Қазақ баласынан кем емес

Пятница, 24 Апрель 2015 05:51 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5100 раз

Шымкентте мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері көп. Соның бірі – Александр Есиков. Ол М. Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №8 гимназияның 10 сыныбында оқиды. Александрдың қазақ тілге жүйріктігі кез келген қазақ баласынан кем түспейді. Мемлекеттік тілді жетік біледі.

015Содан болар, орыс баласы қазаққа тән болмысымен дараланады. Сынып жетекшісі Динара Қарабаева оның ізденімпаздығы мен еңбексүйгіштігін жоғары бағалайды.
Анасы Татьяна Владимирқызы қазақ елінде тұрып, осы елдің азаматы болған соң, мемлекеттік тілді білу қажет екенін түсінсе керек. Ол баласының болашағына ерекше көңіл бөліп, 3 жасынан бастап, қазақ балабақшасына береді. Александр қазақ балаларымен күнделікті сөйлесіп, бірге ойнап жүргендіктен бе, ана тілімізді қиындықсыз үйреніп алады. Ата-анасы оның орысшадан гөрі, қазақ тіліне жетіктігін байқап, балабақшадан соң, қазақ мектебіне береді. Тіл білгенінің арқасында оған жергілікті халықпен тіл табысу, түсінісу оңай болды. Ал, орыс баласының қазақ тіліне жетіктігін көрген қазақтар да Александрға дән риза.
«Мені қазақ мектебіне берген ата-анама алғыс айтамын. Өйткені, тілдік қорымды дамытып қана қоймай, қазақы тәрбие алдым. Әке-шешем мені «Ел мен жер – қазақтардікі. Олар бізге құшағын ашып қана қоймай, бүгінге дейін бізді бауырындай көріп келеді. Сондықтан соған лайықты болуың керек» деп тәрбиеледі, – дейді ол.
Александрды достары Саша деп атайды. Сыныптастары Абылай Кеңесбеков, Дина Бекмұратова, Қыранбек Қабыл оны мақтан тұтады.
Александр Отанды сүю, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, Ата Заңды ардақтау, қазақ тілін терең меңгеру – барша ұлттың міндеті деп түсінеді. Мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілі Қазақстанда тұратын барша халықтың тіл табысып, тату-тәтті тұрмыс кешуінің бас­ты тетігі болуы тиіс деп есептейді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.