Абай ауданы: тұрғын үйлер қысқа дайын ба? Избранное

Понедельник, 23 Октябрь 2017 10:56 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3244 раз

Жылыту маусымында оның сапасына көңілі толмайтын тұрғындар шағымы аз болмайды. Абай Аудан әкімдігінің жауапты мамандары жылу берушілермен бірлесіп, осы маусымда дайындықты ерте көктемде түсіндіру жұмыстарынан бастаған.

Шымкент қаласының Абай ауданында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 424 көпқабатты тұрғын үй бар.

424 көпқабатты тұрғын үйдің 248-і «Қуатжылуорталық - 3» ММК, 40-ы «ЖилкомхозШымкент» ЖШС, 10-ы «Энерго Строй Сервис» ЖШС мекемелерімен келісімшартқа отырған. Үйдің ішкі жылу жүйесі, ыстық сумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары бойынша тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 417 тұрғын үй сығымдау жұмыстарынан өткен. Сала мамандары ауданға қарасты тұғын үйлер қысқы маусымға дайын болғанымен, шешілмеген мәселелер бар дегенді алға тартты.

– Абай ауданындағы тұрғын үйлердің басым бөлігі тозығы жеткен. Үйлердің коммуналдық жүйесі ескіргендіктен қызмет көрсету мекемелерінің көмегінсіз қиын. Тұрғындар осы мәселені түсініп, баспаналарындағы коммуналдық жүйесіндегі ақауды жөндеу жұмыстарына ұқыптылық танытса дейміз. Биылдың өзінде аудан аумағында қаншама жылу құбырлары жаңартылды. Мәселен, 8 шағынауданы Мамытов көшесіндегі жылу құбырлары толығымен ауыстырылды. Енді, биылғы маусымда аудан аумағындағы үйлерде жылудан мәселе туындамайды. Қазандыққа дейін жеткен сапалы жылуды тұрғындар ары қарай қабылдай алмаса, әкімшілік жауап бермейді, – дейді Абай ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Гүлжан Алтаева. 

Әкімдік қызметкерлері сапалы жылу тұтынғысы келсе, қызмет көрсететін мекемелермен келісімшартқа отыруға тиіс дейді. Ол үшін қалалықтар кәсіби мамандарға ай сайын 300 теңге төлеуі тиіс. Бірақ, оған ниеттілер аз көрінеді. «Қуатжылуорталық - 3» мекемесі бұл мәселеде халықпен келісімшарт жасауды бастап та кеткен. Егер айтылған мөлшердегі қаржыны тұтынушылар төлеп тұрса, жылу берушілер маусым бойы техникалық қызмет кәрсетеді. 

Абай ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалмұратов тұрғын үйдің жертөлесіне жылу есептегіш құралдарын орнатудың маңызды тұстарын айтып берді. Күні бүгінге дейін 54 тұрғын үйге есептеуіш құралдар қойылыпты. Соның арқасында жылуға төлемақы 40 пайызға төмендеген.

Шымшаһарда қыстың қытымыр мінезі байқала бермейді. Бірақ, табиғаттың тосын мінезіне сенім жоқ. Сол себепті, қысқа дайындықта тұрғындардың өздері де жауапты болғаны дұрыс.

 

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.