Шағынаудан шырайлана түспек

Среда, 30 Март 2016 05:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3811 раз

Осыдан екі жыл бұрын Еңбекші ауданының құрамына Төле би және Сайрам аудандарынан 15 елді мекен қосылған еді. Солардың бірі – «Бадам-2» шағынауданы. Тас жолдың бойынан орын тепкен шағын ғана ауыл бүгінде халқы тығыз орналасқан шағынауданға айналды. Шымкентке қосылғалы бері жылдар бойы қордаланған мәселелердің күрмеуі шешіле бастады. Бадам өзенінің жағасын бойлай орналасқан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

DSC 0760Шымкент пен «Бадам-2» шағынауданының арасы он бес шақырым. Қалаға жақын орналасқандықтан жергілікті тұрғындар жұмыстан тарлық көрмеді. Олар жақын маңдағы зауыттарда, қалада жұмыс істесе, енді бірі базар жағалап күнін көрді. Шымкенттің құрамына енгелі бері де осы көрініс. Дегенмен, ауылдың тіршілігіне қан жүгіре бастады. Бір кездері әлеуметтік нысан атаулыдан сегізжылдық мектебі мен медициналық пункті ғана бар ауылда қазір өзгеріс көп. Көшелерге асфальт төселді, ауыз су құбыры жүргізілді. Ал ең бастысы ауылдың кіре берісінде жаңа білім ордасының құрылысы қарқын алды. Мектеп құрылысын «ЮСК» ЖШС өткен жылдың қыркүйегінде бастаған. Учаске басшысы Азамат Рахманқұловтың айтуынша биыл жаңа оқу жылында бадамдық оқушылар жаңа мектепте білім алмақ.
– Қазір құрылыс басында 80 адам екі ауысым бойынша еңбектенуде. Оның жиырма шақтысы жергілікті тұрғындар. Техникамыз да жеткілікті. 300 орынға арналған екі қабатты мектептің құрылысына 957 111 млн теңге бөлінген, – дейді А. Рахманқұлов.

DSC 0743Айта кетейік, №97 мектептің тозығы жеткен. Оның кірпіші 1956 жылы сегізжылдық білім ұясы ретінде қаланыпты. Қалған екі сыныпты ауыл балалары көршілес орналасқан «Бадам-1» ауылында жалғастыратын. Бертін келе он бір жылдық мектеп мәртебесін алған. Қазір 98 оқушыға шақталған білім ордасында 379 бала оқиды екен.
Жұлдыз ауылдық округінің төбе биі Оразалы Махановтың айтуынша, бадамдықтар үшін мектеп пен көпір мәселесі өзекті еді. Келесі жылы жаңа көпірдің құрылысы да басталғалы отыр. Көпірдің түсетін орны белгіленіп, қазір жобалық сметалық құжаты жасалуда.
– Өткен жылы қаланың бұрынғы басшысы Д. Сатыбалды бастаған бір топ азаматтар ауыл халқын жинап, көпірдің қазығын қақты. Жергілікті халық үшін бұл көптен күткен қуаныш болды. Өйткені, жылда көктем айларында көпірді су шайып, көлікпен ауылға қатынау қиынға соғып, айналма жол арқылы кіреді. Қисайған ескі көпірдің сиқы көңіл қуантпайды. Ал жаяу жүргіншілер аспалы көпірмен өтуге мәжбүр. Оның өзі әупіріммен әрең тұр, – дейді О. Маханов.

Ауыл тұрғыны Шүкірқожа Махатов өзінің туып-өскен құт мекеніндегі осындай оңды өзгерістерге қуанатынын айта келе, бұйымтайын жеткізді. Ауылда емхана жоқ. Медициналық пункттің санитарлық нормаға сай келмей, жабылғанына бес айдың жүзі болыпты. Содан бері №7 емхана мен «Бадам-1» ауылындағы медицина мекемесіне барып, ем-дом қабылдайды.
Бұрын ауыл тұрғындары жаңбыр жауса, батпаққа батып, жаз шыққанда шаңы шыққан көшелермен жүруші еді. Қазір бұл жағдай реттелген. Өткен жылы 3,5 шақырым көшеге асфальт төселді. Бадамдықтар ауылдың іргесі қаланғалы бері құдықтан су ішіп келді. Қала құрамына қосылған соң, 2015 жылы ауыл ішіне ауыз су құбыры тартылды. Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиевтің мәлімдеуінше, келесі жылы қосымша Достық және Шеңгелді көшелеріндегі 124 үйге ауыз су беріледі.
Алғашында Бадам өзенін жағалай қоныстанған ауылда небәрі 30 шақты үй болса, бүгінде тұрғындар саны 20 мыңнан асады. Ауыл кеңейіп, бір кездері бос жатқан жерлерде тұрғын үйлер салынды. Алдағы уақытта жергілікті халықты біз көрген оңды өзгерістерден бөлек, басқа да қуанышты жаңалықтар күтіп тұр. Ауыл ішінде автобус жүреді, көшелер жарықтандырылады және дәрігерлік амбулатория ашылады деп жоспарлануда. Жаңадан салынған балабақша үйде отырған аналар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.