БҰҰ қолдаған жаңалық Шымкентте бастау алды

Пятница, 15 Июль 2016 08:29 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3593 раз

«Ауру батпандап кіреді, мысқылдап шығады» дейді қазақ. Әйтсе де, адамзат оның мысқылдап шығуына жол бермеуге тырысып бағуда. Медицина ғылымы аурудың емін іздеп табумен қатар «ауырмаудың жолын» да жаңғыртып келеді. Балалар ауруханасының қабырғасына түрлі суреттер салу да соның айғағы. Бұл жаңалықты біздің қалада жасаған «ҚазАльянс» қоғамдық бірлестігінің Шымкенттегі өкілі Әйгерім Жұмағалиева еді. Қабырғаға суреттердің нобайын сызып беруге алматылық Pictor арт-студиясының дизайнерлері атсалысқан.

cFERnsJBK-E

– Астанадағы балалар ауруханасына кіргенде ондағы қабырғаға салынған суреттер ерекше әсер етті. «Неге осыны Шымкентте жасамасқа» деген ой келді. Ойымды басшыларыммен бөлістім. «ҚазАльянс» қолдады. Содан облыстық аурухана басшылығына ұсыныс айттық. Олар да қабыл алды. Дерті жанына батқан балалар төрт қабырғаға қамалып одан сайын күйзеліске түспесін, қабырғадағы суреттерге қарап көңілі бөлінсін деп, әдейі нейрохирургия бөлімін таңдадық, – дейді осы істі бастауға түрткі болған Ә.Жұмағалиева.
Балаларымыз аман болсын. Дей тұрғанмен, өмірде түрлі жағдай орын алады. Облыстық балалар ауруханасында айлап, жылдап жатып ем қабылдайтын кішкентайлар да бар. Сол балақайлар ауруханадағы уақытын сүреңсіз төрт қабырғаға қамалып жатқандай немесе өзін бөтен ортада қалғандай, балалықтан алыстап кеткендей сезінетіні, содан күйзеліске түсіретіні рас. Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Әнуарбек Маймақов:

cvyuGysFVLU converted– Бүкіл Еуропада қалыптасқан бұл терапияның науқас балаға берері көп. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас Ассамблеясы қабылдаған конвенцияда «балаларға арналған аурухана, емхана атаулының бәрі үй жағдайына лайықталып жасалуы қажет» деп көрсетілген. Тіпті, емханада қарайтын балалар дәрігерінің киімі де жақсы әсер қалдыратын әрі түрлі түсті болуы керек. Конвенция қолдайтын жаңалықтың бірі – балалар ауруханасының қабырғасына салынған суреттер. Науқас бала көзін ашып қарағанда палатадағы суреттер жағымды әсер қалдырады. Бұған көңіл аударып, арнайы уақыт бөліп, қолдау көрсеткен ерікті жастарға, «ҚазАльянс» өкілдеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді.
Ә.Маймақов олыстық балалар ауруханасының бұдан басқа бөлімдеріне де қабырғаға сурет салып беруге ниет білдірушілер табылып жатса, ұсыныстарын қабыл алуға дайын екенін айтты.

Бүгінгі қоғам мүшесі ретінде бірқатар жастар науқас балаларға бей-жай қарамайтынын білдіруге тырысып бағуда. Әсіресе, ұзақ мерзімде ем-дом жүргізетін онкология бөліміне мұндай өзгеріс керек-ақ. Қазіргі таңда Шымқаланың «Қайырымды жандар» атты еріктілер тобы осы бөлім палаталарын бояуды қолға алды.
– Қонақ ретінде де, қазіргі таңда тұрғын ретінде де Шымкентті жақсы көремін. Шымқалаға деген құрметімізді және біздің болашағымызды жалғайтын балаларды қорғауға әркез дайын екенімізді білдіру үшін облыстық аурухананың қабырғасына өшпестей етіп, нейрохирургияның 14 палатасы мен 1 асханасында қолтаңбамызды қалдырдық. Мұнда боялмаған бөлімдер әлі көп. Шымкентті сүйетін қала тұрғындары бұл бастаманы жалғастырар деген ойдамын, – дейді бастамашы Ә.Жұмағалиева.
Балалар ауруханасының ішкі қабырғаларына сурет салу жұмыстары аудан орталықтарында да бастау алып отыр. Жаңалыққа қызығушылық танытып, бүгінде қолға алғандардың қатарында Түлкібас және Ордабасы аудандары бар.

Последнее изменение Пятница, 15 Июль 2016 10:27
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.