Өз кәсiбiнiң шеберi

Среда, 17 Февраль 2016 06:01 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5467 раз

Бүгінгі таңда электрик мамандығына деген сұраныс жоғары. Кез келген салада орны бар. Электриктің жұмысы қауіпті болғанымен, қазіргі кезде осы мамандықты игергісі келетіндердің көптігі де көңіл қуантады. Сондай жастардың бірі – Айдос Бекназаров. Ол «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-нің Әл-Фараби аудандық электр тарату жүйесінде бес жылдан бері электрик-монтер болып жұмыс істейді.

DSC 0053Халық арасында «Электрик пен сапер өмірінде бір-ақ рет қателеседі» деп жиі айтылады. Расында да, қателесуді кешірмейтін, аса ұқыптылық пен сақтықты талап ететін мамандықтың бұл түрін Айдос мектеп қабырғасында жүргенде-ақ таңдапты. Мектепті тәмамдаған соң, әкесімен ақылдаса келе, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің энергетика факультетіне оқуға түскен. Бала кезінен сымдарды қуат көзіне қосып, аспа шамдарды ешкімнің көмегінсіз-ақ іліп, осы мамандықтың қыр-сырын біртіндеп үйрене бастаған. Жоғары оқу орнын бітіре салып, жұмысқа орналасқан. Айдостың айтуынша, жұмысқа тұру тіптен қиын. Өйткені, жұмысқа қабылдану үшін арнайы емтихан тапсырады. Онда білікті мамандар «болдым-толдым» демейді. Электриктер білген-түйгенін тағы бір пысықтап алу үшін жылына екі рет сынақтан өтеді.
Айдостың міндеті – төтенше жағдай орын алған аумақтарды анықтау, тексеру және қалпына келтіру. Бүгінгі таңда өмірімізді электр энергиясынсыз елестету өте қиын. Электр жарығы сөне қалған жағдайда дегбіріміз қашып, тиісті орындарға хабар береміз. Табиғаттың тосын мінезі де электр желілеріне зақым тигізуі мүмкін. Мұндайда Айдос арнайы киімін киіп, электр бағанасына шығады. Тіпті, электр тогын өткізбейтін аяқ-киімі де бар. Ал оның сыртынан салмағы 4 келідей болатын темір құрсау киеді. Ол бағанға кедергісіз өрмелеп шығуға мүмкіндік береді.
– Біздің жұмысымыз өте қауіпті. Жоғары кернеулі бағандарға шыққан кезде, барынша сақ болуымыз қажет. Әсіресе, ауа райынан келер қауіп-қатер көп. Мәселен, жаңбыр жауғанда ток өткізгіштік екі есеге дейін артады. Сол үшін кез келген іске кірісерде, арнайы формамызды киеміз. Жалаң қолмен жұмыс істеуге тағы болмайды. Бұл ретте электр тогымен жұмыс істеуге арналған қолғабымыз бар. Апат болған нысанға барғанда кран, манипулятор, автовышка, рация секілді техниканың көмегі зор, – дейді А.Бекназаров.
Қазір Әл-Фараби ауданы бойынша электр тарату жүйесінде 40 шақты электрик жұмыс істейді. Кейін келген жас мамандар да жеткілікті. Бұл да болса құптарлық әрі қуантарлық жағдай. Өз ісіне әбден төселген Айдос тәжірибесі мол Сержан Мырзакелдиев, Құрманғазы Мырзабеков және Рафкат Камалов секілді кәсіби мамандардан көп нәрсе үйренді. Осы ретте ол мектеп бітіруші түлектерді энергетика саласында қызмет етуге шақырады.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.