МЕГАПОЛИСТЕ 15 МИНУТ САЙЫН БІР СӘБИ ДҮНИЕ ЕСІГІН АШАДЫ Избранное

Среда, 20 Март 2024 04:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 334 раз

Шымкентте «Шаңырақ» күніне орай отбасылық құндылықтарды дәріптейтін және өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қалалық перинаталдық орталықта жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз базарлық» естелік кәдесыйларын табыстады.

megopol

 

– Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында мемлекеттігіміздің тамыры тереңде екенін, тарихымыз тереңде жатқан ұлт екенімізді айта келіп, жыл басы Наурыз мерекесін тойлауға ерекше баса назар аударған болатын. Соның нәтижесінде Наурызды мерекелеудің өзіндік тұжырымдамасы әзірленіп, мерекені он күн бойы атап өтетін боламыз. 14 наурызда көрісу – Амал мерекесімен басталып, Қайырымдылық күніне жалғасты. Күні кеше салт-дәстүр күнін атап өттік. Бүгін, міне, «Шаңырақ» күнімен жалғасуда. Жалпы, Қазақстан Республикасының негізгі байлығы - адам және оның өмірі, денсаулығы. Елімізде бұл мәселеге ерекше мән беріледі, – деді Сәрсен Абайұлы.
Айта кетейік, Шымкент қаласында бүгінгі таңда 64 138 көпбалалы ана бар, олардың 12 мыңнан астамы – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері.
– Бүгін тағы бір отбасында жетінші бала дүниеге келіп, «Алтын алқа» иегері атанғалы отыр. Шымкентте әр 15 минут сайын бір сәби дүние есігін ашады. Міне соның арқасында біздің қаламыз ел демографиясының дамуына ерекше үлес қосып отыр деп айта аламын. Мемлекет басшысы да, Үкіметіміз де елде халық санының артуына ерекше мән беріп, қолайлы жағдай жасап отыр, Мемлекеттігімізді сақтау, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, ертең басқадан кем болмау үшін, елдің сырты жаудан, іші даудан аман болуы үшін біз адами әлеуетімізді дамыта беруіміз керек. Оның сыртында мына дүниеге келген сәбилерді Абай атамыз айтқандай Толық адам, Мемлекет басшысы айтып жүргендей Адал адам етіп тәрбиелеу дейтін мәселе тұр. «Отан отбасыдан басталады» дегендей, мұның бәрі шаңырақтан басталады. Сондықтан Президентіміз осы мәселеге мән беріп, «Шаңырақ күнін» Наурызнама онкүндігі қатарына қосып отыр, – деді қала әкімінің орынбасары.
Шымкентте жыл басынан бері 4911 сәби дүниеге келсе, оның 2493-і - ұл, 2418-і - қыз баласы. Өткен жылы 31 377 бала туылған. Қала тұрғындарының 39,4 пайызын ер балалар құрайды.

Ө.МАҚҰЛБЕКҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « БӨБЕКТЕРДІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ ҚАРТТАР ДӘН РИЗА »