×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

«Шымкент СИТИ»-ге инвесторлардың қызығушылығы жоғары Избранное

Пятница, 05 Май 2017 04:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 7145 раз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда Оңтүстікке жасаған сапары кезінде: «Биыл Шымкенттi 1 миллион тұрғыны бар қала деп жариялаймыз. Миллионды шаһар осылайша өңiрдiң дамуына тың серпiн береді», – деген болатын. Елбасы бұл сөзді бекерден-бекер айтқан жоқ. Шымкент үшінші мегаполис ретінде жан-жақты дамыған үлгілі қала болуы тиіс. Қазір Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы бекітілген. Осы Тұжырымдама шеңберінде қаламызда жүзеге асып жатқан ерекше жобаның бірі – «Шымкент СИТИ» жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені. Қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің жанында 427 гектарды алып жатқан ол аумақта жол салынып, инфрақұрылым жұмыстары қарқын алған.

shymcity 37-2

Асфальт төсеу жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр

Ауқымды жобаның құрылыс барысын таныстыру мақсатында осы аптада қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров пен жауапты сала өкілдері жергілікті БАҚ өкілдерімен бірге «Тұран» шағынауданына барды. Онда журналистер қауымына «Шымкент СИТИ» аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, қаланың болашақ бет-бейнесін таныстырды. 

Әкім орынбасарының баяндауынша, жоба құрылысына республикалық бюджеттен 15 млрд теңге қарастырылған. Инженерлік-коммуникациялық жұмыстары келесі жылы аяқталады. Яғни, асфальт салу жұмыстары толық бітеді. Жоба толықтай аяқталғанда жаңа қалашықта 70 мың адам қоныстанады.

20170503 151609

– «Шымкент СИТИ»-ді бүгінде қаланың басты құрылыс алаңы деп айтсақ та болады. Себебі, бұл кешен заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, өмір сүруге және кәсіп жүргізуге қолайлы, ең жоғары стандарттарға жауап береді. Бұған Елбасымыз да ерекше көңіл бөліп, қадағалап отыр. Қазір мұнда 10 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Бірінші бөлікте 25 гектарды игереміз деп жатырмыз. Сосын 75 гектар болатын саябақтың жобасы жасалуда. Биыл онда жұмыстар басталады. Қазіргі таңда жобаға елімізден және шетелден көптеген инвесторлар қызығушылық танытуда. Атап айтқанда, олар – «Отау групп», «Базис», BI Group компаниялары. Сондай-ақ Қытай, Түркия және Малайзиядан көптеген инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, – деді Нұралхан Көшеров.

shymcity 37

300-ден астам көпқабатты тұрғын үй бой көтереді

Жобалаушылардың мәлімдеуінше, «Шымкент СИТИ»-де жанға жайлы қажеттіліктің бәрі қарастырылмақ. Мұнда 7 мектеп, 21 балабақша, 2 емхана ғимаратын салу жоспарда тұр. Мұнда жалпы 316 тұрғын үй бой көтереді. 9, 12, 16 қабаттан тұратын баспаналар құрылысының орталығында көлемі 75 га болатын саябақ алаңы орналаспақ. 

– Жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер құрылысына 300 млрд теңге шамасында қаражат жұмсалмақ. Оның 200 миллиарды инвесторлардан болса, қалған 100 млрд «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша іске асады. Мұндағы пәтерлерге тұрғындар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы қол жеткізе алады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, «Шымкент-сити» аумағында дәл қазір тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүргізілуде. Алғашқы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы да бітуге жақын. Биыл жыл соңына дейін 5 көпқабатты үй аяқталады, – деді әкім орынбасары. 

Қазіргі таңда «Шымкент СИТИ»-де көше құрылысы мен 10 үйдің (әрқайсысы 54 пәтерден тұрады) инженерлік коммуникациялық жұмыстар жүргізілуде. 

 

Бәрі де тұрғындар игілігі үшін...

Н. Көшеров коммуникациялық жұмыстардың барысына да тоқталды. Айтуынша, бұл жұмыстар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында іске асырылуда. Жұмыстар биыл бітсе, келесі жылы пайдалануға беру жоспарда тұр. Ал жолдардың басым бөлігі осы жылы төселмек. Ал қалашықтағы аяқжолдар мен велосипедтерге арналған көшелерді салу кезегі келесі жылдың еншісінде. Өйткені, аяқжолдар түсетін нысандарға биыл коммуникациялық қажеттіліктер жүргізілетін болады. 

DSC 4583

– 3500 көрерменге арналған кино концерт залын салуды ұйғарып отырмыз. Мұнан бөлек, әзірге, біз «Шымкент Арена» (сыйымдылығы 8 мың адам) спорт кешені бой көтеретін болады. Қазір құрылыс жобасы жасалып жатыр. Мұнда, ең бастысы, шаһар тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау. Жобамыздың ішінде ауданы 24 га болатын бизнес-орталықтың құрылысын салу да көзделген. Қазір республикалық бюджет қаржысының есебінен тек инфрақұрылым жұмыстарын және қолжетімді түрғын үйлер құрылысын жүргіземіз. Қалғаны толық жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылады, – дейді қала әкімінің орынбасары БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қала әкімдігінде өткен кезекті жиында «Шымкент СИТИ»-дің жай ғана жаңа кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін бар жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болатынын айтқан еді. Шын мәнінде, «Шымкент-сити» – қаламызды үшінші мегаполиске айналдыру бойынша қолға алынған ерекше жоба. Қалашықтың құрылысы 2020 жылға таман толық аяқталған жағдайда, бұл мекен барша қала тұрғындарының мақтанышына айналатыны сөзсіз.

 

Қысқа-нұсқа:

«Шымкент СИТИ» қалашығы – шаһардың солтүстік аймағында, Бәйдібек би ескерткішіне таяу маңда орналасқан нысан. Жалпы ауданы – 427 га. Қалашық 70 мыңға жуық тұрғынға есептелген. Аудан заманауи инфрақұрылымымен, тұрмыста, бизнесті бастауда қолайлы жағдайымен және ең жоғары қала құрылысы мен сәулеті жөнінен ерекшеленеді. Аталған жоба Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы аясында іске асырылуда.

Последнее изменение Пятница, 05 Май 2017 05:58
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.