БЕСІКТІ ДЕ, ӘЛЕМДІ ДЕ ТЕРБЕТКЕН Избранное

Среда, 05 Октябрь 2022 08:39 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2698 раз

Бұрынғы қазақ қоғамы әйел затының көш бастауын, ерлердің алдына шығып, шаруасын атқаруды қош көрмейтін еді. Уақыт өте келе заман жаңарып, заң өзгерді. Қазақ халқының санасында жаһандану, техниканы меңгерумен қатар әйелдердің іскерлігін нығайту ілгерілей бастады. Бүгінде қай салада болса да әйелдер қауымы ерлермен тең дәрежеде белестерді бағындыруда. Жуырда Шымкент қаласында өткен Іскер әйелдер форумында да бизнесте жетістікке жеткен нәзікжандылардың тәжірибесін көріп, осындай ой түйдік.

359

 

Форумды Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды. Үшінші мегаполисте осымен екінші рет өтіп жатқан іскер әйелдер бас қосуының мақсаты – кәсіпкер қыз-келіншектерге мәселені талқылау аймағын қалыптастыру және бизнестің жүйелі дамуына жол ашу. Форум
жұмысы жергілікті әйел кәсіпкерлердің төл өнімдерінен жасалған көрмеден басталды. Олардың қатарында қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер мен тәтті тағамдардың түр-түрі бар. Көрме қонақтарына ұсынылған бұйымдарды тамашалап қана қоймай, ұнағанын сатып алуға да мүмкіндік жасалды.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының дерегіне сүйенсек, Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған 95,5 мың бизнес құрылымның 52 пайызын әйелдер басқарады. Бұл республикалық 40 пайыздық көрсеткіштен жоғары.

358


Қаламыздағы табысты іскер әйелдер негізінен шағын және орта бизнесте еңбек етіп жүр. Нәзік жандылардың басым бөлігі білім беру және медицина мекемелерін басқарады. Ал қызмет көрсету саласынан сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібін дөңгелетіп отыр. Сауда және сұлулық салондары секілді қызмет көрсету салаларында ең көп жұмыс орындарын ашып отырған да осы қыз-келіншектер қауымы. Бұл әйелдер кәсіпкерлігінің санын өсіру емес, сапалы түрде дамыту қажеттігін көрсетеді. Форумда сөз алған «Атамекен» ҰКП Шымкент қалалық филиалы басқармасы төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков әйелдер іскерлігін дамыту жолында атқарылған жобалар туралы айтып өтті.
– Қазіргі таңда «Атамекен» ҰКП жанынан Әйелдер кәсіпкерлігі комитетін құру мәселесі қарастырылып жатыр. Әйелдер кәсіпкерлігі белсенді түрде қарқын алып келеді. Елімізде кәсіпкерлікті қолдау үшін көптеген мемелекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатқанымен, олардың ешқайсысында әйелдерді қолдау туралы айтатын жеке тармақтар қаралмаған. Сондықтан, 2021 жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздің барлық өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарын ашып, онда бизнеске алғашқы қадамын жасап жатқан әйелдер ғана емес, бизнесте қалыптасқан іскер әйелдер де жан-жақты қолдау мен көмекке ие болды, – деді Тимур Нақыпбеков.
Қала экономикасын дамытуға атсалысып жүрген, жаратылысы нәзік болғанымен, жеткен жетістігі таудай әйелдердің басқосуына кәсіптің әр саласында жүрген 500-ге жуық қыз-келіншек қатысып, спикерлердің табысқа жету тәжірибесін тыңдады.
Алғаш болып сөз алған Нилуфар Сайдуллаева – қыз-келіншектердің жолы жіңішке болғанымен, мүмкіндігі әлдеқайда көбірек екенін өз табысымен дәлелдеп жүрген жан. 34 жастағы кәсіпкер келіншек бүгінде жетінші сәбиін күтіп отырған бақытты ана. Бизнес-леди «көпбалалы, бала күтіміндегі ана» деген ұғым кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі емес екенін айтады.
Ол бизнесін киім сататын дүнгіршектен, кейінірек косметика дүкенінен бастаған. «Бизнес Бастау» мемлекеттік бағдарламасы тігін мектебінің ашылуына сеп болды. Мектепте Шымкент қаласының 3 мыңнан астам тұрғынына тігіншілікті үйретіп, кәсіп бастауға бағыт беріп отыр.
– Алғашқы кәсібімді осыдан 10 жыл бұрын киім сатудан бастадым. Затты көтерме сауда нүктелерінен алып, дүкенде саттым. Шыны керек, жаңадан босанған ана үшін бұл жұмыс қиынға соқты. Бала күтімімен қатар алып жүретін кәсіпті іздей бастадым. Сол мақсатта тігін курстарында білім алып, үйде жұмыс істедім. Кәсіпті жетілдіруге білімді де толықтыру қажет. Әрң қарай тігін тігуді үйрететін түрлі оқу орталықтарында білімімді жетілдіріп, біліктілігімді арттырудың нәтижесінде, міне, үлкен оқу орталығын ашып, шәкірт тәрбелейтін дизайнер-тігіншіге айналып отырмын. Біздің орталықта бүгінге дейін 3 мыңнан астам қыз-келіншек білім алып, киім тігудің қыр-сырын меңгеріп шықты. Ал Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің құрамына 2019 жылы қосылдым. Іскер әйелдер кеңесі қазір үлкен отбасы іспетті. Бұл жердегі әйелдердің үлкен командасы бір-бірімен тәжірибе алмасып, бағыт көрсетеді. Сондықтан, құрметті қыз-келіншектер, ізденуден, үйренуден жалықпаңыздар. Қай жаста болсаңыз да, қандай жағдайда болсаңызда да мақсат жолында аянбай еңбек етсеңіз, кез келген кедергі сізге тәжірибе жинауға мүмкіндік береді және биік шыңдарға жетелейтін баспалдаққа айналады, – дейді Нилуфар
Сайдуллаева.
Шымкентте шағын және орта бизнестің басым көпшілігін әйелдер басқарып отырғанын қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов те атап өтті.
– Шымкент қаласы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша кадр шеберханасына айналды. Бұған Алма
Архабаева жетекшілік ететін Іскер әйелдер кеңесі үлкен көмек көрсетуде. Қаламыздың іскер әрі кәсіпкер әйелдері бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен кәсіпкерлігін дөңгелетіп отыр, – деген ол жиынға қатысушыларға қай салада болмасын кәсібінің өркендеуіне сәттілік тілеп, бірқатарын Шымкент қаласы әкімінің алғыс хатымен
марапаттады.
Шымкент қаласының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаеваның сөзінше, шаһарда бизнеспен айналысуға ниетті әйелдердің саны күннен күнге өсіп, бүкіл саланың дамуына септігін тигізуде.
– Бұл форум көптеген пайдалы ақпарат алмасу үшін ашық сөйлесу алаңы бола алады. Біз қалалық Іскер әйелдер кеңесі кәсіп бастаған әйелдер қауымын барлық жағынан сүйемелдеуге, кеңес беріп, бағдар алу үшін қолдауға дайынбыз, – дейді кеңес төрайымы.
Алма Архабаеваның өзі іскерлігімен әрі көшбасшылық қасиетімен кәсіпкер әйелдер арасында жоғары беделге ие. Ол отбасында бақытты жар, көп балалы ана, ірі кәсіпорын иесі. Айтуынша, бизнесті жалғыз жүргізгеннен топпен бірлесе атқарған әлдеқайда тиімді. Сондықтан Аалма Архабаева іскер әйелдердің басын қосатын, енді кәсібін бастағандарға бағыт беретін «IS QOLDAU» жобасын ұсынды. Жоба халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын кәсіпкерлікке баулитын ресурстық орталық болып табылады. Оған Шымкент қалалық Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері қолдау көрсеткен.
– Ресурстық орталықты құру арқылы біз, ең алдымен, өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмектесуді жоспарладық. Бұған көп балалы және жалғызбасты аналар, үйде отырып кәсіппен айналысқысы келетін, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналар, кәсіпкерлікке қызығатын жетім қыздар мен балалар үйінің түлектері жатады. Жалпы, шағын және орта бизнестің кез келген өкілі кәсібін жүргізуде қиындыққа кезігуі әбден мүмкін. Орталықта кез келген әйел заңгерлік кеңес және психологиялық көмек алып, авторлық бағдарлама бойынша бизнес бастауды тегін үйренеді. Біз әр қызмет алушының қолынан жетектеуге әзірміз. Ол үшін қыз-келіншектердің алға қойған мақсаты мен кәсіп бастауға деген жігері болуы керек, – дейді Алма Архабаева.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау басқармасы мамандарының мәліметінше, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 2022 жылы 33 500 азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланса, бүгінде 28 639 тұрғын жұмысқа жолданған. Оның ішінде 17 892-сі – әйелдер. Биыл шаһарда өз ісін бастағысы келетін 610 азаматқа қайтарымсыз түрде 400 АЕК грант берілсе, оның 430-ы қыз-келіншектер. Олар конкурста дайын тағамдарды сату, кондитерлік өнімдерді даярлау, тігіншілікпен айналысу, сүт өнімдері мен балалар ойыншықтарын жасап шығару секілді жобаларын ұсынған.
Жалпы, жыл басынан «Бизнес бастау» жобасы шеңберінде 6 805 қыз-келіншек оқуға жолданса, 4 888 нәзік жанды бос және жаңа жұмыс орындарына орналасқан. Қысқа мерзімді 3 айлық оқу курстарына қатысып, жаңа мамандық игерген әйелдер саны – 1 143. Сонымен қатар, «Осал топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындар», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» сынды өзге де бағдарламаларға қатысқан қыз-келіншектер бар. Осы көрсеткіштерден аңғарғанымыздай, қазіргі таңда әйелдердің экономикаға белсенді араласуы жоғарылап келеді.
Заңғар жазушы М.Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегені сол бесікті тербететін әйелге тікелей байланысты айтылса керек. Қай уақытта да аналардың арқалаған жүгі жеңіл болған емес. Сондықтан, әйелдердің іскерлігін ілгерілетудің, кәсіпкерлікке бейімдеудің жөні бөлек.