Қос мектептiң құрылысы қарқынды Избранное

Среда, 10 Февраль 2016 06:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3992 раз

Шымкент қаласына іргелес аудандардан 40 елді мекен қосылғалы бері мектеп пен балабақша тапшылығы өзекті бола бастады. Осыған орай, қаламызда оқу ордалары мен мектепке дейінгі мекемелердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, бір ғана Сайрам тұрғын алабында 40 мыңға жуық адам тұрады. Жылдан-жылға халық саны артып отырғандықтан, онда үш ауысымда оқитын мектептер бар. Қазір аталған тұрғын алапта жаңа №91 және №111 мектеп бой көтеруде. Білім шаңырақтары биыл тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Таяуда №91 қазақ-өзбек орта мектебінің құрылыс қарқынын біліп қайту үшін арнайы барған едік.

 MG 1914Құрылыс алаңында еңбектеніп жүрген оншақты жұмысшыны байқадық. Барлығы да өздеріне тиесілі жұмысты ықыласпен орындауда. Біз барғанда жұмысшылар мектептің айналасын қоршау үшін бетон құйып жатыр екен.

– Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Уақытымызды тиімді пайдаланып, мектеп құрылысын дер кезінде бітіруге барымызды саламыз. Жұмыс қолы жеткілікті, – дейді құрылыс бригадирі Қ.Тулеев.

Мұнда құрылыс жұмыстарын «Евроремонтстрой» ЖШС-і өткен жылдың мамыр айында бастаған. 300 орынға арналған оқу ордасының құрылысы үшін 469 миллион теңге бөлініп, 295 миллион теңгесі игерілген. Құрылыс мердігері Әбутәліп Нұрмағамбетовтің мәлімдеуінше, ғимараттың ішкі жұмыстарының 90 пайызы аяқталған.

– Қазіргі уақытта тек ұсақ-түйек жұмыстар ғана қалды. Мектеп қабырғасы кірпішпен қаланған. Терезелер мен ішкі есіктер орнатылды. Енді еденін төсейміз. Мұнан соң, кәріз және жылу құбырларына кірісеміз. Құрылыс материалдарының барлығы дерлік отандық өнімдер. Мектеп заманауи үлгіде болғандықтан, химия, физика, математика кабинеттері мен зертханасы да болады, – дейді Ә. Нұрмағамбетов.

 MG 1919Тассай бөлімшесіндегі №91 білім ұясының құрылысы ескі мектептің жанынан орын тепкен. Қаратау ауданы әкімдігі халықты әлеуметтік қорғауға қолдау көрсету және мәдениет бөлімінің басшысы Асқар Бегімбетовтың айтуынша, қазір 150 орынға шақталған ескі ғимаратта 423 оқушы білім алады. Ал үшінші ауысымдағы оқушылар саны – 25. Тассай бөлімшесінде мектеп тапшылығы туындаған соң, тағы бір оқу орны салынуда. №111 мектеп 230 орынға шақталғанымен, онда 700-ден астам оқушы білім алып жатыр. Ал үшінші ауысымда 100-ден астам бала оқиды. №111 жаңа оқу ордасы 300 орынға арналған және оның құрылысын «РСУ–1» ЖШС жүргізуде. Жаңа оқу жылында тассайлық балалар жаңа мектептерде білім алатын болады.

Өткен жылы Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабындағы №71, ал жыл басында «Бозарық» шағынауданында №57 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 320 орынға арналған балабақша ашылды. Сондай-ақ, «Нұртас» шағынауданында да балабақша құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.