Апатты үйлер жаңа кейіпке енеді Избранное

Среда, 07 Сентябрь 2016 04:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4411 раз

Шымкентте тозығы жеткен үйлерді қайта жаңарту қолға алынды. Сейсмонығайту жұмыстары бүгінде Абай ауданында жүргізілуде. А. Асқаров көшесіндегі №43 а үй мен Темірлан тас жолындағы №43 а үйлерінің кем-кетігі жөнделмек.


DSCN6458

Көпқабатты баспаналар 1972 жылы бой көтерген. Барлығының дерлік шатыры тозып, қабырғалары қопсып тұр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қолдауымен енді бұл үйлердегі ақаулар жөнделіп, бүлінген тұсы жаңартылып, жаңа келбетке енеді. А. Асқаров көшесінің №43 үй тұрғындары мердігер мекеме «Ақжол-4» ЖШС-ның жұмысына дән риза. Бұрын сылақтары түсіп, есік-терезелері ескірген пәтерлерде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мердігер мекеме өздеріне жүктелген жұмысты тиянақты атқаруда. Су құбыры, жылу, кәріз жүйелері толығымен жаңартылып, ирригация жүйесі жүргізілмек. Сыртқы есіктер жаңартылып, жертөлеге дейін ретке келтіріледі.

– Абай ауданы әкімдігі апатты жағдайдағы, сейсмонығайтуды қажет ететін көпқабатты 6 үйді анықтады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне ұсыныс беріліп, биыл 4 үйді жөндеу жоспарланған болатын. Оның екеуі қаржы бөлінбеуіне байланысты 2017 жылға қалдырылды. Келесі жылы А. Асқаров №29 үй мен Бауыржан Момышұлы №43 а үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – дейді Абай ауданы әкімі аппаратының инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Гүлжан Алтаева.

DSCN6435 1

Тозығы жетіп, қабырғасы құлағалы тұрған үйде құрылыс жұмыстары қызу. Мемлекет тарапынан жүргізілген жөндеуге тұрғындар алғыстарын айтып жатыр.
– Үйіміз ескі. Бұрын шатырдан жауған жауын үй төбесінен ағып, пәтер иелерінің мазасын алатын.Қазіргі кезде үйдің шатыры жабылып жатыр. Ішіндегі жылу жүйесі мен су құбырлары ауысады. Жұмыстың сапасы жақсы болады деп сенеміз, – дейді 15 пәтер тұрғыны, зейнеткер Ару Ноғашова.

Айтқандай-ақ, қалада көшелер жөнделіп, аулалар абаттандырылуда. Дегенмен қалпына келтіруді қажетсінетін үйлер әлі де бар. Өткен ғасырдың 40-шы, 60-жылдары қамыстан салынған 2, 3, 4 қабатты үйлер жөндеуге мүлдем келмейдi. Халық арасында «хрущевка» және «ленинградтық» деп аталатын бес қабатты үйлердiң де пайдалану мерзiмi 30-50 жылмен шектеледi. Бас қаладағы тұрғын үй қорының техникалық жағдайын тексеру нәтижесiне тоқталсақ, сол кезеңдерде салынған үйлер тозып кеткен. Гүлжан Алтаеваның айтуынша, сейсмонығайту жұмыстарын талап ететін үйлерді бұзу тиімсіз.

Ал екінші үй – Темірлан тас жолындағы №43 а. Мұнда шатыр жаңартылып, үй кіреберісінде жұмыстар жүріп жатыр. Тұрғын үйлер желтоқсан айының 25-не дейін тұрғындарға тапсырылмақ.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.