Парызыңды өте, азамат

Пятница, 15 Июль 2016 08:22 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4513 раз

Дәстүрлі қазақ отбасында әкенің орны қашан да биік болғаны тарихтан белгілі. Өйткені, әке отбасының асыраушысы әрі қамқоршысы саналған. Сондай-ақ, перзенттерінің дұрыс тәрбие алып, өмірде өз орындарын табуында әкенің рөлі зор. Иә, бүгінде заман басқа. Бірақ әкенің міндеттері өзгермек емес. Өкініштісі сол, қазіргі таңда перзенттерін тірідей жетім етіп, алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелер саны артып барады.

f3fab742 shutterstock 141473500.xxxlarge 2x

Осы мәселе жуырда облыстық прокуратурада өткен алқа мәжілісінде талқыланды. 

Облыс прокуроры И. Имановтың айтуынша, елімізде соңғы жылдары әрбір төртінші ерлі-зайыптылар ажырасуда. Ал, халықаралық ұйымдар Қазақстанның ажырасу бойынша әлемде 10-орынға тұрақтағанын айтып отыр. Мәселен, қазақылығы мығым, салт-дәстүрді берік ұстанады деген өңірімізде 2014 жылы 23 мың жұп отау құрса, олардың 4500-інің дәм-тұзы жараспаған. Сонымен қатар ағымдағы жылы 6 500 некенің 1 600-і бұзылған. Салдарынан қаншама бүлдіршін толыққанды емес отбасында тәрбиеленуде. Ал, қашқын әкелердің алиментке қарызы 124 миллион теңгені құрап отыр.

– Бала құқығын қорғау прокуратура органдарының басты бағыттарының бірі. Алимент өндіру барысында заңдылықтардың орындалу тиімділігіне талдау жасалды. Тексеру барысында «борышкерлерден алимент өндіреді» деп сенім артып жүрген жергілікті сот орындаушылардың өз ісіне немқұрайлылық танытып, қызметтерін жүрдім-бардым атқарғаны анықталды. Салдарынан соңғы үш жыл көлемінде өңірімізде алимент төлемеу үрдісі белең алып, жеткіншектердің толыққанды өмір сүруіне тиісті қаражаттар бөлінбей келген. Осындай сот орындаушыларының жауапсыздығы салдарынан соңғы үш жылда облысымызда 14 мыңнан астам баланың құқықтары бұзылып, 86,5 миллион теңгеден астам алимент өндірілмеген. Тіпті, сот орындаушылардың атқару өндірісіндегі 78 құжаттың (балалар үйіне тиесілі) 35-ін мүлдем жоғалтып жібергені анықталды,- деген облыс прокуроры алимент өндіретін сот орындаушылардың жұмысын сынға алды. 

Ал, облыстық прокуратураның басқарма бастығы Нұрлан Ерманов борышкерлерден тиісті деңгейде сұрау болмаған соң, мүліктерін еркін саудалап келгенін айтады. Базбіреулері қалаған уақытында шетелге шығып отырған. Тіпті, туған перзенттеріне қаражат беруден жалтарған әкенің бірі он екі рет Қытай мен Қырғызстан асып, тірлігін дөңгелетіп отырғаны анықталған. Тексеру барысында осы тектес 22 заңбұзушылық дерегі тіркелген. Өз баласына шығын шығарғысы келмейтіндердің арасында шенді-шекпенділер де кездеседі.

Алқа мәжілісінде айтылған сынға сот орындаушылардың қызметін қадағалайтын облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары О. Тастанов жауап берді. Оның айтуынша, жіберілген кемшіліктер жоқ емес, бар. Сот шешімдерінің орындалмауына қызметкерлер арасындағы ауыс-түйістердің жиі болуы себеп екен. Қызмет орнын ауыстырған мамандар атқару құжаттарын тапсырмай, олар назардан тыс қалып қоюда. Қазір бұл мәселеге бақылау күшейтіліп, сот орындаушылардың өз міндеттерін тиісті дәрежеде атқаруы қатаң қадағалауға алыныпты. Бұдан бөлек, жекелеген сот орындаушыларды да алимент өндіруге жұмылдыру мәселесі де қаралуда.

Алимент төлеуден бас тартқан әкелердің іс-әрекеттеріне сараптама жасаған қадағалау орган өкілдері оларды үш топқа бөліп отыр. Алғашқылары әйелдеріне ерегісіп,перзенттеріне материалдық қолдау көрсетуден бас тартады. Екінші топқа жігерсіз ерлер жатқызылды. Мұндайлар сан түрлі сылтау айтып, табылып тұрған жұмысты істеуден қашады. Яғни «жұмыс жоқ» дегенді сылтауратып, ұл-қызын қатарынан кем етіп жүр.Ал, үшінші топтағылар болса тапқан табысын жасырып, заңды айналып өткісі келеді. Бірақ мұндайлар қазіргі таңда заңнан қашып құтылу мүмкін еместігін жақсы түсіне бермейді. Алименттің кез-келген табыстан ұсталатынын, оны төлемеген жағдайда мүліктеріне бұғау салынатынын ескермейді. Перзенттерінің алдындағы қарызы 100 АЕК-тен асқан жағдайда түрмеге де тоғытылуы әбден мүмкін. 

Сондай-ақ, келелі басқосу барысында қоғамдық ұйымдардың өкілдері де өз ойларын ортаға салды. «Ғаламат» қоғамдық ұйымның төрайымы Д. Маманова қазір қоғамда алимент алуы тиіс жеті отбасының төртеуі сол тиесілі қаражатқа қол жеткізе алмай жатқандығын жеткізді. Салдарынан тұрмыстың тауқыметін тартқан аналар перзенттеріне киім-кешек пен тамақ таппай, жиі көмек сұрайтын көрінеді. Соңғы уақытта ұйымның сенім телефонына келіп түскен 200-ден астам қоңыраудың 40-қа жуығы осы алимент мәселесіне қатысты екен. Әйелдердің құқын қорғаумен айналысатын «Сана сезім» ұйымының өкілдері де өздеріне көмек сұрап келетіндердің жартысына жуығы алимент өндіре алмай жүргенін атап өтті. 

«Өкініштісі сол, отбасындағы жетіспеушілік салдарынан бала қылмысқа барып, жауапқа тартылып жатады. Мұнымен қоғам болып күресу керек. Сонда ғана нәтиже шығады. Ал, кемшіліктерге жол берген сот орындаушылардың тексеріп, қажет болған жағдайда қылмыстық, процессуалдық іс қозғау туралы шешім қабылдау қажет. Заңбұзушылықтарға жол берген лауазым иелерін анықтап, оларды қызметінен босатуға дейін ұсыныстар жолдансын» деген облыс прокуроры бұл бағытта бірқатар тапсырмалар берді. 

Атап айтқанда, құзырлы орган өкілдеріне борышкерлермен балалары алдындағы берешігін төлемеу себептерін анықтап, олардың тізімін жасақтау тапсырылды. Осы ретте жарты жылдан астам берешегін төлеуден жалтарған борышкерлердің бірыңғай тізімін жасақтап, оларға қатысты толық мәліметтерді жинақтау жүктелді.
Қалай болғанда да, туған баласынан безген безбүйрек әкелердің қатыгездік танытуы көңілге қаяу салатыны рас. Оның үстіне ұлтымыз заңның жоқ кезінде де қарызы бар адамдардың жаназасын шығармайтын дәстүр енгізіп, «қарыз» атаулысына қарсы тұрған. Сондықтан ер азаматтарымыз әкелік парызын ұмытпаса игі. Ең бастысы, олар өз ар-ожданының алдында қашып құтылмайтынын бір сәт ойланғаны жөн.

Айнұр АҚБАЕВА,
ОҚО прокуратурасының инспекторы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.