Біріккен Араб Әмірлігінің кәсіпкерлері Шымкенттен қант зауытын салуға ұсыныс білдіріп отыр. Сонымен қатар Оңтүстіктен тұрақты түрде қой сатып алуға ниетті.
Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуінде еліміздің БАӘ-дегі Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф мәлім етті.
– Бүгінде екі ел арасындағы инвестициялық тартымдылық жоғары деңгейде. Осыны ескере отырып, Біріккен Араб Әмірлігінің Оңтүстіктен қант зауытын салу жөніндегі ұсынысы өз күшінде екенін айта кеткім келеді. Сондай-ақ араб елі өзге де салаларда қарым-қатынасты нығайтуды жоспарлап отыр, – деді Қайрат Лама Шариф.
Кездесу барысында Жансейіт Қансейітұлы Біріккен Араб Әмірлігі тарапынан жасалған инвестициялық ұсыныстарды толығымен қолдайтынын жеткізді. Өңір басшысы БАӘ-нің ірі сауда орталықтарынан Оңтүстік өнімдерін сататын бөлімдер ашу мәселесін де қозғады. Сондай-ақ «Шымкент-Шарджа-Шымкент» бағытында әуе рейсін ашу жайын да талқылады.
Айта кетейік, халқының саны 500 мыңға жуық Шарджа қаласы БАӘ-нің мәдени астанасы саналады.