3000-ға жуық науқастың өміріне араша болған Избранное

Среда, 13 Июнь 2018 05:04 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 409 раз

Марат Үсенов – өңіріміздің денсаулық сақтау саласында тәжірибесі мол, жаңашыл мамандардың бірі. Әріптестері дәрігерді білікті травматолог деп бағаласа, халық арасында «қолы жеңіл хирург» деген пікірлер жиі айтылады.

DSC 6860

Бүгінде Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының травматология бөлімшесінің меңгерушісі, травматолог-хирург болып жұмыс істейтін дәрігермен әңгімелесудің сәті түсті.
Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының травматология бөлімшесінің дәрігерлері жылына 1,5 мыңға жуық науқасқа ота жасайды. Мұнда отаның көбісі шұғыл жасалады. Ойлануға, кеңесуге уақыт мұрша бермейді. Өйткені, жанымен арпалысып жатқан науқастың өмірін сақтап қалуда әр секунд қымбат. Тәукелге барып, жылдам шешім қабылдау – үлкен жауапкершілікті жүктейді. Дәрігердің отадан аман шыққан науқас аяқтан тұрып, сауығып кеткенше жанын шүберекке түйіп жүретіні тағы бар.
– Хирургия медицинадағы күрделі саланың бірі. Қарапайым сөзбен айтқанда майдан шебінің алдыңғы қатарында жүретін жауынгер секілдісің. Біздің аурухана жедел медициналық жәрдем көрсететіндіктен, мамандар тәулік бойы үзіліссіз, кейде демалыссыз жұмыс істейтін күндері болады. Сондықтан бұл салаға шыдас беріп, ғұмырын арнау дәрігер үшін ерлікпен пара-пар іс дер едім, - дейді Марат Балтөреұлы.
Хирург еңбек жолын Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында бастаған. Алматы медициналық университетінде оқып жүріп, интернатурадан өтуде осы аурухананы таңдайды. Оның өз ісіне ептілігін байқаған сол кездегі травматология бөлім меңгерушісі Бекниязов жарты жыл өтпей маманның кезекшілік жасауына «облздравтан» рұқсат алып береді. Содан жас маманды аурухана басшылығы жұмыс істеуге алып қалады. Бұл 1991 жылы болатын.
Міне, содан бері бір мекемеде тапжылмай 30 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Дәрігердің алғашқы жасаған отасы әлі есінде: – Жарақат алған науқастың балтыр сүйегіне ота жасадым. Екі-үш күн қатты уайымдап жүрдім, – дейді хирург. Бүгінде өз ісінің хас шебері атанған маман ең күрделі оталарды сәтті алып шығуда. Осы уақытта дейін қолы жеңіл хирург 3000-ға жуық науқастың өмірін арашалап қалған.
Дәрігерді жаңашыл деуіміздің өзіндік себебі бар. Осыдан бес жыл бұрынғы бөлім меңгерушісі болған білікті дәрігер Әлішер Оразаұлымен бірлесіп, жасанды тізе, жамбас буынын алмастыру отасына дайындық жасайды. Ол үшін Польша, Ресейге барып, білікті мамандармен тәжірибе алмасып, біраз дүниелерді үйреніп қайтады. Маман Еуропаның Ұлыбритания, Франция, Түркия секілді елдерінде жасанды тізе, жамбас буынын алмастыру саласы 15-20 жыл алға озып тұрғанын айтады. Осы саланың қыр-сырын жіті зерттеген ақ халатты маманды «неге бұл отаны өзімізде жасамасқа» деген ой жиі мазалаған. Ізденістің нәтижесінде отаны өңірде тұңғыш рет ресейлік дәрігерлермен бірлесіп жасаған да осы Марат Үсенов болатын. Қазір өз күштеріне сенеді.
– Ота жоғары медициналық технологияның күшімен жасалады. Бұрынғыдай емес,медициналық аппараттыңкөмегі бар. Отадан кейін науқас бір аптада аяққа тұрып кетеді. Қазір жылына 300-400 адамға ота жасалынуда, - дейді дәрігер.
Қоғамда жауапкершілігі көп мамандықтың бірі – дәрігер. Сондықтан болар, ақ халаттылар үшін антына адал боп өту маңызды. Дәрігердің жан-дүниесі таза болып, әр емделушісіне шын жанашырлықпен қараса, оны науқас сезініп, сенім артқанда ғана еңбегі нәтижелі болады, - дейді білікті хирург.
...Дәрігермен әңгімемізді осы жерден үзуге тура келді. Себебі, науқастарының жағдайына алаңдап отырғаны байқалды. Кезекті тексеруіне асығып отырды. Ал біз сәттілік тілеп, қоштастық. Ия, дәрігерлердің еңбегі расында бағалауға да, мақтауға да тұрарлық...

Последнее изменение Среда, 13 Июнь 2018 05:27
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.