Миллионер қаланың мерейлі аналары Избранное

Среда, 20 Июнь 2018 04:22 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4653 раз

Халық мемлекет дамуының ең маңызды дерегі. Халық саны көбейген сайын ол ортада қажеттілік те артады. Оны қамтамасыз ету мақсатында түрлі қызмет түрі пайда болады. Яғни, елді өркендетудің негізгі себебі – демографиялық саясат. Осы саясаттың нәтижесінде Оңтүстік өңірінде үлкен бір мегаполис пайда болды.
Республиканың үшінші мегаполисі – Шымкент қаласы.

DSC 6782

Көпбалалы аудан

Осы орайда қала халқының миллионға жетуіне, адам санының тұрақты өсуіне ең әуелі көпбалалы, ардақты аналарымыздың үлесі зор екенін ерекше атап өту қажет-ақ. Шымкенттің 18 жасқа дейінгі 4-5 баласы бар аналарының саны бүгінде 22 мыңнан асқан. Ал жасы 18-ден асқан 4-5 баласы бар отбасы саны одан әлдеқайда көп.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Ұлдана Абытханқызының айтуынша, шаһарда тағы 533 Батыр ана бар. 2 198 «Алтын алқалы» және 5 925 «Күміс алқалы» ана, 829 І-ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталғандарды қоса есептегенде үшінші мегаполистің алтын құрсақты аналардың жалпы саны 31 983-ті құрайды.
Ал осы түрлі әлеуметтік төлемдер тағайындалған көпбалалы 31 983 ананы аудандарға бөліп тарқатсақ, ең көбі Абай ауданында тұрады екен. Ал Әл-Фарабиден – 5 114, Еңбекшіден – 7 469, Қаратау ауданынан – 8 460 алтын құрсақты ана тіркелген.
Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлсара Сәрсенбайқызы жыл басынан бері көпбалалы аналарға 24 алтын, 81 күміс алқа табыс етілгенін айтты.
– Бүгінде ауданымызда 1 266 «Алтын алқалы», 2006 «Күміс алқалы» ана бар. Олардың 75%-ы жастар екенін атап өту маңызды. Қазір көпшілік отбасы 2 немесе 3 баламен шектеліп қалып жүргенде, еліміздің демографиясына үлес қосып, көпбалалы болудан, оларды өсіріп, жақсы тәрбие беруді қорқыныш деп білмейтін жас отбасылардың көптігі қуантады. Тағы бір айта кетерлігі, осыдан 1 жыл бұрын «күміс» алғандардың бірқатары биыл «Алтын алқа» белгісіне ие болды. Демек, келер жылы «Күміс алқалы» 2006 алтын құрсақты аналарымыз бұл көрсеткішті тағы біраз арттырары сөзсіз, – дейді әкім орынбасары.

DSC 6844

Манатты өсірген марапат

Абай ауданындағы 10 мыңнан астам көпбалалы ананың бірі Манат Бименоваға хабарласқанда, өзін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтағанын естідік.
– Алтын, күміс алқаны бала жасынан асқанда береді ғой. Мен 2016 жылдың сәуірінде «Күміс алқа» алғанмын. «Алтынды» 2018 жылдың 1 наурызы күні қаладағы ауқымды іс-шарада облыстың әкімі тапсырды. Мұндай құттықтаудан кейін балалардың көптігіне бір ғана отбасы емес, бүтін бір аймақ қуанатынын түсіндім. Сондай елдің қуанышына тамшыдай болса да үлес қосуға себепші бола алғаныма қуандым. Кеудемді мақтаныш кернеді, – дейді Манат Төлепбергенқызы.
Иә, сол күнгі іс-шараға қатысып, өңір басшысының «Алтын алқа» алғалы отырған аналардың суретін көріп, "Шынымен 7 баланың анасы ма? Ұқсамайды ғой» деген оймен құжаттарын қайтадан өзім тексеріп шықтым» дегені есімде қалыпты. Қызық. Сол күні Манаттан сұхбаттасу үшін телефон нөмірін алуға мүмкіндік болмап еді. Көпбалалы ана тақырыбына кейіпкер іздегенде Ынтымақ шағынауданына іздеп келгеніміз сол Манат болады деп кім ойлаған?!
Манат отағасы Болат Бөгенбаев екеуі де жоғары білім алған, бүгінде шағын кәсіпкерлікпен айналысады.
– Балалардың тәрбиесінен босаған кезде азын-аулақ сауда-саттықпен айналысамын. Бұрын жолдасым Болат та сауда ісіне көмектесетін. Қазір құрылыс саласында жеке кәсіпкер ретінде бір отбасыны асырауға жететін нәпақасын тауып жүр, – дейді алтын құрсақты ана.
Бөгенбаевтар шаңырағының тұңғышы – Ақниет Болатқызы биыл М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Ақпараттық жүйе» мамандығы бойынша 2 курсын тәмәмдапты. Ал інісі Қасиетхан – колледж студенті. Әсетхан, Әлихан, Мұхаммеджан, Ахметжан есімді бес ұлдан кейін Ақниетке серік болар Тоғжан есімді тағы бір қыз туды. Манаттың кенжесі жақында 2 жасқа толады.
– Бала бағу, оған ең жақсы тәрбие беру, әр перзентке жеке өзіне ыңғайлы жағдай жасау, көңіл бөлу – ананың негізгі шаруасы. Көпшілік «балаға дұрыс тәрбие беру үшін үлкен төзім мен сабыр керек» дейді ғой. Менің ойымша, төзім мен сабырдың қажеті жоқ. Аналық махаббат болса, әйел адам баласының әр қылығына сүйсіне отырып, оған жақсы тәрбие беруді өзіне мәртебе санайды, – дейді Манат Төлепбергенқызы.
Шынында да Манаттың көңіл-күйі ерекше. Жанында әңгімелесіп отырған адамын баурап ала жөнеледі. Пейілі кең, қонақжай келіннің жұбайы Болат та көпбалалы отбасында өскен екен.
– Биыл ата-енемнің отасқанына 50 жыл толды. Маған 21 жыл анамдай болып, ақылын айтып, өнеге болған енем де 9 перзенттің анасы. Біз үлкен отбасымыз. Осылай көпшілікке үйренгеннен болар, «баламыз көп» деп есептемейміз. Әрқайсысының өз орны бар, көзімізден таса болса, алаңдап іздейтін аналарымның әдеті бізде де әбден қалыптасты, – дейді көп балалы ана.

Айсұлудың әр қызы бір гүл сияқты

Жақында ғана «Алтын алқалы» аналардың тізімін алып, он шақты нөмірге телефон шалдық. Оның екеуі жауап берді. Бірі – Манат, екіншісі – Айсұлу.
1982 жылғы келіншектің 7 қызы бар. Бірінің соңынан бірі еріп, өсіп келе жатқан 7 қызы 7 түрлі гүл сияқты. Қыздардың үлкені Қалдарбек Айдана 2006 жылы туған, биыл 7 сыныпқа өтіпті. Сіңлісі Зарина екеуі мектептің үздік оқушылары. Зерек. Пән олимпиадаларынан қалмайтынын анасы мақтанышпен атап өтті.
– «Тегімізді жалғайтын бір ұл керек» деп жүріп, қыздарды жетеуге жеткізіп, алтын құрсақты ана атанып отырмын. Бәлкім, бұл да жаратқанның нығметі шығар. Ұлды-қызды болып жатсақ, 4-5 баламен шектеліп қалар ма едік, кім білсін?! – дейді Айсұлу күліп.
Айсұлу Рахымжанқызының үшінші қызы егіз – Қалдыбек Айман-Шолпан. Ұлжалғас, Хадиша, Нұрбақыттар үшін ата-әжесінен артық ешкім жоқ. Әкесі Әмірханның да, анасы Айсұлудың да қызы емес, жетеуі де – «әжесінің қызы»! Таң атқаннан кеш қарайғанша немерелерімен шүйіркелесіп, уақыт өткізетін ата-әжесі де сондай балажан. Рабиға әжей де «Күміс алқа» алып, келіні Айсұлуға үлгі бола алыпты.
– Ата-енемнің отасқанына 37 жыл болса, Әмірханмен отасқанымызға 13-14 жыл толып жатыр. Ата-енеммен бірге тұрамын. Балаларды сол кісілер бағып-қағып қарағаннан болар, біз аса қиналғанымыз жоқ. Сондықтан тағы да перзентті болудан қашпаймыз, – деп күлді Айсұлу.
Әрине, «жақсы ниет – бүтін ырыс». 7 қыздың әкесі Әмірхан Бөрібасов құрылысты кәсіп етсе, анасы Айсұлу Бөрібасова Абай ауданында қоғамдық жұмыспен айналысады.
Ал біз көп балалы болу бақыты бар қазаққа жұғысты болсын деп тіледік.

Последнее изменение Среда, 20 Июнь 2018 04:36
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.