Ұмытылған ұлттық тағамдар

Пятница, 29 Апрель 2016 07:58 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 10650 раз

байқауда кеңiнен насихатталды

Қазақстан 150-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет. Еліміздің сан алуан мәдениет, дәстүр мен салтқа бай екені, әсіресе, 1 мамыр мерекесі қарсаңында айқын көрінеді. Қонақтар жайма қосылған қазақтың ұлттық тағамы еттен, мейіз бен асбұршақ араластырылған өзбектің палауынан, татардың учпучмак тағамдарынан дәм татады. Бұл бір шаңырақ астындағы халықтар мәдениеті мен дәстүрінің біте қайнасқанының көрінісі болса керек.

DSC 0261Жуырда №6 колледжде қазақ ұлттық асханасының ұмыт қалған тағамдарының аудандық байқауы өтті. Конкурсқа қаланың әртүрлі мекемелерінде, колледждері мен жоғарғы оқу орындарында жұмыс істейтін аспаздар қатысты. Олар көрермендер назарына ұлттық тағамдарды ұсынды.
– Біздің мақсатымыз ұмыт бола бастаған ас-ауқат түрлерін көпшілікке таныстыру. Тарихтың қайнар көзіне оралу арқылы ұлттық қазақ асханасының көпғасырлық дәстүрлерін қайта жаңғыртамыз, қазақ халқының мәдениеті мен салтын насихаттаймыз. Сондай-ақ алдағы «EXPO» халықаралық көрмесіне кадр даярлауды мақсат еттік. Демек, үздік аспаз осындай ауқымды шара барысында жұмыс істеу мүмкіндігін алады, – деді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев.
Көрермендерді колледж оқытушысы Перизат Ілиясованың өнері таңдандырды. Ол өзі әзірлеген әрбір асты қазақтың аңыз, ән-күйлерін мысалға келтіре отырып баяндады.
– Ежелден қазақ асханасы өзіндік технологиясымен ерекшеленеді. Бүгін көпшіліктің назарына қазақтың жеңсік асын ұсындым. Ең қадірлі қонаққа әрқашан ерекше әдіспен дайындалған қойдың басы әкелінеді. Шырындылығы сақталу үшін мен оны қамырдың бөлігіне орап пісірдім. Ал ер адамдар сүйіп жейтін әсіпті шағын шұжыққа ұқсатып өзгеше тәсілмен әзірледім. Біздің шәкірттеріміз осы тамақты істегенді жақсы көреді, – дейді ол.
Айта кетерлігі, студенттер сабақ кезінде қазақтың тағамдарын ғана дайындап қоймайды. Олар украиндардың үзбе қамырын, итальяндық лазань, француздың гратенін де дәмді етіп пісіреді.
«Ақ дастарқан» кафесінің жұмысшысы Сағипа Шалқарқызы конкурста ет тағамын қойды. Дәстүрлі ас таңдай қақтырады. Оның қаймақ пен қымыз араластырылған қамырдан істеген бауырсақтары тіпті керемет!

aspaz

«Ауылым» кафесінің әкімшісі Ләззат Жаппасбаева өз шеберлігінің құпияларымен бөлісті.
– Көшпенділердің қай кезде де қорегі сырбаз тамағы болған, – дейді аспаз. Жас бұзаудың етін үш күн бойы қымызға бұқтырып, кейін ыдысымен ыстық құмның арасына қойып, дайын болған соң жеген. Бауырсақты да өз әдісіммен пісірдім. Жұқпа нанға тұзсыз қамыр пайдаландым. Нанның бұл түрінің ерекшелігі, бірнеше апта сақталады және балғын күйін жоймайды. Ал №6 колледждің өндірістік оқу шебері Жәмила
Меңтаеваның дайындаған тағамдары тіптен бөлек. Құрғақ жемістерден жасаған композициясын «Менің Қазақстаным» деп атапты.
– Қақталған қауын ағзаға өте пайдалы. Ал жиде ұзақ өмір сүрудің белгісі саналады. Оның жемісі көптеген ауруға ем екенін білетіндер некен-саяқ. Оңтүстікте танымал жаңғақты жердің құнарлылығының белгісі, ал қызыл шетенді көктемгі қызғалдақ есебінде ұсындым. Бұрынғы уақытта әйелдер балалары үшін талғажу еткен тез дайындалатын тамақ туралы көбінің есінде жоқ та шығар. Ол үшін ыстық күлшені бірнеше бөлікке бөліп, майға аралстыру керек, – деп түсіндірді ол қатысушыларға.
Қазақ тағамдары туралы мәліметтерден басқа да пайдалы дүниелерге қанықтық. Конкурстың басты шарты тамаққа қосылатын өнімдер отандық болуы тиіс. Шараның нәтижесін шығарған қазылар алқасына әділ шешім қабылдау оңайға соқпады. Бірауыздан бірінші орынға Жәмила
Меңтаеваны лайық деп таныды. Екінші орынға Гүлімхан Кенжаева ие болса, үшінші орын Перизат Ілиясоваға бұйырды. Олар енді қалалық конкурста кәсіби шеберліктерін дәлелдеуі тиіс.

Последнее изменение Вторник, 03 Май 2016 08:48
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.