Ескі қалашық жаңарады Избранное

Среда, 28 Февраль 2018 04:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 896 раз

Шымкенттің ескі қалашығы жаңару дəуіріне қадам баспақ. Қалалық әкімдік көне қалашықтың орнын сақтап қалуды ғана емес, қайта жаңартуды көздейді. Бұл туралы Шымкенттің бас сәулетшісі Нұрлан Архабаев мәлімдеді.

Шаһар әкімдігінің көне қалашыққа қатысты жасаған арнайы жоспары бар. Жуырда қала әкімі бастаған топ Шымкенттің ескі бөлігін аралап шықты.

– Жұмысшы топ Цитадельде болдық, Қошқар ата өзені бойымен Жангелдин көшесіне дейін жүріп шықтық, – дейді Нұрлан Архабаев. – Сол сапарымызда қаланың аталған орындарының барлығын біріктіріп, Шымкенттің тарихи бөлігіне айналдырсақ деген шешімге келдік. Барлық қалаларда туристер бірінші кезекте жаңаны емес, ескі, тарихи аймақты көруге құмартады.

Біздің шаһарымызда да сондай орын болса деген жоспарымыз бар.

Жұмыс тобын алғашында Цитадельді «Шымкент-плаза» сауда ойын-сауық орталығына дейін қосатын тіке көше салуды ойластырған екен. Дегенмен, кейін ескі қалашықты аралау барысында шаһар әкімі Нұрлан Сауранбаев қазіргі көшелерді сақтап қалуды ұсынды. Ол көшелер «Шымкент-плаза» орталығының артындағы аумаққа тікелей шығады. Жəне сондағы аумағы 1 га жерді гүлзарға айналдыруға мүмкіндік бар.

– Бұл көшелерде қызмет көрсету орындарын жасауға болады, – деді қала әкімі Н.Сауранбаев. – Яғни, сол үйлердің иелеріне қолөнер шеберханаларын, шайхана, ескі үлгідегі шағын қонақ үйлер салуды ұсынамыз. Осылайша Шымкентке келген туристерге көне қалашықты аралауға жағдай жасауға болады.

Әкімнің пікірінше, Европаның үлкен қалалары туристерді алдымен тарихи бөлігімен қызықтырады. Ал осы жоба жүзеге асса, ондай орындар біздің қалада да болмақ. Ол үшін осы аумақты көріктендіріп, барлық ғимараттың сәулеттік үлгісін бір ізге түсіру керек. «Бұл жобаны Шымкенттің ТМД мəдени астанасы жылы аясында іске асыруға болады» дейді әкім.

Жұмыс сапары кезінде қала әкімі ескі қалашықтың ақсақалдарымен жолықты. Олар Қошқар ата өзені бойын серуен алаңына айналдыру туралы ойды қолдады. Жоспар іске асса, серуен алаңы өзеннің екі жағалауынан 10 метр жерді алатын болады. Ақсақалдар осы орайда өзен бойы тек демалатын орын ғана емес, таза бұлақтың көзінен су ішетін мекен болғанын естеріне алды. Тұрғындар осы аумақта жүргізілетін құрылысты қолдап, серуен алаңының тазалығын қадағалайтындарын айтты. Енді осы жоспар аясында ең алдымен атқарылар жұмыс – үйлерден өзенге қалдық су ағызуды тоқтату.

Жауапты мамандар қаладағы Қонаев даңғылын созу жоспары өз күшінде дейді. «Қаланың солтүстігі мен оңтүстігін қосатын басқа амал жоқ. Ал Шымкентте көлік қозғалысы аса маңызды» деп қорытындылады Нұрлан Архабаев.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Орталық саябақ жаңартылуда Тазалыққа шақырды »