Назира Сайдуллаева: «Жаңа форматтағы атаулы көмектiң тиiмдi тұстары көп» Избранное

Среда, 08 Ноябрь 2017 05:21 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 374 раз

nazira2018 жылдың 1 қаңтарынан әлеуметтік көмек жаңа форматта беріледі. Яғни, балаларға, аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемақылар тағайындаудың жаңа тәсілдері енді. Жаңа жүйедегі өзгерістердің тұрғындарға қажетті тұстарын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Назира Сайдуллаева түсіндіріп берді.


– Назира Кеңесбекқызы, жаңа форматтағы атаулы көмектің қазіргі әлеуметтік көмектен айырмашылығы қандай? Өзгерістің халыққа тиімді тұстарын атап өтсеңіз...

– Жаңа форматтың әлеуметтік төлемдерден басты айырмашылығы, ол тұрмысы төмен азаматтарға немесе отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін (атаулы әлеуметті көмекті төлеу; мемлекет тарапынан жұмысқа тұруға жәрдемдесу; әлеуметтік бейімдеу шараларымен қамтамасыз ету) бір пакетпен ұсынады. Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларды немесе азаматтарды кедейліктен шығаруға бағытталған кешенді қолдау тәсілі болып табылады. Ал тиімді тұсы мынадай:
Біріншіден, келесі жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдісі өзгеруіне орай оның мөлшері өсетін болады. Егер ағымдағы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі орта есеппен 22 455 теңгені құраса, келесі жылы оның көлемі 25 968 теңгеге (15-16%) өседі.
Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қолданылатын кедейлік шегінің мөлшері қазіргі 40 %-дан 50 %-ға дейін ұлғайтылады. Демек, егер ағымдағы жылы кедейлік шегінің мөлшері орта есеппен 8 816 теңге болса, келесі жылы 12 984 теңгені құрайтын болады.
Үшіншіден, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 2017 жылмен салыстырғанда 20 %-ға дейін өседі.

– Жаңа форматта әлеуметтік көмектің қайсысына өзгеріс еніп, қайсысы бұрынғы қалпында қалды?

– Осы кезге дейін тұрғындар мына үш көмек түрін алып келді:
а) Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 %-ынан төмен болған жағдайда отбасының әр мүшесіне берілетін атаулы әлеуметтік көмек;
б) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 %-ынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын балалар жәрдемақысы, оның мөлшері осы жылы 1,05 АЕК немесе 2 383 теңгені құрады;
в) кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы.
Енді, 2018 жылы төленетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға қазіргі уақытта беріліп отырған жоғарыдағы үш әлеуметтік төлем Бірыңғай жәрдемақы болып біріктірілді.

shymkala-88-4

– Атаулы көмек енді күнкөріс деңгейі төмен, аз қамтылған отбасыларға беріледі деп жатыр. Осы кезге дейін жәрдемақы алып келгендер осы мәселе бойынша көмектен шеттетіліп қалмай ма?

– Әлеуметтік көмектен ешкім шеттетілмейді. Керісінше бірыңғай жәрдемақы ретінде төленетін жәрмақылардың мөлшері осы үш төлемнің жиынтық сомасынан артық болады.

shymkala-88-3– Шартты, шартсыз деп бөлінетін көмекті кім және қалай алады?

– Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.
Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.
Шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы.
Осы мақсатта, әлеуметтік қызметтер мен қызмет алушылар арасында әлеуметтік келісім-шарт 6 айға жасалады және оны тағы 6 айға дейін создыру мүмкіндігі беріледі.

– Шартты ақшалай көмек алғанда салық органынан жеке кәсіпкер статусын алу міндеттеледі дейді. Оның қажеттілігі қандай?

– Шартты ақшалай көмек алғанда салық органынан жеке кәсіпкерлік ашу туралы міндеттеме қойылмайды. Дегенмен, еңбекке жарамды жұмыспен қамтылған шартты ақшалай көмек алушылар өз ісімен айналысуға ниет білдіріп, жұмыстан шыққан жағдайда әрі қарай шартты ақшалай көмек алу құқығын жоғалтпауда оны ашу қажет.

– Шартты ақшалай көмек алғанда кәсіп ашу керек дейді? Қандай кәсіппен айналысуға болады? Шектеу қойылған түрлері бар ма?

– Шартты ақшалай көмек қаржысына бұрынғы қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға болмайды. Оны жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға (үй малын, құсын және т.б. сатып алу) дара кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға пайдаланылады.

– Ал, қалалықтар үшін ше?

– Қала тұрғындарына шартты ақшалай көмектің біржолғы сомасына құрал-жабдықтарды алып, халыққа қызмет көрсету немесе өнім шығару саласындағы кәсіпкерлікпен айналысуына болады.

– Жаңа форматағы атаулы әлеуметтік көмек ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 пайызынан төмен отбасыларға тағайындалады дейді. Оны қалай есептеуге болады? Мәселен, бір отбасының айына кіретін табысы 30 мың теңге делік...

– Шартты атаулы әлеуметтік көмек (әрі қарай ШАК) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына және қажет болған жағдайда, әлеуметтік бейімдеу шараларына міндетті түрде қатысу шартымен аз қамтылған адамдарға ай сайынғы немесе 3 айдың біржолғы ақшалай төлемдер түрінде 6 айға көрсетіледі.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу ережесіне сәйкес есептеледі.
Мысалы: отбасында 6 адам: ері – жұмысқа қабілетті жұмыссыз, жұбайы – 3 жасқа дейінгі бала күтімінде, 18 жасқа дейінгі 4 бала. Отбасының айына кіретін табысы 30 мың теңге болса, жан басына шаққандағы табысы 5 мың теңге (30мың т./6 адам) құрады. Күнкөріс деңгейі – 27520 теңге болса, кедейлік шегі (50% КД) – 13760 теңге құрайды. Отбасының жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 пайызынан төмен болуына байланысты (5000 < 13760), ШАК 8760 теңге (13760 – 5000) мөлшерінде әр отбасы мүшесіне бір айға тағайындалады. Жалпы ШАК сомасы 315 360 теңгені құрайды (8760 теңге х 6 адам х 6 ай).

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
А. КЕРІМҚҰЛОВА

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.