Берлинге дейiн барған...

Пятница, 06 Май 2016 11:04 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4711 раз

«...Даланы қанмен суарған сұм соғыс өртінің шарпып тұрған шағы. Кескілескен ұрыс. Әрлі-берлі ысқыра зулаған ажал оқтары төбеден бұршақтай төгіп тұр. Жан-жақта жан тәсілім еткен жауынгерлерде есеп жоқ. Кеше ғана немістер бой тасалаған окопта бүгін Мүрсәлі қасындағы қырғыз майдандасымен бірге өздеріне үңірейген ұңғысын бағыттап, жер-дүниені дүр сілкіндіріп жылжып келе жатқан жау танкісінің жақындауын күтіп жатыр. Оның қарсы алдынан ашық шығып, «ашуын басу» ақылға қонымсыз. Одан да айла-әдіске көшіп, қалайда асауға тұсау салудың амалын іздеген жөн. Түрінің өзі сұсты көрінетін танк дәл бұлардың бұғып жатқан жерін үстінен гүрілдеп басып өтті. Төбесінен таудай болып өткен танктың артқы жағынан дәлдеп тұрып лақтырған граната «тажал темірдің» үнін өшірді. Дәл осындай амалмен немістің тағы бір танкісін өртке орады...»

berlingeӘкем Мүрсәлі Татипановты соғыстағы осы ерлігі үшін «Даңқ» орденімен марапаттаған екен. Мұны әкем бізден басқа ешкімге мақтанып айтқан емес. 1910 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген ол соғыс басталғанға дейін шахтада жұмыс істеп, 1942 жылдың 10 қаңтарында өзінің сұрануымен майдан даласына аттанды. Жалғыз ағасы Зыкиді амалын тауып соғыстан қалдырып, өзі кеткен.

Әкем аса әңгімешіл болмады, майдандағы ерліктерін де мақтанып айтуды құп көрмейтін. Дегенмен, соғыс салған жан жарасы сыздатса керек, кей-кейде естеліктер тізгінен босатып отыратыны бар еді. Оның «Ерлігі үшін» орденін қалай алғандығы жөнінде айтқандары ойыма оралып отыр. Әкемнің қызмет еткен полкіне немістерден «тіл» әкелу тапсырмасы беріледі. Бұл өте қиын да, қауіп-қатерге толы шаруа екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен, бұйрықтың аты бұйрық, өміріңді де тәуекел етуге тура келеді. Абырой болғанда бұл тапсырманы мүлтіксіз орындау әкемнің маңдайына жазылған екен. Асқан ептіліктің арқасында жаудың күдігін тудырмай, бір немістің дымын шығармай ұстап алып келеді. Олжа деп осыны айт, әлгі немістің асынып алған сөмкесінен жаудың жоспарынан хабар беретін өте маңызды құжат табылыпты. Осының арқасында бірнеше күн жаудың аңдысын аңдып, жоспарларынан бейхабар болған біздің әскер үшін құпия ашылып, шабуылға шыққан. Мұның соңы жауды кейін шегіндірумен аяқталған. Осы кескілескен ұрыста әкем аяғынан қатты жарақат алып қалыпты. Ашық далада алған жарақатынан жүре алмай, еңбектеген күйі бірнеше сағат алға жылжып, окопқа жетіпті. Сол жерде жатып аздап ес жиған соң байқайды, біздің солдаттар жаралыларға жәрдем беріп жүр екен. Бірақ, тапсырма солай болған шығар, әйтеуір солдаттар жаралылардың арасынан тек офицерлерді ғана іріктеп арбаға салып, госпитальға жөнелтіп жатыр екен. Қатардағы жауынгерлердің жанына да жоламайды. Мына әділетсіздікке күйіп кеткен әкем ашуға булығып, қолындағы автоматымен аспанға атып, солдаттарды да емдеуге алып кетпесе атып өлтіретінін айтып, қорқытыпты. Жат жерде, белгісіз жағдайда кімнің өлгісі келеді дейсіз, барлығының да зарыға күтіп отырған отбасылары бар. Осындай талапшылдығының арқасында өзі де, өзі секілді біраз жауынгерлер де бір ажалдан аман қалыпты.

Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі деген рас екен. Аяқтан алған жарақаты жазылғасын қайта майдан даласына аттанады. 1943 жылдың 26 қазанында жау оғы әкемді екінші рет қарын тұсынан қатты жарақаттапты. Бұл жолы Ленинградтағы госпитальде емделіп, екі айдан кейін қайта ұрысқа кіріседі. Соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан әкем 3-Белоруссиялық майданда, 240-гвардиялық атқыштар полкінде, 2-атқыштар батальонында болып, Варшава, Сталинград, Будапешт және басқа да қалаларды азат етуге қатысқан. Ең соңы Берлинге дейін барып, Рейхстагқа тігілген тудың куәсі болған екен. «Берлинді алғаны үшін» медалі осы кезде берілген. Мергендігімен де көзге түсіп, «Үздік пулеметші» гвардиялық белгісін еншілеген. Жалпы алғанда, соғыстағы ерлігі үшін берілген орден-медальдары 15-20-ға жуықтайды.

Сұм соғыс аяқталғаннан кейін елге аман-есен оралған әкем Мүрсәлі Құдай қосқан қосағын жолықтырып, онымен шаңырақ көтеріп, 8 перзент тәрбиелеп өсірді. Майданда болғанын ешкімге міндет етпестен, өзіне айрықша құрмет көрсетілуін талап етіп ешқайда шағымданбастан, қарапайым ғана, қоңыр тіршілік кешіп, көрші ауданнан халыққа нан тасумен айналысты. Әділдігінің арқасында он шақты жыл Жаңаарқа аудандық сотында халық қосшы биі (народный заседатель) қызметін атқарды. Шешем болса қатардағы сауыншы. Екеуі де байлықтың соңына түсіп, дүние қуған жоқ. Тапқан-таянғандары қара нан мен қара суға, үстімізге іліп алар шүберекке жетсе, соған да қанағат етіп өтті. Бірақ, бала тәрбиесіне селқос қарамады, қатты мән берді. Қыз балалардың тәрбиесін негізінен шешеме сеніп тапсырып, өзі ұл балдардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Әкемнің «біреудің ала жібін аттамаңдар, аққа жақ, әділ болыңдар» деген аманаты әлі күнге дейін санамда сақталып қалған. Міне, жауапты да, қиын судьялық қызметті атқарып келе жатқаныма сегіз жылға жуықтаса да әлі күнге дейін әр іс қараған сайын әкемнің әлгі сөзі құлағымда жаңғырып тұрғандай болады. Адам тағдырына төрелік айтатын маңызды мамандық иесі ретінде маған әкемнің бұл аманаты өміріме бағдаршам болумен келеді.

Светлана МҮРСӘЛІҚЫЗЫ
ТАТИПАНОВА – ИМАНҚҰЛОВА,
Түркістан қалалық сотының судьясы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.