Отызға жуық баланың «анасы»

Среда, 11 Май 2016 03:54 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5201 раз

Ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген екен. Қай-қайсысымыз болсақ та, перзенттерімізді сәби кезінен-ақ, балабақша тәрбиешілеріне сеніп тапсырамыз. Үйде берілген тәрбиеміз мектепке дейінгі мекемеде ұштасып, жалғасын табады. Бұл ретте тәрбиешілер мен олардың көмекшілерінің қосар үлесі мол. Бүлдіршіндерді таң азаннан кешке дейін күтім жасап, бабын табу оңай емес. Десе де, кәсібін жақсы көріп, зор ықыласпен атқаратын мамандар көп. Солардың бірі – Рауанна Кентайбекқызы.

DSC 0720

Таңдаған мамандығыңызды сүйе білсеңіз, міне, сол нағыз бақыт. Рауанна Кентайбекқызы «Қуан сәби» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді. Күн сайын таңғы сағат сегізден бастап перзенттерін жетектеп әкелген ата-аналарды күлімдеп қарсы алып, бүлдіршіндерді қабылдап алады. Балақайлардың арасында жасынан асқандары да бар. Ал оларға қандай күтім қажеттігі айтпаса да түсінікті. Сәбилердің тамағын беру, ойнату, дер кезінде ұйықтатып, дәріс өткізу Рауаннаның негізгі жұмысы. 30-ға жуық балақайдың жағдайын жасау, қажет болғанда еркелетіп құшағына қысу да жазылмаған ереже.
Кез келген ата-ананы баласын алғаш жетектеп келген кезде, «тәрбиешісі қандай болар екен?» деген сауалдың мазалайтыны бар. Жылы жүзді маманды көрген сәтте осы секілді күдік өзінен-өзі сейіледі. Рауанна баланың үйде отырмай, балабақшаға барғаны және өзі секілді балақайлармен араласқаны жөн деп санайды.
– Балабақшаға келген бүлдіршіндердің барлығы да сыртқы ортаға үйренген, өзгелермен тез араласып кетуге бейім болады. Үйде өскен бала мен мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеленген балалардың айырмашылығын осында жұмыс істегелі бері көп байқайтын болдым. Себебі, балабақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үйренеді. Сонымен қатар жан-жақты жетіледі. Ең бастысы, бала тәртіпке бағынып, жауапкершілікті бойына сіңіре бастайды. Біздер отбасында берілген тәрбиені одан әрі жалғастыруға тырысамыз. Ата-ана таңертең бізге балаларын әкеліп, жұмысқа кетеді. Әке-шешесі аманаттап бізге сеніп тапсырып кеткен балаларға жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз. Балалар аман, қуанып жүрсе, бізге одан артық бақыт жоқ. Оларды бір күн көрмесем немесе жоғарғы топқа ауысып кеткенде сағынамын. Әрқайсысын өз баламдай көремін, – дейді тәрбиеші.
Рауанна көпбалалы отбасынан шыққан. Екі перзент тәрбиелеп отыр. Бірақ өзін «көпбалалы анамын» деп есептейді. Күн сайын отызға жуық бүлдіршінге аналық қамқорлығын көрсетеді. Тәрбиеші әр баланың орны ерекше екенін айтады. Әр үйдің еркетайлары жиналған топта күнделікті сабақтан бөлек, әр мереке сайын өтетін іс-шараларда балаңызды билетіп, ән салдыратын және былдырлап енді ғана тілі шыққан бүлдіршінге тақпақ айтуды үйрететін тәрбиешілердің еңбегі зор. Рауаннаның сәби кезінен тәрбиелеген ұл-қыздары биыл күзде мектеп табалдырығын аттамақ.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.