Шетелдіктер бүйрегін Шымкентте ауыстыруда Избранное

Среда, 15 Август 2018 04:26 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3203 раз

Қазақстанда «Денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасы қарқынды жүріп жатыр. Соның аясында Шымкенттегі медициналық мекемелер қағазбастылықтан арылып, жаңа технологияның ұтымды жолдарын пайдалануға көшуде. Атап айтқанда, қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасының дәрігерлері цифрлану жүйесі арқылы науқастарға күрделі оталар жасау жағынан озып тұр.

DSC 4955

Инсультке ота жасаудан алдыңғы қатарда

Өңірімізде жыл санап жедел және жоспарлы ота жасатушы науқастардың қатары көбейіп келеді. Биыл бұл көрсеткіш 43 пайызға жетіп отыр (өткен жылы – 32%). Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасының нейрохирург дәрігерлері осындай деректерді тілге тиек етті. Ақ халаттылар науқастардың өмірін ажалдан арашалап қалуда жаңа технологиялық құрал-жабдықтардың септігі тиіп жатқанын алға тартуда. Диагнозды дұрыс әрі нақты қою көптеген азаматтардың дендеген дертін емдеуде сеп болмақ.
– Медициналық мекемеде 2013 жылдан бастап инсульт кезінде бас миы және мойын қан тамырларына жоғары технологиялық оталар жасалып келеді. Жыл басынан бері нейрохирургия бөлімшесінде 290 ота жасалған болса, оның ішінде 98-і инсульт аурулары бойынша сәтті өтті, – дейді нейрохирург-дәрігер Әшірхан Жандарбеков. – Біз бүгінде ангиографиялық және нейронавигация арқылы күрделі оталар істейміз. Ангиографияда әр түрлі ішкі органдардың (өкпе, бүйрек, ми, жатыр т.б.) қан тамырларын рентген сәулелері арқылы тексереміз. Ал нейронавигациялық отаның ерекшелігі, инсультқа әкелетін ісіктерді миға зақым келтірмей алып тастауға болады. Сонымен қатар бас ми ісіктері, сынған омыртқаға, жүйке жүйесіндегі ауруларға ота жасалады. Айта кетейік, соңғы 6 айлық көрсеткіш бойынша облыста инсульт ауруларына ота жасаудан алғашқы орында болсақ, республикада үздік үштікке еніп отырмыз. Әрине, бұл жерде ескеретіні – отаның көптігі емес, қауіпті аурудан болатын өлім саны мен мүгедектердің азаюы.
Ауруханада сәулелі түсірілім арқылы емдеу жүйесі, науқастардың рентгенохирургиялық емделуі тұрғындарға қолжетімді. Ангиография – қантамырлары мен оның төңірегіндегі ұлпаларды рентген сәулелері арқылы тексерудің жаңа әдісі. Дәрігерлердің айтуынша, мұның тиімділігі орасан. Қозғалыс шектеліп, қан тамырлары тарылып, онда ақау көбейген тұста диагнозды дөп басуға септігін тигізеді.
– Біздегі ангиограф аппараты 2 детектрлі. АҚШ-та шығарылып, Францияда құрастырылған мұндай құрылғылар елімізде санаулы. 5 жылға жуық уақыт аралығында бірнеше оталар жасалды. Бауыр алмастыруға дейінгі оталар бүгінде Қазақстан аумағында тек біздің ауруханада жасалуда. Елордада енді қолға алынып жатыр. Сәуле түсірілімімен емдеу кезінде отаның іздері қалмайды. Науқастар отадан кейін ертеңіне-ақ тұрып-жүре алады. Бұл жоғары мамандандырылған ота деуге болады. Аталмыш құрылғы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында алынды. Күні бүгінге дейін халық игіліне жұмыс істеп тұр, – дейді рентгенохирург-дәрігер Жасұлан Жиренбаев.
Ангиографиялық бөлме меңгерушісінің айтуынша, аталған ота бірнеше жыл бұрын тек шетелде ғана жасалған. Астана қаласында нейрохирургиялық орталық ашылғаннан бастап еліміздің өзге де өңірлерінде бұл емдеу жүйесі сала мамандарының тәжірибесіне қосылып келеді.

Ота жасатқандар арасында шетелдіктер көп

«Денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасының елімізде жүзеге асып келе жатқанына биыл үшінші жыл. Бағдарлама аясында 6 бастама іске асырылуда. Оның ішінде медициналық туризм мен импортты алмастыруда Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасының жұмысы ілгері. Ауруханадағы жағымды жаңалықтың бірі – ағза мүшелерінің трансплантациясына жүгінген шетелдіктердің саны артып келеді. Аурухана дәрігерлері биыл жыл басынан бері өзге елден келген 13 науқасқа ота сәтті жасалғанын мәлімдеп отыр.
– Шетелдік науқастарға бүйрек ауыстыру ота жасалуда. Олар – Румыния, Канада, Германия, Израиль елдерінен келген азаматтар. Бүгінгі таңда тағы 2 азамат отаға дейінгі тексерілуде. Қазір бауыр трансплантациясы бойынша ота жасалып жатқан жоқ. 13 шетелдіктің барлығының бүйрегі ауыстырылды. Науқастардан отадан кейін денсаулығына байланысты шағым түскен жоқ, – дейді бүйрек трансплантологиясы және гепатопанкреатобилиарлық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Сәбитхан Байтеміров.
Ағза мүшелерінің трансплантациясы Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасында 2013 жылдан бастап практикаға енгізілген. Бұл – орган ауыстыру бойынша күрделі ота жасайтын еліміздегі үшінші аурухана. Дәрігерлердің айтуынша, бізде ота жасау бағасы шетелдегі басқа емханалардан едәуір арзан көрінеді.
Айта кетейік, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы қала және облыс халқына тәулік бойы хирургия, жарақат, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапиялық салалар бойынша мамандандырылған және жоғары мамандандырылған жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсететін көпсалалы стационар болып табылады.

Азамат ЖАППАР
Фото: Серік Қосай

Последнее изменение Среда, 15 Август 2018 05:03