Биылдан бастап жаңа туған сәбилерді тіркеуде ата-ана ешқайда барып әуреленбейді. Үйде отырып, ұялы телефонның SMS-хабарламасы арқылы тіркеуге болады.
Елімізде жаңа жылдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ата-аналарға көрсетілетін қызметтердің проактивті әдісі бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Жаңа пилоттық жобаның тиімділігі көп. Енді ақпараттық жүйелердің бірігуінің нәтижесінде жаңа туған сәбиді тіркеу бойынша өтініш ХҚКО автоматты түрде келетін болады. Бала өмірге келісімен оның ата-анасына SMS-хабарлама арқылы құттықтау келіп, сәбиді тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті алу ұсынысы жасалады. Бұл қызметті алу үшін азаматтар кез келген ХҚКО-ға барып, өздерінің телефон нөмірлерін порталдағы жеке кабинеттерінде бекітуі тиіс.
Бұдан бөлек жәрдемақыны рәсімдеу және балабақшаға кезекке қою «Бала туу» композиттік қызметі проактивті тәсілмен ұсынылады. Яғни телефон арқылы есеп-шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды да рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға болады. Ал халыққа қызмет көрсету орталығына баланың куәлігін алып кету үшін ғана келуге немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға болады.
Айта кетейік, Оңтүстікте жыл басынан бері, яғни соңғы бір аптада бала туған 78 анаға мемлекеттік қызметті алу ұсынысымен смс-хабарлама жіберілген.