Айтұрған Темiрова: «Әлияның рөлi – ең ерекше, ең қадiрлi рөл»

Пятница, 06 Май 2016 11:09 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4785 раз

Былтыр Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 90 жыл толған. Жау оғына кеудесін төсеп, Отан үшін отқа түскен қазақтың қаршадай қызы – тұтас ұлттың рухын көтеретін ұмытылмас ерлік иесі. Осы қысқа ғана тағдырлы ғұмырдың көркем туындыдағы көрінісі – 30 жыл бұрын түсірілген «Мергендер» фильмі. Қырғыз режиссері Болот Шәмшиев түсірген Әлияның өмірі мен ерлігі туралы фильмде басты рөлді қырғыз актрисасы Айтұрған Темірова сомдаған болатын. Бүгінгі ұрпақ Әлияның бейнесін тек мұрағаттарда сақталған бірді-екілі суреттері және осы фильмдегі Айтұрған сомдаған кейіпкер арқылы біледі. Әрі қарай Әлия туралы терең толғаныстарды қырғыз актрисасының өз сөзімен келтіруді жөн көрдік.

2014-01-22 14-22-01 607126 w– «Әлияның өмірбаяны бір атылған оқ сияқты қысқа» деп жазған бір автордың сөзі менің кейіпкерімнің тағдырын тура суреттеген секілді. Менің фильмографиямда Әлияның рөлі – ең ерекше, ең қадірлі рөл. Әлияның суретін алғаш рет көргенде: «Мен әскери формада қашан суретке түстім?» деп қатты таңғалғаным бар. Екеуміз судың екі тамшысындай ұқсас екенбіз!.
... 2013 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында мені Астанаға шақырып, мемлекеттік награда тапсырды. Кеудеме ІІ дәрежелі «Достық» орденін таққан туысқан халықтың осыншалықты зор құрметіне риза болдым. Сол кездегі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза мені сахнаға шақырып жатып: «Ол біздің Әлиямызды керемет сомдады!» деді. Қазақ халқының мәдениетіне кішкентай ғана үлесімді қосқаным үшін маған алғыс білдірді.
... Қазақ ұлты неге мені осы образда құрметтейді, неге мені осы образда жақсы көреді деген сұраққа көп ойландым. Сосын түсіндім: осы фильмге түсер алдында Әлияның өмірін, ерлік жолын көп зерттедім, елге жазған хаттарын оқыдым. Оның жазған әр хатының әр жолындағы жасырынған сезімдерді сездім, түйсіндім, Әлияның таным көкжиегін, оның қазақ еліне деген махаббатын, оның армандарын көрдім. Әлияның дәл сол сәтте басқа жолмен жүре алмайтынын түйсіндім. Оның тағдыры еді бұл. Мен Әлияның қағаздағы өмірін зерттеп ғана қоймай, соның кейпіне түсіп, көркем фильмдегі «майдан даласына» шықтым. Әлия кигендей ауыр шекпендерді, ауыр аяқкиімдерді киіп, зіл батпан қаруды асынып, қақаған қыста, шіліңгір шілдеде жер бауырлап жатып, «жаумен соғыстым». Сол образда фильмге түскенде тұтас жан-жүйеммен, санаммен Әлияның рухымен, Әлияның образымен өмір сүрдім. Және түсіндім: сондай сұрапыл жылдары Әлиядай қайсар адам басқаша әрекет ете алмас еді.
Әлия мен үшін жәй ғана кейіпкер емес, оны соғыс жылдары қару асынған көп жауынгердің бірі деп те жәй айта салуға болмайды. Ол өз Отанын, өз елін, өзінің туған-туыстарын шексіз жақсы көрген, жүрегі нәзік, көңілі үмітке толы әдемі бойжеткен еді, ол соғыста жүр екенмін деп өзінің нәзік болмысын жоғалтқан жоқ, жанының тазалығын сақтады!..

 50282528 moldagulova an  2-60964

Бүгінде үйімнің төрімде Әлияның портреті ілулі тұр. Оны маған белгілі қырғыз кинорежиссері Мелис Убукеев берген болатын. Қазақтың белгілі суретшісі салды деген еді. (Дәл қазір автордың аты-жөнін ұмытып тұрмын). Ол сурет маған «Мергендер» фильміне түскен кездерді есіме салады, Әлияны есіме салады.
...Қазақстандық «Кеш You» тобы «Мергендер» фильмінің кадрларын пайдалана отырып, «Әлия» әніне бейнебаян түсіріпті. Ол бейнебаянды алғаш рет Чехияда жүргенімде көрдім. Әншілер менің электронды поштамды тауып алып, клипті жолдапты. Әуелгіде оны электронды спам шығар деп ойладым, ашып қарағанда өз көзіме өзім сенбедім. Бейнебаяннан осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын Әлияның рөліндегі өзімді көрдім. Жылап жібердім. Себебі сол фильмге түсер кездегі көп қиналғаным көз алдыма келді. Маған Әлияның образына ену де, ол образдан шығу да өте қиын болды. Себебі терең мағыналы, сонысымен де әрі қадірлі, әрі ауырлау рөлдерге ену қаншалықты қиын болса, шығу да соншалықты ауыр болады. Сол күндер есіме түсті. Менің жан дүниемде ұзақ жылдар бойы өмір сүрген Әлияның қиындау тағдыры есіме түсті. Сондықтан осы бейнебаянды көрсем, тамағыма өксік тығылады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.