Рухани құндылық – жетістік кілті Избранное

Среда, 15 Ноябрь 2017 06:07 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 151 раз

Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 18 жыл толды.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының 2 бағытында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деген болатын. Елбасының осы сөздері қазіргі таңда өшкенімізді жандырып, жоғалтқанымызды түгендеп беретін бағдарламаға айналды.

IMG 0823

Мақалада айтылған «Туған жер», «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобалары арқылы тарихи, мәдени, мұраларымызға қайта зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ел есінде қалған ерлердің есімі қағазға түсіп, халық арасында кеңінен насихатталуда.

Қазіргі таңда жастар арасында ұлттық ойындарымыз бен салт-дәстүрлерімізге деген қызығушылық жоғары. Мәселен, «Рухани жаңғыру» аясында еліміздің бірқатар мектептерінде асық үйірмелері, сыныптары ашылған. 

Президент өз мақаласында «Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкілдері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анықтап алуымыз керек. Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныстыру рәсімдерін өткіземіз» деп ұлттық мәдениетіміздің маңыздылығын атап өтті. Сондықтан, бүгіннен бастап құнды дүниелерімізді түгендеп, оны сақтап жолдарын қарастыруымыз керек. Бұл бастаманың ерекше үлгісін – Экспо-2017 Халықаралық көрмесінен көрдік. Онда әлемнің жүзден астам еліне қазақтың мәдениеті кеңінен таныстырылды. Келген қонақтар киіз үйде отырып, ет жеп, қымыздан дәм татты. Көкпарымызды тамашалап, салт-дәстүрімізді сақтады. Аз уақыттың ішінде қанат жайған әсем Астанамызға таңдай қақты. 

IMG 5772

Шымкенттің 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы атанғаны да бекер емес. Көне қала – руханият пен мәдениеттің ордасына айналып келеді. Қаладағы көркемсурет галереясы, әзіл-сықақ және сатира театры, цирк, көрме орталығы осының дәлелі. Ал әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен тарихи-өлкетану мұражайы нағыз мәдениет ордасына айналған. Алдағы уақытта күнгей халқы да шетелдіктерге Шымқаланың шырайын ғана емес, мәдени мұрасын да жан-жақты таныстыратын болады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тағы бір ерекше тоқталғаны – ұлттық код. Ұлттық код – қазақылығымыздың айғағы. Тек қазақ халқына тиесілі әдет-ғұрып, жер-тас, суы жалпы алғанда әрбір дүниесі санамыздың түкпірінде жатуы тиіс. Ал олардың қайта жаңғырып, әрқашан менмұндалап тұруы үшін жоғарыда айтып өткен бастамаларға ерекше мән беру керек. Бұл технологиялық жаһандануда, мәдениеттер тоғысқан заманында өзіміздің текті, таза болмысымызды сақтап қалатын кодымыз болады. 

«Нұр Отан» партиясы да Елбасы мақаласында ұсынған тың жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Жуырда Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында «Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 18 жыл болады. Бұл адам өмірінің өлшеміндегі алғашқы кәмелеттік жас болып саналатынын білесіздер. Осы уақыттың ішінде партиямыз шынығып, шыңдалып, еліміздегі ең үлкен саяси күшке айналғаны белгілі. Құрылған күннен бастап барлық елдік істердің басы-қасында болып келе жатыр» деген болатын. 

IMG 6423

Қазір партияның бастамасымен еліміздің бүкіл аймақтарында мәдени мұраларды қалпына келтіру, ұлттық құндылықтарды насихаттау, «Рухани жаңғыруды» талқылауға арналған іс-шаралар өткізілуде. «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы латын қарпіне көшу, ұлттық код, салт-дәстүрлер төңірегенде түрлі жиындар ұйымдастырып, тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Мәселен, қаладағы 11 шағынауданның істен шыққан су құбырларын қалпына келтіруге қол ұшын созды. Сонымен қатар, түрлі топтағы мүгедектердің дәрі-дәрмектерін алып беруге, аулалардағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мұрындық болуда. 

IMG 4816

Тағы бір ерекше атап өтер жайт, «Нұр Отан» партиясы бұқаралық спортты дамыту арқылы, салауатты ұрпақ қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде. Н.Назарбаев «Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала» деген. Ал бұқаралық спортта кең тараған және ең көп ұйымдастырылатын ойын түрі – футбол. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы ОҚО футбол мектебімен бірлесіп жыл сайын дәстүрлі түрде халықаралық, облыстық турнирлерді өткізіп келеді. Оған көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген талантты спортшылар қатысады. Олар Шымкентке келіп, тек доп қуалап қана қоймай, қаламыздың көрікті жерлерін аралап, қазақ халқының тарихынан сыр шертетін орындарға саяхат жасайды. 

Қалай десек те, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы алдағы мақсаттарымызды айқындап, беткеұстар бағытымызды көрсетіп берді. Енді жоғарыда айтып өткеніміздей ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жаңа заманға бейімделуіміз қажет. Сонда ғана, санасы жаңғырған, болашағына сенімді, тәуелсіздігі мәңгілік елге айналамыз.

 

Ермек ДАРМЕНОВ,
«Нұр Отан» партиясы Абай аудандық филиалының төрағасы,
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.