Бұйырғанын емес, таңдағанын алады Избранное

Среда, 12 Сентябрь 2018 04:50 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4015 раз

Елбасы Жарлығымен республикалық маңызы бар дербес қала мәртебесін алған Шымкент шаһарында тұрғын үй алушыларға тағы бір мүмкіндік қарастырылды. Шымкенттіктер үшін несиеге берілетін пәтердің шектік құны өсті. Енді қала тұрғындары 7-20-25 бағдарламасы аясында құны тек 15 млн теңге тұратын пәтерді емес, 25 млн теңгеге дейінгі үйлерді де несиеге ала алады.

bc5a46b6-4747-4d3e-846d-1d437ace176e

– Шекті құн дегеніміз – Бағдарлама аясында тек осы белгіленген бағадан аспайтын пәтер алуға берілетін мүмкіндік, – дейді «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ Сыртқы коммуникациялар қызметі жетекшісінің орынбасары Айбар Олжаев. – Қазіргі таңда, Шымкент қаласы бойынша банктер тарапынан 219 млн теңге көлемінде 20 азаматқа несие беру мақұлданған. 131 млн теңге көлемінде 12 несие берілген. Сонда, 7-20-25 бағдарламасы аясында сатып алынып жатқан үйлердің әзірге Шымкенттегі орташа бағасы 11-12 млн теңгені құрап отыр.
Бұған дейін Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында ғана құны 25 млн теңгеге дейінгі пәтерлерге несие берілетін. Ал басқа өңірлер үшін несиелендіру шегі 15 млн теңгеден аспайтын. Енді аталған 4 қала қатарына Шымкент шаһары қосылды. Бұл 5 қалада несиелендіру бағасы 25 млн теңге, басқа өңірлерде 15 млн теңгеден аспайтын жаңа, пайданалануға берілген үй таңдай аласыз.
– Шектік бағаның өскені дұрыс болды. Әне-міне жаңа үйдің кілтін алсақ деп отырмыз. Біз таңдаған пәтер 3 бөлмелі, құны 18 млн теңгеге бағаланды. Баспана сондай ұнағанымен несиелендіру бағасы 15 млн теңгемен шектеліп, ұнағанын емес, сол шамаға бұйырғанын қарастыра бастап едік. Енді банк 25 млн теңгеге дейін несие беретін болды. Біз сол ұнатқан пәтерімізді аламыз деп шештік, – дейді Тәңірберген Пернебекұлы.
«Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ құрылысты және тұрғын үй нарығын қадағаламайды. Тұрғын үй нысандарының арнайы тізімін де жасамайды. Тек, пәтер алушыға несие береді және осы бағытта несие беруге серіктес банктерді жинақтаумен айналысады. Ай сайынғы төлемді есептеу үшін пәтер бағасы мен несие мерзіміне сәйкес, Ұйым ұсынған мәліметтерге сүйенсек, ай сайынғы төлемдер кестесіне назар аударыңыз:
Үй бағасы 5 млн теңге болған жағдайда несие мерзімі 5 жылға алынса, ай сайынғы төлем – 79 205 теңге болады. Дәл осы пәтердің несиесін 10 жыл бөліп төлеу үшін айына 46 443 теңге төлеу қажет. Ал 15 жылға 35 953 тг, 20 жылға 31 012 тг болып бөлінеді. Ең ұзақ мерзім – 25 жылға дейін төлегіңіз келсе, ай сайын 28 271 теңге несиеге құясыз.

852

Сонымен, 7-20-25 бағдарламасы аясында несиеге үй алу үшін Сіз үйдің алғашқы қожайыны болуға тиіссіз. Яғни, баспананы тек пайдалануға берілген жаңа үйден таңдайсыз.
Несие алушының ең төменгі кіріс деңгейі Бағдарламада нақты белгіленбеген. Дегенмен, қарыз алушы ай сайынғы ипотекалық төлемді төлей алатын, сонымен қатар күнделікті қажеттілігін өтей алатындай табысты болуы шарт. Әйтсе де, қарыз алушының кірісі жеткіліксіз болған жағдайда, қосалқы қарыз алушыны тартуға рұқсат етіледі.
«7-20-25» бағдарламасы аясында «Баспана» Ипотекалық ұйымы АҚ серіктес-банктері азаматтардың төлемқабілеттілігін тексеру механизмдеріне ықпал ете алмайды. Себебі, әр банк дербес төлемқабілеттігін тексеру процессін өздерінің ішкі ережелеріне сай жүргізеді. Еске сала кетейік, «Баспана» Ипотекалық ұйымы АҚ – Центркредит, Халық банк, Еуразиялық Банк, Цесна Банк, АТФ Банк, РБК және Тұрғын үй құрылыс жинақ банктерімен «7-20-25» бағдарламасы аясында берілетін баспаналарға несие беру туралы келісім-шарт жасаған.

Последнее изменение Среда, 12 Сентябрь 2018 08:46
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.