Сәулеттi мектеп салынбақ Избранное

Пятница, 08 Апрель 2016 03:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4218 раз

«Сәуле» шағынауданындағы 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп құрылысы өткен жылы басталған. Жергілікті тұрғындар жаңа оқу ордасының ертерек пайдалануға берілуін тағатсыздана күтіп отыр. Өйткені, шағынаудандағы №76 мектепте оқушылар үш ауысымда білім алуда. «Сәуледе» соңғы жылдары тұрғындар саны артқандықтан, білім ұясының тапшылығы да сезіле бастады. Осыған орай, жыл соңында жергілікті өрендер жаңа әрі заманауи мектепте дәріс алмақ.

DSC 0193

Құрылыс басына арнайы барғанымызда будьдозерлер жаңа нысанның іргетасы түсетін орында топырақты нығыздап, тегістеп жатты. Олардың арасында бульдозерші Мұрат Сәмбетов те бар. Оның айтуынша, бұл жұмыстар мектептің сапалы әрі сейсмикалық шыдамды болуына септігін тигізеді. Әзірге құрылыс басында екі ауысымда 35 адам жұмыс істейді. Олар осындағы әрбір жұмысқа жауапкершілікпен қарауда. Ал мектептің іргетасы бой көтерген соң, жұмыс күші 500-ге дейін артады. Сол кезде жергілікті тұрғындарды да жұмысқа тартуға мүмкіндік болады. Құрылысқа 18 техника жұмылдырылған. Мердігер мекеме «АРТ-Құрылыс» ЖШС-нің прорабы Құлажан Тәліповтың мәлімдеуінше, мектеп құрылысы осы жылдың желтоқсан айында аяқталады.

– Мектеп іргетасының орнын қазу жұмыстарын өткен жылы қараша айында бастадық. Оның тереңдігі 21 метр болады. Сәуір айының 15-20 аралығында іргетасын құямыз. Құрылыс материалдары да отандық өнім. Тек арматураны ғана Ресейден сатып алдық. Ал бетонды өзіміз шығарамыз. Құм Арыс қаласынан әкелінеді, цемент Састөбедегі зауыттан жеткізіледі,– дейді Қ.Тәліпов. 

DSC 0201

Жаңа мектепте 1200 оқушы білім алмақ. Бес корпустан тұратын үш қабатты заманауи білім ордасының акт залы, спорт залы, асханасы және жабдықталған сынып бөлмелері болады. Құрылыс нысанының сметалық құны – 1 миллиард 445 миллион 861 мың теңге.
Айта кетейік, «АРТ-Құрылыс» ЖШС-нің құрылыспен айналысқанына 10 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде облысымызда 1200 орынға арналған 16 мектеп салған. Сонымен қатар, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы облыстық әкімдік ғимаратының құрылыс жұмыстарына да осы мекеме атсалысқан.

Қазіргі таңда «Сәуле» шағынауданындағы Рысбек Мырзалиев атындағы №76 мектепте 1258 оқушы үш ауысымда білім алуда. Әл-Фараби ауданы әкімдігі халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Жәннет Оразұлының айтуынша, оқу ордасы 2001 жылы салынып, 500 орынға арналған. Ал 2011 жылы жөндеуден өтіпті. Шағынауданда халық саны артқан сайын мектеп тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Қазір «Сәуледе» 9 мың 776 адам тұрады және 3500 тұрғын үй бар. Мектептен бөлек, 1 отбасылық-дәрігерлік амбулатория мен 400-ден астам бүлдіршінді тәрбиелеп отырған №35 «Сәуле» атты балабақша жұмыс істейді.

Последнее изменение Пятница, 08 Апрель 2016 04:39
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.