Жаңа жыл мерекесінде 8 бүлдіршін түрлі жарақатпен, облыстық клиникалық балалар ауруханасына түскен. Оның екеуінде жарақат жеңіл-желпі болғандықтан, үйіне қайтарылыпты. Жалпы, дәрігерлердің айтуына қарағанда, мерекені қарсы алу кезінде балалар арасында болатын мұндай жағдайлар қатары өткен жылдарға қарағанда азайып келеді.
Мешін жылы біраз ата-ананы әбігерге салды. Қытайдың арзанқол пиротехникалық өнімінсіз мерекенің сәні келмейтін отбасылар үшін қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады. Қауіпсіздік шараларына мән бермей, үлкендер жағы балаларының қолына сапасыз дүниені бір-бірден ұстатып қоятыны өкінішті-ақ. Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаевтың айтуынша, осындай жағдаймен ауруханаға алты бала жатқызылған. Оның төртеуі күйік бөлімінде, ал екеуі офтальмология бөлімінде ем алып жатыр.
Дәрігерлер жаңа жыл мерекесі қарсаңында түрлі жарақатпен келетін балалар қатарының азайғанын айтады. Мәселен, былтыр 24 бала тіркелген екен. Бұл – бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан пиротехникалық заттардың қауіптілігі туралы көптеп насихатталып, ата-аналардың да қауіпсіздікке көптеп мән бере бастағанының нәтижесі.