жеткен жетістіктерге тоқмейілсумен шектелмей, алда белгіленген айқын бағдарды орындауда белсенді күш салу қажеттігін атап өтті.

«Нұрлы жол» – оң өзгерістер өрісі

Пятница, 28 Октябрь 2016 10:19
n9rotan7 600«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осы аптада Шымкент қаласына іссапармен келді. Мақсат – өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен және әлеуметтік инфрақұрылымның даму қарқынымен танысу.
 
Сапар барысында М. Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының конференциясына қатысты. Онда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев партияның облыстағы филиалының төрағасы болып сайланды. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Ж. Түймебаевтың алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
 
Партияның өңірдегі өкілдерімен кездесуде Мұхтар Абрарұлы Мемлекет басшысы белгілеген міндеттер мен тапсырмалардың маңыздылығына тоқталды. Ондағы басты міндеттің бірі – негізгі мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың сапасын қатаң бақылау. Бұдан бөлек, жиында партияның сайлауалды бағдарламасын және партиялық жобаларын жүзеге асыру, ішкі тәртіпті күшейту, қоғамдық-саяси жағдайға тұрақты мониторинг жүргізу мәселелері сөз болды.
 
Мұхтар Құл-Мұхаммед Шымкенттегі жаңадан бой көтерген тұрғын үй кешендерінің құрылыс жұмысымен де танысты. 5 қабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілген сәтте, азаматтарды тұрғын үймен қамтып қана қоймай, қала сәулетіне ерекше реңк беретін болады. Жалпы, биыл облыста 1140 пәтер пайдалануға берілген. Олардың жалпы ауданы 64 мың шаршы метрді құрайды. Бұдан бөлек, 243 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 147-сі – мемлекет бюджетінен, ал қалғаны ұлттық компаниялардың, тұрғын үй комбинаттарының және инвесторлардың есебінен қаржылан­дырылған.
 
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, мамандар биыл өңірде пайдалануға берілген үйлер бір жарым есеге артқанын айтады. Мұндай жетістікке жетуде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы өз септігін тигізуде. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасының басым бағыт­тарының бірі – мектеп құрылысы. Бұл бағытта, өңірде 25 білім ошағын салу көзделген. Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасы­ның бірінші орынбасары «Достық» шағынауданында жаңадан салынып жат­қан 1200 орындық білім ордасында болды.
 
– «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Оңтүстік Қазақстан облысына республикалық бюджеттен 46 миллиард теңге бөлінген. Қаржы тиімді жұмсалар болса, көптеген түйткілді мәселелердің шешімі табылмақ. Мұның барлығы Мем­лекет басшысының сарабдал саясатының нәтижесінде орындалуда, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
 
«Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасары сапарында жаңадан салынған жылыжай кешені мен алдыңғы қатарлы өндірістерді аралады. Сонымен қатар, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті. Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
 
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ
 

Шымкентте ирригациялық жүйелер қыс мезгілінде міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Осы орайда, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылы бөлімінің мамандары кешенді жұмыс жоспарын белгілеп отыр.

vlcsnap-2016-01-27-17h36m07s176

Жасыратыны жоқ, Шымкенттегі ирригациялық жүйелер сын көтермейді. Жауған қар мен жауынның салдарынан қала көшелері суға толып, жаяу жүргіншілермен қатар, көліктердің де қозғалысында айтарлықтай қиындықтар туындайды. Мамандар мұндай келеңсіздіктердің алдын алудың бірден-бір жолы ретінде бүгінде ескіріп, жарамсыз күйге енген ирригациялық жүйелерді толығымен жаңартуды ұсынады.

Бұл бағытта арнайы жұмыс тобы да құрылған. Анықталған мекен-жайларды маңызына қарай топтастыра отырып, мәселені кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделуде. Кешенді жұмыстардың алғашқы екі кезеңі бойынша барлығы 34 мекен-жайда ирригация жүйелері жүргізіліпті. Оның жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайды. Ал биыл үшінші кезең аясында 32 мекен-жайда жұмыстар атқарылуда. Мұндағы жұмыстардың аумағы 11,8 шақырымға созылады. Бұл үшін биыл жергілікті бюджеттен 230 миллион теңге қаржы бөлінген.

Бүгінге дейін Нұртаза Исмайлов көшесінің тұрғындары да жауған қар мен жауынның зардабын тартып келген еді. Енді міне, жоспарлы жұмыстар аясында мұнда ұзындығы 2 шақырым көше бойында ирригация жүйелері жүргізілуде. Жұмыстарды мердігер мекеме – «Жасыл даңғыл» ЖШС-і атқаруда. 

– Бұл міндетті атқару үшін мекеменің көтергіш кран, эксковатор және нығыздаушы техникалары жұмылдырылған. Жоспарлы жұмыстар желтоқсан айының 15-жұлдызына дейін тапсырылады, – дейді «Жасыл даңғыл» ЖШС-нің учаске басшысы Белтай Үсентаев.

Айта кетейік, бүгінде қала аумағында ирригация жүйелерін жаңарту жұмыстарымен 3 мекеме – «Жасыл даңғыл», «Көркем қала KZ» және «Шаһар құрылысы интернейшнл» ЖШС-лері айналысуда. 

Шынында, ирригация мәселесі тек Шымкент үшін ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында өзекті болып отыр. Бұл жағдайға айрықша көңіл бөліп отырған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары алдағы жылы, кешенді жоспардың 4-кезеңі аясында жалпы ұзындығы 11,2 шақырымды құрайтын 22 мекен-жайда ирригация жүйелерімен қамту жұмыстарын жүргізбек.

Қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың негізі – тәртіпке байланысты. Заң алдында баршаның жауапкершілігі бірдей. Осы орайда, Елбасының 5 институционалды реформасын орындау бағытындағы 100 нақты қадамында ұсақ құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеу қағидалары атап көрсетілген.

273b4e165999732d41b4aca89a17622def6

Бүгінде облыс прокуратурасы қоғам тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз қала» жобасын ұсынуда. Аталған жоба жүзеге асқанда қаладағы қылмыс санын 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік болады. Айта кетейік, бұл жоба бұған дейін мегаполис болып табылатын Астана қаласында жүзеге асырылған. Қазіргі таңда Шымкентте жалпы тіркелген қылмыстардың ішіндегі ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың ашылуы 70 пайызды, ал орта дәрежедегі қылмыстардың ашылуы 23 пайызды құрады. Осы жоба шеңберінде жұмыссыздық, қаңғыбастық, маскүнемдік және нашақорлық салдарымен күресу, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 20-дан астам іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Алдағы уақытта қылмысты төмендету мақсатында Шымкент қаласының аумағы толығымен бейнекамералармен жабдықталмақ. Соңғы 3 жылда жергілікті полиция қызметкерлері 350 автокөлікпен қамтамасыз етіліпті.
Шымкенттегі жергілікті полиция қызметіне 1313 штаттық бірлік берілген. Бірінші кезекте қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау басты міндет ретінде белгіленген. Ол үшін қажетті жағдайлар да қарастырылған. Бұл қатарда биыл 5 эвакуатор алынған. Бақылау камералары да орнатылуда. Түрлі деңгейдегі құқықбұзушылықты бұлтартпай дәлелдеу мақсатында Шымкент қаласындағы демалыс орындары мен орталық көшелерінде 249 бейнеқұрылғы жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 302 бейнебақылау камералары орнатылмақ. Сондай-ақ, қаланың қозғалысы қарқынды 11 көше қиылысы интеллектуалды бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Осы құрылғылардың көмегімен тазалық пен тыныштықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Кең ауқымды қамтыған шаралар өз нәтижесін де беріп отыр.
– Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша Шымкентте барлығы 23 681 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып, тәртіп бұзушылар тиісті жазаға тартылған. Жалпы көлемі 72 миллион 366 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 33 миллион 600 мың теңгесі өндірілген, – дейді қалалық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Ғабит Жандарбеков.

Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесіне байланысты

20160902-WED 5443

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің сағат кешкі 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – олардың ата-аналарына үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуына әкеп соғады. Осыған сәйкес, мамандар қандай да бір құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында ата-аналар қауымын балаларының әрекеттерін қатаң бақылауға алуды ескертеді. Жыл басынан бері осы қағиданы назардан тыс қалдырған 2169 жасөспірімнің ата-анасы жауапкершілікке тартылғанын да атай кеткен жөн.
«Қауіпсіз қала» жобасы аясындағы «Лайықты ұрпақ тәрбиелейік!» іс-шарасы жыл соңына дейін жалғасын табады. Бұдан бөлек, жыл бойы «Жасөспірім», «Заң және құқық», «Абайлаңыз, балалар!», «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметі бақылау сапасын арттыру бағытында «Көршілер бақылауы» пилоттық жобасын жүзеге асыруда. Осы орайда, қала аумағында биыл кәмелетке толмағандар қолымен жасалған 131 қылмыс дерегі тіркелгенін айта кеткен жөн. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра алғанда, 32,8 пайызға кеміген.
Бала тәрбиесі – отбасы, мектеп, қоғамның ынтымақтастығымен ғана оңды нәтиже береді. Сол себептен де, бүгінде қалалық білім беру бөлімі де кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың жайын үнемі бақылауда ұстап, құқықтық насихаттау жұмысын белсенді түрде жүргізіп келеді.

Нашақорлық – қоғам дерті

bebbbҚазір бүкіл әлем елдері нашақорлыққа қарсы күресті ашық жариялап отыр. Себебі, нашақорлық індетінің адамзат баласына әкелетін кесапаты үлкен, зардабы өлшеусіз. Сол себепті де, қазақ елі есірткіге қарсы заңнамасын барынша күшейтті. Құқық қорғау органдарының алдына есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес аса маңызды міндет ретінде қойылды.
Статистика деректеріне сүйенсек, әлем бойынша екі жүз миллионнан астам нашақор бар. Бұл қатарда, біздің елдегі есірткі тұтынатындар саны 55 мыңнан асып жығылады екен.
Көптеген жасөспірімдердің есірткіге үйір болу себебі, достарынан ерекшеленбеу үшін немесе олардың алдында өз беделін көтеру үшін шегуден басталады. Жастар арасындағы нашақорлықтың өршуіне жастардың өмірлік қиыншылықтарды жеңе алмауын да жатқызуға болады. Наркологиялық диспансер мамандарының айтуынша, есірткі – уақытша психикалық қысымды төмендетеді. Өкінішке қарай, алғашқыда жастар оның адам ағзасына тигізетін кері әсері туралы ойламайды. Олар нашақорлықтан кез келген уақытта еш қиындықсыз бас тарта алатындарына сенеді. Бірақ нашадан психикалық және физикалық тәуелділік пайда болғаннан кейін бұл шешім кейінге шегеріле береді.
Психикалық тәуелділік тез арада пайда болады, кей жағдайда ол есірткіні тіпті бір ғана рет пайдаланғаннан кейін де пайда болады. Адамның миы есірткіні қабылдағанда пайда болатын ләззат сезімін есінде сақтап қалады да, бұл сезімнің қайталануын талап етеді. Сол себептен есірткіге үйренген адам бастапқыда пайда болған сезімді күшейту үшін оның мөлшерін күн өткен сайын көбейтуге мәжбүр болады. Кей жағдайда есірткінің мөлшерін шамадан тыс асыру мезгілсіз өлімге әкеліп соқтырады.
Сала мамандарының берген мәліметінше, биыл қала аумағында есірткімен байланысты 142 құқықбұзушылық дерегі тіркелген. Сондай-ақ, есірткіге әуестігі бар 119 адам есепке алыныпты.
Қаладағы криминагенді ахуалды тұрақтандыру мақсатында жергілікті полиция қызметі тарапынан әр аптаның сенбі, жексенбі күндері рейдтік іс-шаралар жүргізіліп келеді.
Жалпы, биыл Шымкент қаласында барлығы 17 438 қылмыс дерегі тіркеліпті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра алғанда 2,3 пайызға өскен. Дегенмен, кісі өлімі 25 пайызға, бұрын сотты болғандар қолымен қайтара жасалған қылмыс дерегі 20 пайызға төмендегені байқалады.

Шымкент – өнерді ұлықтай білген қала. Дәстүрлі республикалық көңілді тапқырлар клубының кешіне жиналған елдегі таңдаулы құрамалар сахналық қойылымдарында осы ұғымды басты тақырып өзегі етті. «Шымкент қаласы әкімінің жүлдесі» үшін өткен бұл жолғы ойындар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. «Түркістан» сарайындағы көрермендерін күлкімен көмкерген көңілді кешті Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та тамашалады.

КТК ойындарын «Қазақстан КВН Одағының» президенті Есен Елеукен жүргзіп отырды. 

Әзілкештер сайысына Семей, Орал, Қарағанды, Талдықорған, Қызылорда, Тараз, Алматы қалалары мен Оңтүстік өңірдің Шымкент, Түркістан, Жетісай қалаларынан барлығы 11 команда қатысты. 

Сәлемдесу сынында кешегі сал-серілерден қалған «соңғы тұяқтың» рөлін сомдаған семейлік «Достар» тобының ойыншысы Олжас Тұрғалидың «Бұл өмірден не пайда, Шымкентте ғұмыр кешпесең...» – деп толғануы жиналған көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. 2 сағатқа созылған әзіл сайысында командалар ой ұтқырлығы мен қағытпа қалжыңның өзіндік үлгісін танытты.

– Бүгінде айтар әзіл-қалжыңың өткір де жарасымды, шынайы болмаса, көпшілікті таңғалдыру қиын. Заман талабына сай көрерменнің талғамы өзгерген. Адамдардың көбі әзіл-қалжың мен сатиралық шығармалардың мәнін, ерекшелігін түсіне бермейді. Сол себепті, мақтамен бауыздағандай, өмірде болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды сатира арқылы, яғни ащы күлкімен жеткізуге тырысамыз, – дейді алматылық «Ханшайым» құрамасының жетекшісі Рысбала Мейрамханқызы.

Көрерменін күлкіге көміп, жанын жадыратқан жас өнерпаздар өнерін таразылау қазылар алқасына жүктелді. Нәтижесінде, әділқазылар шешімімен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Ханшайым» командасы (300 мың теңге) қала әкімінің кубогын иеленді. Ал жүлделі І орынды (200 мың теңге) Шымкент қаласының «Байдың балалары» құрамасы жеңіп алса, ІІ орын Алматының «АТУ құрамасына» (150 мың теңге), ІІІ орын (100 мың теңге) Ақмола облысынан келген «Қорғалжын» құрама командасына бұйырды. Ерекше тартымдылығымен көзге түскен «ХҚТУ тарифі» жайдарман тобының ойыншысы Бекұлан Жолдықожа ойындағы «Үздік әзілкеш» номинациясына ие болды.

Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Жас таланттарды шыңдап, жаңа табыстарға ынталандырған көңілді тапқырлар кеші алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Құтқарушы болу – ердің ісі

Пятница, 21 Октябрь 2016 08:17

Дәстүрге сай, 19 қазанда – еліміздің құтқарушылары кәсіби төл мерекесін атап өтеді. Яғни, қазақстандық құтқару қызметінің құрылғанына биыл 21 жыл толды. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласында уәкілетті орталық ретінде атқарушы орган құрылды.

ui2

Статистикалық деректер көрсеткендей, 2016 жылдың 9 айында облыс аумағында табиғи және техногенді сипаттағы жалпы саны 934 төтенше жағдай орын алған. Өткен жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3,8 пайызға төмендеген.
Орын алған келеңсіздіктердің салдарынан 449 адам зардап шегіпті. Оның 142-сі қайтыс болған. Залалдан келген материалдық шығынның жалпы көлемі 1 миллиард 588 миллион теңгені құрады.
Орын алған төтенше жағдайларды ауыздықтау мақсатында департаменттің жедел қызмет тобы 5300 мәрте оқиға орнына жетіп, 89 адамды қауіптен арашалап алыпты. Сол маңдағы 1269 адам қауіпсіз орындарға көшірілген.

Бейбіт күннің батырына баланған

«Тілсіз жаумен» күресіп, төтенше жағдайлармен арпалысу – құтқарушылардың күнделікті қызметі. Қажетті де қатерлі іске асқан тәуекелділікпен ұмтылады. Алға қойған негізгі міндеті – құтқару, сақтау және қорғау. Осындай жандардың қажырлы іс-әрекетінің нәтижесінде, аман қалған адамдар қаншама...
Жалпы, төтенше жағдайлардың салдарын жою барысында өңір құтқарушылары бірқатар ірі операцияларға белсене атсалысты. Осы орайда, құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде өз қызметтік міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарған Жедел-құтқару жасағының бес қызметкері мемлекеттік наградаға ұсынылды. Атап айтқанда, Г. Дүйсенбаев, М. Құдайбергенов,
М. Мейірбеков, С. Аширов,
А. Ташев «Ерлігі үшін» медаліне ие болған. Бұдан бөлек, құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде ерлігі мен өжеттілігін танытқан жедел-құтқару жасағының басшысы М. Түкманбетов «Төтенше жағдайлар жүйесіне енбегі сіңген қызметкер» ІІІ дәрежелі медалімен, Т. Байсариев «Төтенше жағдайлар жүйесіне енбегі сіңген қызметкер» кеуде белгісімен, Қ. Нұсқабаев «Төтенше жағдайлар қызметіне қосқан үлесі үшін» ІІІ дәрежелі төсбелгісімен марапатталған.
Бүгінде жалпы саны 2100 азамат өзіндік тәуекелі мен қиындығы мол осы салада қызмет етіп жүр.

Біліктілік – басты талап

uii1Мамандардың берген мәліметінше, бүгінде облыс аумағында 19 химиялық қауіпті нысан бар. Сонымен қатар, облыс аумағы 5-8 балдық жер сілкінісі орын алуы мүмкін аймаққа жатады. Бұл қатарда, Шымкент қаласының халқы географиялық сипаттамасына қарай күрт континентальды климатқа, гидрологиясы және жоғарғы сейсмикалығына, ыстық және құрғақ жаз бен қатты желге, өзге де бірқатар табиғи өзгерістерге бейімделген.
Жерасты су деңгейлерін төмендету үшін қала аумағында жалпы саны тік доғалы 29 бұрғы жұмыс істейді. Дегенмен, көктем кезінде мол жауын-шашынның және мұз бен қардың еруі салдарынан тұрғын үйлердің ауласын су басуы ықтимал. Әдетте, су тасқыны және су басу құбылыстары наурыздан мамыр айына дейін жалғасады. Бұл ретте, мамандар су тасқындары мен су басу қаупін туындатуы ықтимал өзендер мен каналдар қатарына Бадам, Қошқар ата, Қарасу өзендері және Шымкент, Жаңа-Шек, Жаңа-Бай, Бадам магистралдарын жатқызады.
Бүгінде өңірлік «Суда құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің штаттық құрамында 73 қызметкер, 4 құтқару станциясы, 4 құтқару бекеті жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Шардара», «Бадам», «Тоғыс» су қоймалары мен «Тұлпар» жасанды көлінде, сондай-ақ, Сырдария, Арыс және Қошқар ата өзендерінің кейбір бөліктерінде судан құтқару қызметінің құрылымдық бөлімшелері құрылған. Аталған бөлімшелер суға шомылу маусымы кезінде үздіксіз жұмыс атқарады. Құтқарушыларға жергілікті орындарда кәсіби дайындықтан өткен 163 ерікті құтқарушы қосымша көмек көрсетеді. Жаз мезгілінде балалардың сауықтыру лагерлеріне барып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы сабақтар, түсіндіру шаралары, сондай-ақ, практикалық көмек беріледі.
– Жалпы арнайы дайындық жоспары бойынша жеке құрамның жалпы дене шынықтыру жұмыстарына үлкен назар аударылады. Апта сайын тренажер залында жаттығулар өткізіліп, кросс жүгірулер, кешенді күштік жаттығулар орындалады. Құтқарушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында республикалық оқу-тәжірибе курстарына жиі жолдап отырамыз, – дейді ОҚО ТЖД басшысының міндетін атқарушы, полковник Батырғали Сопбеков.
Жасақтың басшылық құрамы жеке құрамға күнделікті алғашқы медициналық жәрдем көрсету, байланыс құралдары, арнайы құтқару жабдықтары, апаттық-құтқару аспаптары, сүңгуірлік, химиялық дайындық, түрлі рельефтерде іздестіру-құтқару жұмыстары және тағы басқа да дисциплиналары бойынша оқу сабақтары жүргізіледі.
Жеке құрамның дайындығын нығайту және климатқа сай бейімдеу мақсатында тауға шығу жұмыстары өткізіледі. Сонымен бірге, зардап шегушілерге алғашқы көмек көрсету, көлік құралдарын дұрыс таңдау, дене шынықтыру дайындығы және байланыс құралдарымен жұмыс атқару білімдері тексеріледі.

ӨҢІРЛІК ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЖАСАҒЫНЫҢ ШҰҒЫЛ ОПЕРАЦИЯЛАРҒА ШЫҒУ КӨРСЕТКІШТЕРІ

2001 жыл – 264 шұғыл операция, 5 адам құтқарылды, 1100 адам қауіпсіз орынға көшірілді

2002 жыл – 334 шұғыл операция, 287 адам құтқарылды.

2003 жыл – 789 шұғыл операция, 204 адам құтқарылды, оның ішінде 77-і жас балалар

2004 жылы – 622 шұғыл операция, 154 адам құтқарылды, оның ішінде 85-і жас балалар

2005 жылы – қыс маусымында қар құрсауынан 62 техника шығарылып, 430 адам қауіпсіз орынға жеткізілді.

2006 жылы – 944 шұғыл операцияға шықты

2007 жылы – қыс маусымында қар құрсауынан 183 техника шығарылып, 1978 адам қауіпсіз орынға жеткізілді.

Страница 16 из 37