180 орынға арналған балабақша Избранное

Пятница, 15 Апрель 2016 05:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 8002 раз

қайта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

Шымкенттік бүлдіршіндер үшін биыл тағы бір балабақша пайдалануға беріледі. Абай ауданына қарасты 3 шағынауданда орналасқан мектепке дейінгі ғимаратта қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Біраз жылдар бойы онда техникалық түгендеу бюросы (БТИ) орналасқан еді. Бұрын №104 «Қарлығаш» балабақшасы болған ғимарат «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекетке биыл қайтарылған. Жаз айларында қайта жөндеуден өткен мектепке дейінгі мекеменің іші балақайлардың тәтті күлкісіне толмақ.

DSC 0613

180 орынға арналған қосқабатты балабақшаның жөндеу жұмыстары қарқынды. Өйткені, мердігерлер жаз айларында жоспарланған міндеттерді аяқтап, дер кезінде ғимаратты тапсырып үлгеруі тиіс. Құрылыс басында 90 адам жұмыс істеуде. Сонымен қатар, кран, «КАМАЗ», тиегіш көлігі секілді басқа да 9 техника жұмылдырылған. Құрылыс мердігері «Mabex Trade LTD» ЖШС-нің прорабы Шоқан Жәмеков балабақшаны толығымен қайта қалпына келтіру жұмыстарының аяқталуға жақын қалғанын айтады.

DSC 0588

– Жөндеу жұмыстары биыл қаңтар айында басталды. Есік-терезелердің барлығын жаңарттық. Қабырғаларын қайта сылап, шатырын да ауыстырдық. Ал құрылыс материалдары бойынша ешқандай қиындық жоқ. Отандық өндірушілердің өнімін пайдаланудамыз. Балабақшаны қайта жөндеуден өткізу үшін 117 миллион 798 мың теңге бөлінген, – дейді Ш. Жәмеков.

Қазіргі уақытта жұмыстың басым бөлігі балабақшаның сыртқы қабырғаларын сылауға жұмылдырылған. Құрылыс бригадирі Бауыржан Әлімбетовтың айтуынша, ендігі кезекте ғимараттың ішіне кафель, еден төсеу секілді ұсақ-түйек жұмыстардың қалғанын айтады. Ал су құбыры, кәріз және электр энергиясы жүйесі және өрт сөндіру гидранттары дайын. Жұмысшылар құрылыс басында таңертеңнен кешке дейін еңбектенуде. Онда жергілікті тұрғындар да жұмыспен қамтылған.

Айта кетейік, Шымкентте 2014 жылы мемлекет меншігіне 2 балабақша, ал биыл бір балабақша қайтарылған. Өткен жылы бірде-бір мектепке дейінгі мекеме тіркелмеген. Қалалық білім бөлімі қызметкерлерінің берген мәліметі бойынша, Шымкентте мектепке дейінгі мекемеге бару үшін 65 мыңдай бүлдіршін кезекте тұр.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.