×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Көшелер мен аулалар жарықпен қамтылады

Пятница, 14 Октябрь 2016 07:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4661 раз

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыс орталығында ұсақ құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Шымкент – қауіпсіз қала» аталған арнайы Жол картасы әзірленіп отыр. Оның негізгі мәні – қылмыс деңгейін 30 пайызға дейін төмендету. Жуырда қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың төрағалығымен өткен жиында өңірде орын алған қылмыстың 60 пайызға жуығы Шымкент қаласы аумағында тіркелетіні айтылған болатын.

maqsat

Басты міндет – аулаларды толық жарықтандыру

Қылмыстың ең көп шоғырланған нүктесі ретінде қаладағы «Асар», «Ворошиловка», «Көксай», «Бадам» елдімекендері аталады. Осыған байланысты, арнайы Жол картасын әзірлеген мамандар ондағы туындаған күрделі ахуалдың бірден-бір себебі ретінде жарықтандырылмаған көше бойы мен аулалардың мәселелерін атап отыр.
Сараптама нәтижесі көрсеткендей, күні бүгінге дейін Әл-Фараби ауданына қарасты Терешкова-Быковский көшелері «қауіпті нүктелердің» бірі ретінде аталатын. Кешқұрым бас қосатын ішімдікке әуес жастар мұнда жиі бой көрсетіп келген. Тіпті, ұйымдасқан түрде жасалған пәтер, көлік және қалта ұрлығы деректері де арта түскен. Тек, түнгі жарықтандыру жүйелері орнатылғаннан кейін ғана жағдай бақылауға алынып, тұрғындардың үрейі басылыпты. Аталған көше бойларымен ұзындығы 1968 метр болатын электр желісі тартылып, 68 дана жарық шам орнатылған. Өз кезегінде, қалаға қосылған елдімекен тұрғындары өз ризашылықтарын білдіруде.
– Балаларды тиісінше, мектеп пен балабақшаға жібергенде, бұған дейін орын алып келген қорқыныш сезімдерден арылдық, – дейді қуаныш сезімін жасыра алмаған көпбалалы ана Бейбіт Оспанәлиева.
Сондай-ақ, қаладағы орталық көшелердің бірі Республика даңғылының 40а үйінің тұрғыны Гүлнұр Жорабекова
сәт сайын гүлденіп-көркейіп келе жатқан шаһарда өмір сүретініне қуанады әрі мақтаныш етеді.
– Қаланың жергілікті тұрғыны ретінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып келемін. Ұл-қыздарым да осы қаламен бірге есейіп келеді. Көңілге кірбің салып келген қараңғылық жағдайы да өз шешімін тапты. Енді кешқұрым уақыттарда балаларымыз аулада алаңсыз уақытын өткізеді, – дейді ол.
Әл-Фараби ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Бақтияр Салиевтың айтуынша, ағымдағы жылы аудан көлемінде 73 аулаға 210 шам орнатылған. Тиісінше, ІІ кезең аясында 153 аулаға 459 шамды орнату жұмыстары жүргізілуде. Аудан аумағында әлі де болса 68 көпқабатты тұрғын үй ауласы жарықтандыруды қажет етеді.

Диодты шамдардың артықшылығы қандай?

Қазір қаладағы аулаларды жарықтандырумен «Ақсемсерстройсервис» және «Электростроймонтаж» мердігер мекемелері айналысуда. Күні бүгінге дейін қаладағы барлығы 1020 ауланың 334-і жарықпен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 455 аула жарықтандырылуы тиіс.
Қаланың түнгі шырайын арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әкімдік пен тұрғындар арасында ортақ түсінік қалыптасқан. Қазіргі таңда Ш. Уәлиханов, Елшібек батыр, Сайрам және Т. Рысқұлов көшелерін, Жібек жолы көшесін А. Байтұрсынов көшесіне дейін түнгі шамдарын реттеу жұмыстары қолға алынған. Ең бастысы, соңғы үлгідегі бағаналар қойылуда. Қалаға қосылған елдімекендерді, сондай-ақ, «Жұлдыз», «Сайрам», «Қайнарбұлақ» тұрғын алабының орталық көшелерін де жарықтандыру жоспарда тұр.
Қаланың түнгі тыныс-тіршілігіне айрықша реңк беретін ол – диодты шамдар. Мамандардың айтуынша, мұндай энергияны аз қажет ететін, бірақ жарық беру әлеуеті үлкен диодты шамдар ескі жарық көздерімен салыстырғанда 5 есе жарық көп береді. Яғни, 139 көше, 334 аула, 8 саябақ және 30 гүлзарға жалпы саны 1189 дана диодты шам орнатылған.

«Қатерлі нүктелер» азайып келеді

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандарының арнайы зерделеуімен алғашқы кезекте жарықтандырылуы тиіс 1-санаттағы 364 көше анықталған. Осының негізінде 2016-2018 жылдарға арналған арнайы жоспар әзірленіп, жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Яғни, биыл барлығы 139 көшені жарықтандыру көзделген. Жыл соңына дейін 40 көшеге ЖСҚ әзірленіп, 23 көшеге жарықтандыру жүйесі жүргізілмек. 4 көше қайта құрылымдалады.
– Қылмыстылық картасында қаланың «қатерлі нүктелері» саналатын аумақтар осыдан бірер жыл уақыт бұрын бірнеше ондап саналушы еді. Енді міне, ауқымды түрде жүргізілген жарықтандыру жұмыстарының нәтижесінде, «нүктелер» санымен қатар, қылмыс деңгейін біршама төмендетуге мүмкіндік туындауда. Осы арқылы, бақылау камераларының қатарын арттырып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату да ендігі міндетіміз аталады, – дейді Әл-Фараби аудандық жергілікті полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Сейтхан Пайзуллаұлы.
Сөз басында айтылған «Шымкент – қауіпсіз қала» Жол картасы аясында барлық көпқабатты үйлердің аулалары жыл соңына дейін толығымен жарықтандырылуы тиіс. Бұдан бөлек, «Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасына» сәйкес, қала көшелерін жарықтандыру жұмыстары 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Суретті түсірген М. ШАҒЫРБАЕВ

Последнее изменение Пятница, 14 Октябрь 2016 08:39