Иесiз иттен сақ болыңыз

Пятница, 29 Апрель 2016 06:39 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7212 раз

22 сәуір күні Шымкент қаласының 64 жастағы тұрғынын көршісінің қабаған иті талап тастады. Зейнеткер оқиға орнында көз жұмды. Қабаған ит өлтіріліп, денесі сараптамаға жіберілді. ҚР Әкімшілік Кодексі бойынша, ит иесіне 10 АЕК (21 210 теңге) айыппұл салынады. Кейін белгілі болғандай, көршілес үйлердің арасында қоршау жоқ және қабаған ит бос жүрген.

Осы оқиғадан соң, иті бар әрбір азаматтың жауапкершілігінің артқаны жөн. Өйткені, олардың өзге адамдардың да өміріне жауапты екенін сезінуі қажет. Айта кетейік, облысымызда 2013 жылдан ит пен мысық асырау және оларды серуендету Қағидалары бекітілді. Құжат Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес әзірленген және осы ретте облыстық мәслихаттың шешімі шығып, Әділет департаментінде тіркелген. Бұл ережелердің қызметтік иттері бар, қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау және құтқару қызметін атқаратын кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелерден басқа, ит пен мысық асырайтындарға да қатысы бар. Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринарлық бөлімі басшысының орынбасары Төреәлі Жұбановтың айтуынша, ит пен мысық асырағандар көршілеріне зиянын тигізбеуі шарт.
Сонымен қатар, тек үй жануарлары ғана емес, көшеде иесіз жүрген ит пен мысықтардың да келтіретін залалы көп. Мәселен, олар адамды тістеген кезде құтыру ауруын жұқтыруы мүмкін. Осы ретте, Шымкент қаласында қаңғыбас ит пен мысықтарды аулап, жою үшін жергілікті бюджеттен 38 млн теңге бөлінген. Бүгінгі таңда қала бойынша барлығы 11 мың 700-ден астам ит пен мысық жойылып, комиссия мүшелерінің қатысуымен «Беккари» шұңқырында залалсыздандырылды. Биылғы жылдың үш айында иттерді құтыру ауруына қарсы бақылауға алып, 781 ветеринариялық анықтама берілген.
Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі жануарлар мен адамға ортақ аусыл, құтыру, күл секілді 15 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы екпе егеді. Сондай-ақ, қан сынамасын алу, кенеге қарсы көктемгі және күзгі заласыздандыру іс-шаралары, қаңғыбас ит пен мысықтарды аулау жұмыстары мемлекет бюджеті есебінен тегін жүргізіледі. Айта кетейік, кенеге қарсы залалсыздандыру тек малы бар және ауыл шаруашылығы жануарларын ұстауға арналған қоралары бар үйлерге ғана жасалынады.
Құтыру ауруына қатысты мамандардың пікірі көңіл көншітпейді. Біздің облысымызда аурудың эпизоотиялық жағдайы нашар. Облыстық «Ветеринарлық зертхана» мекемесінің мәліметі бойынша, өткен жылы 194 патологиялық материалдар құтыру ауруына тексерілген. Екі сынама оң нәтиже берген. Мәселен, Сарыағаш ауданында 1 ит пен 1 шиебөрі, Қазығұрт ауданында 1 мүйізді қара мал, 1 ит, Шымкент қаласының Еңбекші ауданында 2 ит, Отырар, Сайрам, Төлеби аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларында бір иттен, ал Ордабасы ауданында бір мысықтан құтыру ауруы анықталыпты.
Облысымызда ит, мысықтан және өзге де жануарлардан жарақаттанған адамдардың қатары азаймай отыр. 2015 жылы 15 387 адам дәрігерлерден көмек сұрап келген. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 16 398-ді құраған. Мамандардың айтуынша, аурудың 60 пайызы иттен, 24 пайызы түлкіден, 10 пайызы мысықтан, қасқыр және басқа да жануарлардан жұғады. Әсіресе, иесі жоқ ит пен мысық қауіпті. Сондықтан оларды аулау жұмыстары қолға алынған. Қазір ит аулайтын 7 бригада жұмыс істеп жатыр.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.