Троллейбус қозғалысы неге тоқтап тұр?

Среда, 17 Май 2017 05:30 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4124 раз

«Қазгидромет» орталығының мәліметінше, Шымкент қаласында атмосфералық ауаның ластану көрсеткіші – 8,1. Бұл еліміз бойынша ластану деңгейі тым жоғары үшінші қала екенімізді көрсетеді. Қалада газ бен түтінді азайту үшін электрлік транспортты дамыту қажет.

traleibus shymkent

Шаһар басшысы Ғ.Әбдірахымовтың бастамасымен өткен жылы «Shymkent byke» автоматтандырылған велосипедті жалға алу жүйесі іске қосылғанын білеміз. Автомобиль мен қоғамдық көлікке балама ретінде, қала тұрғындары мен туристерге қатынауға қолжетімді көлік ұсыну мақсатында іске қосылған жобаға қызығушылар көп. Дегенмен, троллейбустың жолаушылар тасымалындағы артықшылықтары көп болар еді.

Қоршаған ортаға залалы жоқ

Бұрын, яғни, 2000 жылдың басына дейін Шымкентте Теміржол вокзалы, Әуежай, Ипподром, қазіргі Бәйдібек би даңғылына дейін троллейбус жүретін-ді. Ал троллейбус – бірден-бір экологиялық таза көлік түрі саналады. Қазір қаланы көк түтінмен көміп жүрген көне шағын автобустар сол троллейбустың «тобығынан» келмейді. Ендеше троллейбустар қайда кетті?! Бұрынғы №4 троллейбус паркінде басшылық қызмет атқарған Бекәділ Тойшыбековты осы мәселе қатты алаңдатады. 

– №4 троллейбус паркі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті ғой. 8 шағын станциясы болатын. Соның әрбір кірпіші мен сымына дейін сатылып кетті. Кеңес үкіметінен жалғасып келе жатқан жұмыстың бәрі зая кетті, – дейді Бекәділ Тойшыбеков. Ол бір кездері тарыдай шашылып жатқан 70 троллейбустың жарамдысын жинап, жарамсызын жөндетіп, парктің 12 млн қарызынан 6 миллионын қайтарып еді. Тапқан табысының бәрін сол паркке құйған-ды. Оған дейінгі басшы шығынға батырып кетсе де, мойымай, жүйелі жұмыс істеп, жұмысшылардың жалақысын төлейтін дәрежеге жетті. Сөйтіп, әупірімдеп аяққа тұрған кезде троллейбус паркі ауционға салынды. Бүгінде Бекәділ Тойшыбеков әр жерде қалып қойған тролллейбус сымдары жалғанатын ағаш бағаналарға қарап, әлде де үміт ұшқынын жаққысы келеді.

– Қала транспортына троллейбусты қосу керек. Қоғамдық көліктің бұл түрі экологиялық жағынан тиімді. Соляркамен жүретін автобустың түтіні бұрқырап, ауаны ластайды. Бұрын МАИ қызметкері ауа таза болсын деп бәсеңдеткішке тежегіш қойылғанын тексеріп тұратын. Қазір МАИ-дің онымен мүлде жұмысы жоқ. Қала келешегі үшін экологиялық жағынан тиімді бағыт ашу керек. Қазірдің өзінде бензин бағасы 150 теңгеге дейін барады. Ал жарық арзан. Троллейбустың жолақысы арзанырақ болса, адам ағылып мінеді. Ішіне 100-120 адам сыяды. Түнгі 23.00-24.00-ге дейін ешкіммен бәсекелеспей, өз уақытымен жүреді.

Троллейбус тағдырына алаңдайтындардың бірі – «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов.

– Сол кезеңде сымдардың 80 пайыздайы су жаңа еді. Коммуналды жекеменшік деді де, аукционға салынып, мыс сым, трос, бәрі сатылды. Екі жылдың ішінде бәрі келмеске кетті. Мына тиіп тұрған көрші Тараз сақтап қалды. Қазір троллейбус бағыты жұмыс істеп жатыр. Троллейбусты тоқтатып қойған күннің өзінде станциялар, сым, бағаналарын сақтап қойғанда, бір-екі жылдан кейін қайтадан жүргізуге болар еді. Ал енді ол троллейбус бағытын ашып, іске қосуға қыруар қаржы керек, – дейді Д.Қаюпов.

Әлемде қалай?

Бүгінде бүкіл әлем бойынша дизельді автобустан гөрі экологиялық таза әрі тыныш электрлік транспорт түрін таңдау тенденциясы қалыптасуда. Көрші Ресейдің астанасында 2020 жылға дейін троллейбусты мүлде алып тастап, дизельді автобусқа өту туралы тұжырым жасалған. Алайда, жергілікті мәскеуліктер қала билігінің бұл шешімін құптамай, электрлік транспорт түрін қалдыруға мүдделі. Троллейбустың көптеген тиімді тұстарын алға тартқан мәскеуліктер аталған қоғамдық көлік түрін қаланың тарихи нышанына балайды. 

Сонымен қатар Еуропаның көптеген елдерінде троллейбусты қатты бағалайды. Мәселен, Швейцарияның ірі қалаларында ол негізгі көлік түрі болып есептеледі. Жергілікті өнертапқыштар Женевада жолаушылардың қуанышына орай Tosa атты байланыссыз троллейбусты ойлап тапқан. Бұл қоғамдық көлік түрі үнемі электр энергиясымен байланысқа түспей-ақ, маршруттың өзіндегі қуатпен-ақ жұмыс істей береді. 

Белоруссияның Гродно қаласында алғашқы байланыссыз троллейбус іске қосылған. Қуат көзі 15 шақырымға дейін жетеді. Бұл маршруттың жартысын айналып шығуға толықтай жетеді. Жаңа троллейбустарға жүргізушілермен қатар жергілікті биліктегілер де қуанып жүр дейді. Себебі, ол электр энергиясын 30 пайызға үнемдейді. 

Байланыссыз троллейбустар сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда, Ұлыбританияда, Қытайда қатынайды. Шанхайдың көне троллейбустық маршрутына биыл 100 жыл толған. Осыдан біршама уақыт бұрын Бейжіңнің жергілікті билігі троллейбусты автобусқа айырбастамақ болған, алайда, мегаполисте бұл тәжірибе экологияның күрт нашарлауына әкелген. Қазір қытайлықтар транспорттың бұл түрін барынша дамытып, таяу арада 20 жаңа троллейбус маршрутын іске қоспақшы. Мұнымен бірге қытайлықтар электробустарды да пайдаланады. 

Қазір Еуроодаққа мүше елдердің ішінде ең ірі троллейбус желісі Афины қаласында. Онда 23 бағыт бойынша 366 көлік қатынайды. Троллейбус өндірісінің отаны – Германияда троллейбусты трамвайлар ығыстырып шығарған. Ал Афиныда жағдай керісінше орын алған, 1960 жылы трамвай желісі жабылып, оның орнына троллейбус іске қосылған. 

Троллейбустар Еуропа мен Азияда ғана қолданылмайды, Солтүстік Америкада да қажеттілікке ие. Канаданың Ванкувер қаласында және АҚШ-тың Бостон, Дейтон, Сиэтл, Филадельфия штаттарында халыққа қызмет көрсетеді.

Тұрғындар көзімен...

Ал өзіміздің елімізде троллейбус Алматы мен Таразда әлі де халыққа қызмет көрсетіп жатқанын білеміз. Қарағандыдағы электрлік транспорт түрі тоқтап қалған деседі. Шымкентте де тоқтағанын тілге тиек етіп отырмыз. Осы мәселеге қатысты жергілікті тұрғындардың пікірін білмек болып бір-екеуін сөзге тартқан едік. 

«Отырар» шағынауданының тұрғыны Саймасай Әділжанов қаладағы бұрынғы троллейбус паркінің жұмысын жақсы біледі екен. 

– Біріншіден, экологияға пайдалы. Екіншіден, электрмен жүретін болғандықтан, экономикалық жағынан тиімді. Үшіншіден, тыныш. Ол жолаушыларға қолайсыздық тудырмайды. Төртіншіден, техникалық жабдықтары да арзан. Бесіншіден, троллейбус автобусқа қарағанда 50-80% көп уақыт қызмет етеді, –дейді ол. 

21-ші шағынауданның тұрғыны Әскербек Сейділдаевтың айтуынша, кептелісті троллейбустар емес, соның жолына тұрып алатын қаптаған көліктер туғызады. Егер де троллейбустың техникалық ахуалын ретке келтірсе, онда үстіндегі жарық жалғағышы желіден шығып кетпейді.

Муниципалды автопарк қажет

Қала экологиясына оң әсер ету үшін троллейбуспен қатар муниципалды автопарк ашу мәселесінің де толғағы жеткен. Күн тәртібіндегі көкейтесті мәселелерге байланысты Шымкент қаласы Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқынбек Байдуллаев былай деп жауап берді: 

– Муниципалды автопарк ашу мәселесін қаланың экс-әкімі Дархан Сатыбалды «Астана мен Алматыда бар, бізде неге ашпасқа?!» деп күн тәртібіне қойған еді. Сол кезде біздің бөлім республикалық Монополияға қарсы агенттікке хат жазған болатын. Агенттіктегілер: «Жеке компаниядан алып қойып, мемлекеттікін қоюға Заң бойынша құқымыз жоқ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен жұмыс атқарылады», – деп рұқсат бермеген. Заңға өзгеріс енгізбейінше, муниципалды автопарк жақын арада ашылмайды. Ал троллейбус паркін ашу – болашақтың еншісінде. Себебі, оған қаржы қарастырылмаған.

Тобықтай түйін

Бәлкім, біздің бұл ұсынысымызды біреулер еріккеннің ермегіне балар. Енді біреулер «бүйректен сирақ шығарды» деп тыжырынуы да мүмкін. Бірақ, қаламыздың келешегі үшін троллейбус бағытын қайта жандандыру қажетттігін уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Тұрғындардың көпшілігі қоғамдық көліктің бұл түрі қайта іске қосылғанын қалайды. Миллиондық қала атануға аз қалған тұста осы мәселені ойланғанымыз абзал. Себебі, күн өткен сайын адам саны көбейгеннен кейін экологиялық һәм экономикалық жағын қарастыруымыз керек.

Последнее изменение Среда, 17 Май 2017 06:11
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.