Ең дұрыс шешім - екпе Избранное

Среда, 03 Июль 2024 05:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 194 раз

Елімізде папиллома вирусына қарсы вакцина салу науқаны қайта басталмақ. 10 жыл бұрын халықтың қарсылығына байланысты вакцинация науқаны басталған бойда тоқтап қалып еді.

4 em

 

Обыр дерті жер бетіндегі кісі өлімінің басты себебіне айналды. Ал, дүниежүзіндегі әйелдердің әзірейіліне айналған жатыр мойны обыры – вакцина егу арқылы алдын алуға болатын ісіктің жалғыз түрі. Себебі ауруды қандай инфекция қоздыратыны анықталған. Ол – адамның папиллома вирусы.
Жатыр мойны обыры 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін онкопатологиялар арасында 2-орында тұр. АПВ инфекциясының жатыр мойны обырына алып келетіні ғылыми дәлелденген. Вирус қауіпті, өйткені ол тез таралады, жасушалардың обырын туындату қоздырғышына айналады және нәтижесінде қатерлі ісіктің дамуына әкеледі.
Осы орайда отандық дәрігерлер бұл вирустың ағзада қайдан пайда болатынын және вакцина салдырудың қаншалықты тиімді екенін түсіндіріп әлек. Олай дейтініміз, Қазақстан папиллома вирусына қарсы екпе салуды Орталық Азияда бірінші болып қолға алған. Бірақ бұл науқан нәтижелі аяқталған жоқ. 2013-2015 жылдары Алматы, Астана, Павлодар және Атырау облыстарында қыздарға папиллома вирусына қарсы екпе салынды. 17 мың адам вакцинаның бір не үш дозасын (сол кездегі толық екпе курсы) алды. Көп ұзамай ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде теріс пікір көбейіп, бағдарламаны тоқтатуға тура келді. Бұған Павлодар облысында екі қыздың екпе салдырғаннан кейін есінен танып құлауы себеп болды. Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы комиссия бұл оқиғаға қатысты зерттеу жүргізіп, қыздардың талып қалуы препараттан емес, вакцинация жүргізу тәртібінен деген қорытындыға келді. Бірақ вакцинация науқаны қайта жүргізілмеді.
Жатыр мойны обыры Қазақстанда өлім көрсеткіші бойынша 4-ші орында тұр. Әлемде бұл дерттен жылына 340 мың әйел, әр екі минут сайын 1 нәзік жанды қайтыс болады. Ауруға басты себеп – жыныстық жолмен берілетін папиллома вирусы. Оның алдын алудың жалғыз жолы – екпе.
– ДДСҰ мәліметіне сәйкес, жасөспірім деп 14-19 жастағы адамдарды айтады. Осы жасөспірім шақта денсаулыққа төнген қауіп-қатер ересек шақта қауіпті ауруларға алып келуі мүмкін. Әсіресе репродуктивті денсаулықты назарда ұстау маңызды. Көбінесе 25 жасқа дейінгі адамдар жұқтырады. 50 жасқа дейінгі әйелдердің 80 пайызы өмірінде АПВ жұқтырады. Вирус жыныстық жолмен және тері бір-бірімен үйкелген кезде жұғады. Адамдардың 70 пайызы вирусты жұқтырған соң бір жыл ішінде өз бетінше емделеді. 90 пайызы екі жыл ішінде емдеп жазады. Бұл үшін иммунитет мықты болуы қажет. Жасөспірімдік шақ жыныстық жетілу кезеңі болғандықтан, түрлі ауруларды жұқтырып алу қаупі жоғары. Сондықтан мамандар 11 жасты екпе алуға таңдап алды. Ең дұрысы, әйел жыныстық белсенділікке кіріспес бұрын вакцинаны алуы керек. Олардың денсаулығына медицина қызметкерлері, отбасы, мектеп және қоғам әсер ете алады, – деді Шымкент қаласы онкологиялық диспансерлік орталығының бас дәрігері Жақсылық Мәуленов.
Мұнымен қатар дәрігерлер ұлттық вакциналау бағдарламасының сәтті жүзеге асуы қандай нәтиже беретініне тоқталды.
– 100-ден астам мемлекет АПВ вакцинасын иммунизациялау күнтізбесіне енгізген. Әлем бойынша мақсатты топтың 15 пайызы қамтылған. ТМД елдерінде АПВ вакцинасы Армения, Грузия, Молдова, Түркіменістан, Қырғызстан және Өзбекстанда енгізілген. Вакцина тиімділігіне келетін болсақ, Австралияда вакциналау бағдарламасын енгізген соң араға 9 жыл салып 18-35 жас арасындағы әйелдер ішінде АПВ төрт типі 90 пайыз аз анықталған. Ал АҚШ-та 2015-2018 жылдары АПВ төрт типі 88 пайыз аз тіркелген. АПВ-ның вакцина арқылы алдын алу Қазақстанда ЖМО-ның таралуын 74,2 пайызға дейін төмендетеді деп күтілуде. Жатыр мойны ісігінен Қазақстанда күн сайын 2-3 әйел қайтыс болады. Иммундау – халық денсаулығын сақтау саласы мен ұлттық саясаттың құрамдас бөлігі. Дәл қазір жатыр мойны обырының алдын алудың тиімді құралы – АПВ вакцинасы. АПВ-ға қарсы вакцинациялау адам папилломасы вирусымен зақымдану деңгейін және онкологиялық аурулардың, әсіресе жатыр мойны қатерлі ісігінің дамуын төмендетеді. Қазақстанда күн сайын жатыр мойны обырының 5-6 жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан күн сайын 2-3 әйел қайтыс болады. Вакцинаны 2006-2007 жылдары енгізген елдердің тәжірибесі 10 жылдан кейін АПВ-ның онкогендік типтері айналымының 80 пайыздан астам төмендегенін көрсетеді, – дейді онколог маман Докторкүл Тасболтаева.
Сонымен осы жылдың үшінші тоқсанынан бастап ұлттық вакцинациялау күнтізбесіне сәйкес ДДҰ ұстанымын және елдегі халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың ұлттық техникалық консультациялық тобының ұсынымдарын ескере отырып, 11 жастағы қыздарға вакцинациялау жүргізу жоспарланып отыр. Әлемде АПВ вакцинасын фармацевтикалық компаниялардың шектеулі саны шығарады. Қазақстанда вирустың аса онкогенді түрлерінен қорғанысы бар АПВ-ға қарсы вакциналардың 4 түрі тіркелген. Merck Sharp & Dohme компаниясы шығарған Gardasil вакцинасы 2006 жылы қолдануға лицензия алды. Ол Голландияда шығарылады және 70-тен астам елде қолданылады. Олардың арасында АҚШ, Канада, Австралия, Израиль, Ресей, Грузия, Молдова, Оңтүстік Африка және басқалары бар.
Осы ретте «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін халық нақылы еске түседі. Даурықпай, болашақ ұрпағымыздың денсаулығын әзірден ойлағанымыз қазіргі атқарып жүрген ісіміздің ең абзалы.

С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.