«Қара түтiннен» құтылатын кез келдi

Среда, 25 Май 2016 04:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4384 раз

Қоршаған ортаның ластануы туралы экологтардың дабыл қаққаны қашан? Алайда, жылдар жылжыған сайын бұл мәселе күннен-күнге өзекті бола түсуде. Табиғатты ластаушы факторлар көп, соның бірі – автокөліктер. Темір тұлпарды іске қосқан сәттен бастап-ақ, одан бөлінетін зиянды заттар тек қоршаған ортаға ғана емес, сонымен қатар адамзат баласының денсаулығына кері әсерін тигізуде. Оталған көліктен көміртегі оксиді, көмірсутек, күйе, бензапирен, азот қышқылы, күкірт оксиды, қорғасын қоспалары бөлінеді. Көлік адамзат баласының өмірін жеңілдеткенімен, оның сапасына зиянын тигізіп-ақ отыр.

Қоғамдық көлiктер қатаң бақылауда

DSC 1385

Автокөлік бөліп шығаратын газдың құрамында шамамен 200 зат бар екен. Тіпті, қаншалықты сапалы бензин құйсаңыз да, жүріс кезінде бөлінетін газдың құрамында 2,7% жанбай қалған көмірсутегінің тотығы болады. Экологтардың айтуынша, бұл ірі қалаларға тән мәселе. Ал қалада қозғалған кезде қара түтінге оранып жүретін автобустардың жеткілікті екені белгілі. Бүгінде бұл мәселе көзі қырағы қалалықтардың назарынан тыс қалған емес. Сонымен қатар, қаланың ішкі жолдарымен жүретін жүк көліктерін қосыңыз. Соңғы санақ бойынша Шымкенттегі көліктердің саны 200 мыңнан асып жығылады. Салыстыру үшін айта кетейік, 2013 жылғы мәлімет бойынша қалада 54 мыңнан астам автокөлік тіркелген екен. Үш жылдың айналасында көлік саны төрт есеге жуық артып отыр. Ал қоғамдық көліктерге келер болсақ, жалпы қалада 76 бағыт бойынша 29 көлік компаниялары жолаушыларға қызмет көрсетеді. Оның 52-сі автобус, ал 24-і шағын автобустар.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, қала жолдарында қатынайтын қоғамдық көліктерге бақылау қатаң. Бөлім тарапынан көлік компанияларына кемшілікті жою жөнінде ескертулер беріледі. Бұдан бөлек, автобустардың қоршаған ортаға жанар-жағар майдың сапасыздығынан зиян келтіруі мүмкін.
– Біздің бөлім тарапынан автобустарды жаңарту жұмыстары қолға алынған. Өздеріңізге белгілі, 2012 жылы 500-ге жуық автобустар жаңартылды. Қалада жолаушыларды тасып жүрген қоғамдық көліктердің басым бөлігі Қытайдан сатып әкелінген. Біздің байқауымыз бойынша, ол жақтан жеткізілген көліктердің сапалысы да бар. Мәселен, «Green bus company» ЖШС де Қытайдан әкелді. Мысалы, «Ман Оңтүстік» компаниясының 1980-1990 жылдары Германияда шығарылған автобустары ескі болғанымен, кейінгі әкелінген көліктерге қарағанда сапасы әлдеқайда жақсы. Салоны да әдемі, жүргенде қара түтін шықпайды. Біз қара түтінге оранған немесе қозғалтқышы нашарлаған автобустардың компанияларына кемшілікті жою үшін рейске шықпауын талап етеміз. Негізінде қоғамдық көліктер жылына екі рет техникалық тексеруден өтуі тиіс. Сондай-ақ, күнделікті бағытқа шығар алдында да түрлі тексерулерден өтеді. Өйткені, олар тек өзі үшін ғана емес, өзгенің өмірі мен денсаулығына да жауапты екенін біледі, – дейді Наурыз Сүгірәлиев.
Айта кетейік, «Green bus company» компаниясы 2014 жылдың соңында экологиялық жағынан таза, газбен жүретін 200 автобус әкеліп, өткен жылдың басынан қалалықтарға қызмет көрсете бастады. Биыл да автобустар жаңаланады деген жоспар бар. Н.Сүгірәлиевтің айтуынша, автобустар техникалық тексеруден соң жарамды болып табылса, бағытқа шығуына рұқсат беріледі.

Басты талап – сапалы қызмет

Шымкенттегі көлік компанияларының барлығында мін жоқ деп айта алмаймыз. Кейбір бағыттардағы автобустардың қара түтінін будақтатып жүретінін жасырмау қажет. Мәселен, «Green bus servise» компаниясының №17 бағыттағы автобустарынан байқауға болады. Осы компания директорының орынбасары Мақсат Кененбаевтың айтуынша, мұндай кемшіліктер туралы хабарламалар қала әкімдігінің WatsApp жүйесіне жиі келетін көрінеді.
– Экологиялық қауіпті автобустар жұмысқа шықпайды. Оның қозғалтқышын жөндеп, ретке келтірген соң ғана бағытқа шығады. Сонымен қатар, күн сайын таңертең барлық автобустарды механиктер тексереді. Жыл басынан бері үш автобустың кемшіліктерін жойдық, – дейді М. Кененбаев.
Ал «Галиев и К» ЖШС-нің директоры Генадий Галиев бұл мәселенің өзекті екенін айтады. Бұл компанияда қоғамдық көлік 6 мың километр жүрген сайын түтін шығатын түтікшелерді арнайы тексеруден өткізеді. №70 бағытта жүретін автобустардың да қозғалған кезде қара түтінге оранатыны жасырын емес.

DSC 1056

– Автобустардың қоршаған ортаны ластауы арзан бағада сатылатын сапасыз дизель отынынан да болады. Тәп-тәуір жүріп тұрған көліктің бұзылуына да себеп. Бұл мәселені қаншама рет көтердім. Өйткені, бізде жанар-жағар майдың сапасын тексеретін зертхана жоқ. Қазір автобустардың рулінде жас жігіттер отырады. Басым бөлігі жүрген кезде бірден қозғалып, қара күшке салады. Осының салдарынан қозғалтқыш пен моторға зиян келіп, қара түтін шығады, – деген уәж айтты Г. Галиев.
Қоршаған ортаға зиянын тигізетін қоғамдық көліктерді тексеріп, оларға айыппұл салу үшін жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге рейдке шығу көзделген. Алайда, жыл басынан бері бірде-бір рейдтік жұмыстар жүргізілмепті. Тек Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Диспетчерлік қызмет орталығы» ЖШС-гі тарапынан жоспарлы тексерулер жүргізіліп, ескертумен ғана шектелген. Биыл қаңтар және сәуір айлары аралығында қоғамдық бағыттарда жүретін автобустардың жұмысына өткізілген рейдтің нәтижесі бойынша, 32 рет тексеру жүргізіліп, 62 ескерту берілген. Барлығы 121 тәртіп бұзушылық анықталып, көлік компанияларына 62 ескерту хаттар жіберілген.

Ауаның фондық концентрациясы жоғары

Қаланың экологиялық ахуалын бақылауда «Қазгидромет» РМК ОҚО бойынша филиалының да атқарар қызметі зор. Мәселен, Шымкентте олардың 6 бекеті бар. Соның ішінде төртеуі стационар, ал екеуі автоматтандырылған. Осы құрылғылар арқылы орталық қызметкерлері адам ағзасына кері әсерін тигізетін ауадағы зиянды заттектерді анықтап, ауаның ластану индексін шығарады. Айта кетейік, стационарлық бекеттер қалада 1978 жылдан бері бар болса, ал автоматтандырылған бекеттер 2014 жылы «Нұрсәт» және «Самал-3» шағынаудандарына қойылды. «Қазгидромет» РМК ОҚО бойынша филиалының жетекші маманы Алтынай Атамбаева бекеттердің халық көп шоғырланған және көлік қозғалысы көп орындарға орнатылғанын айтады. Зертханадағы сараптама нәтижесінде облысымыздағы зиянды заттардың фондтық концентрациясының қалыпты жағдайдан жоғары екені анықталып отыр. Өйткені, тексеру кезінде көміртек көптеп анықталуда. Мұны экологтар көлік санының көбеюімен түсіндіреді.
Десек те, эколог мамандардың мәліметі көңіл көншітпейді. ОҚО экологиялық департаментінің бөлім басшысы Ержан Бестереков 2010-2014 жылдар аралығында облысымызда 197 мың тонна жанар-жағар май пайдаланылғанын алға тартты. Осылайша, жыл сайын оның қолдану көлемі 10 пайызға артып отырған. Дизель отыны 2010 жылы 5 мың тонна жағылса, 2012 жылы 6 мың тоннаға жеткен. Жылдан жылға оның қолданылу көлемі 15 пайызға артып отыр.
– Қалада соңғы жылдары көлік көбейген. Кейбір отбасында кемінде екі көліктен бар. Қоғамдық көліктерді тағы қосыңыз. Алдағы уақытта жергілікті полициямен бірлесіп, «Таза ауа» деген іс-шара өткізіп, автопарктерге бармақпыз. Кемшіліктер болса, айыппұл саламыз. Қаланың фондық концентрациясын жақсарту үшін коммуналдық автобустар мен автопарктерді газға көшіруді ұсынбақпыз. Мұнан соң, электрмен жүретін троллейбус, трамвайды іске қоссақ дейміз. Бұл жөнінде облыс әкімдігіне ұсыныс берілді, – дейді Е.Бестереков.
Айта кетейік, облыстық экология департаменті де, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері де жергілікті полицияның рұқсатынсыз рейд жұмыстарын жүргізіп, айыппұл сала алмайды. Соңғы рейдті облыстық экологиялық департаменті 2011 жылы өткізіпті. Сол кезде қоршаған ортаға зиянын тигізетін кемшіліктері бар көліктер анықталған. Соның нәтижесінде жалпы айыппұл көлемі 1 миллион 313 мың 928 теңге түскен. Жуырда экологтар қала ішінде жергілікті полициямен бірге рейд өткізуді жоспарлап отыр.
Бүгінгі таңда қоршаған ортаны ластамау үшін шымкенттік жүргізушілер газбен жүруге көшкен. Темір тұлпарды тізгіндегендердің арасында көліктеріне газ қондырғысын қойғандар көбейіп отыр. Біріншіден, ауаны ластамайды, екіншіден, газ бағасы жанар-жағар майға қарағанда әлдеқайда арзан.

Последнее изменение Среда, 25 Май 2016 05:03
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.