Тал-теректердi жайқалтып...

Среда, 11 Май 2016 03:31 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3963 раз

Ол – Жер-ана табиғатқа, қоршаған ортаға сергек қарайтын жан. Өзі тұрған мекенге, қала тазалығына бөлек көзқарас танытатынын ісімен дәлелдеп жүр. 21 шағынаудан тұрғыны Нұрлан Айтбаев өз ауласына, демалыс орындарында тал-теректер отырғызып, оларды күтіп ұстауды әдетке айналдырған. Қала тазалығына жанашырлықпен қарайтын азамат осындай-ақ болсын.

DSC01527Табиғат қорғаушысы бұны жас кезінде көрген тәрбиеден деп біледі. Он жылдан бері көктем және күз айларында тазалыққа белсене үлес қосады: тал отырғызады, жерсіндіреді, топырақтың сапасын қадағалайды. Одан қалса зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Бәрі де өзінің ынта-ықыласымен. Жұмыстан босай қалғандағы әдеті осы. «Қошқар ата» өзені бойын көгалдандырып, абаттандыруды жалғыз өзі-ақ атқарып келеді.
– Өзім осы жерде тұрамын. «Тұрған мекеніңді таза ұста» деген ата-бабалар сөзі жадымнан шықпайды. Өзеннің айналасында жеті бұлақ көзі бар. Жылда солардың көзін ашып, өзімнің перзенттерім, аула балаларымен бірге абаттандыруға атсалысамыз. Бейқам жүре алмаймын, – дейді Нұрлан Айтбаев бұл ісінің мәнін түсіндіріп.
Бұл ісін 2006 жылы бастаған. Он жылдың ішінде ағаштар саялы орынға айналыпты. Бүгінде шағынаудандағы бұлақ суы бойында, «Шымкент келбеті және Панорама Шымкента» газеттері аллеясы жанынан өтсеңіз бұған анық көз жеткізесіз. Мұнда тал-теректердің он екі түрі көгеріп-көктеп тұр. 200-ден астам ағаш Нұрекеңнің өз қолымен отырғызылған. Олардың қорғаушысы да өзі.
Ойын балаларының қарап жүрмей ағаштарды сындырып, бүлдіріп кететін жағдайлары да жоқ емес. Ондайда талдарды қайта отырғызуға тура келеді. Мұны да сабырлықпен, өз ісіне ұқыптылығымен атқарудан жалықпайды. Бұдан бөлек, өнбей жатқанын дәрілеп, «емдейді» де екен. Осы күні тазалық жаршысы жаңа шағынаудандардың да көркеюіне үлес қосып жүр.
Бұл ісі мақтаныш немесе міндет қылу үшін де емес. Басты ниеті – табиғатқа деген ішкі экологиялық көзқарасында болса керек. Экологияны ішкі сезімімен сезіне білуде. Адам әуелі табиғатқа деген көзқарасын түземесе, қоршаған ортамен қарым-қатынасы да түзелмек емес. Табиғат жанашыры осыны алға тартады.
Біле білсек, Нұрлан Ергенұлы – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Биология ғылымдарының кандидаты. 1991 жылы К. Тимирязев
атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. Өзінің зерттеп жүрген тақырыбы да – гендік инженерия бағыты. Қазір «Мирас» универсиетінде «Биотехнология, гендік инженерия» пәнінен шәкірттерге дәріс береді.
Екі қыз, бір ұлы да қолғабыс етуге жарап қалған. Кешқұрым саябаққа барғанымызда үлгілі әке оларды да тал-терек отырғызуға, қоршаған ортаны таза ұстауға тәрбиелеп жүргеніне куә болдық. Менің жұмысым емес деп селқостық танытуды хош көрмейтінін аңғардық.
Жалпы, әр адам бірінші өзінен бастау керек. Әр адам өзі жақсы болса, оның айналасындағы адам да жақсы болады. Өзі жақсы болса, оның перзенті де сол ізімен жүреді.
– Ауламызды таза ұстау өзімізге байланысты. Тазалық отбасынан басталады. Қазақта «Жер-ана» деген сөз бар. Тұп-тура айтылған сөз. Бәрін жерден алып жатырмыз. Елбасы әлем елдері алдында жариялаған өзінің манифесінде «Мемлекеттер әр түрлі, ал жер біреу» деді. Жерге Отан ретінде қарасақ келешекте жастарымыз патриот болады, – дейді өзі.
Кейіпкеріміз осылай ой айтты. Өзінің айтуынша, бір күндік, екі күндік акциядан қоғам өзгермейді. Күнделікті салауатты өмір салтын ұстанатын көзқарас болса ғана қоршаған ортамыз таза болмақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.