Алты айда 628 нысанның қасбеті жаңартылды Избранное

Пятница, 27 Июль 2018 04:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 165 раз

Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты ішкі орамдық жолдар мен аулалар 10 аумаққа бөлініп, жауапты мамандар санитарлық тазалау жұмыстарын тұрақты түрде қадағалауда.

DSC 0777

Ауданда бүгінге дейін 15 рет сенбілік ұйымдастырылған. Қала аумағына қосылған елдімекендер бойынша да күл-қоқыс шығару, ирригациялық жүйелерді тазалау, көше бойындағы ағаштарға санитарлық қырқу жұмыстары жүргізіліп, әктеу және жаңа көшеттер егу, қураған шөптерді ору жұмыстары тұрақты түрде атқарылады. Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев 2017 жылы тұрғындардың 97%-ы қатты тұрмыстық қалдықты шығару үшін тиісті мекемелермен келісім-шарт жасағанын айтты.
– 2018 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді межелеп отырмыз. Дегенмен, ауданда жаңа құрылыс аумағы көп. Жаңадан қосылған аудан тұрғындарын да дер кезінде қала көркін еселеуге шақыратын боламыз. Бір қуантарлығы, 2017 жылы Қаратау ауданынан «Таза қала» байқауына «Үздік аула» номинациясы бойынша – 40, «Үздік көше» бойынша 45 көше қатысса, биылғы байқауға қатысу үшін 45 аула мен 48 көше өтініш білдірді. Бұл қаланың тазалығы мен көріктендіру жұмыстарына шаһар тұрғындарының да ықыласы зор екенін білдіреді, - дейді аудан әкімінің орынбасары.Сондай-ақ, қала әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, Қаратау ауданында 2018 жылдың алғашқы 6 айында 628 нысанның қасбеті ретке келтірілген. Ал 12 көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісі тұрғындардың өз есебінен қайтарымды негізде (пайызсыз) жөнделді. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғаса бермек.
Бұған қоса Қаратау ауданы әкімдігінің қызметкерлері жыл басынан бері 33 ауланы толық абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату үшін, сонымен қатар, қоқыс жинауға арналған 22 заманауи павильон дайындап, орналастыру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, бюджетке ұсыныпты. Жыл басынан бері аудан тұрғындарының игілігіне әкімшілік-іскерлік орталығындағы Астана аллеясы мен Сайрам тұрғын алабындағы Наурыз саябағы пайдалануға берілген.
– Қаратау ауданында көрікті әрі тұрғындарға тиімді нысандардың санын көбейту өте маңызды. Жастарды спортқа баулу, бұқаралық спортты дамыту мақсатында тағы 9 жер теліміне Шымкент қаласы әкімінің қаулысы қабылданып, оның төртеуіне мемлекеттік акт алынды, – дейді М.Тәжібаев.Сондай-ақ, Сайрам тұрғын алабындағы Наурыз саябағына балалар әткеншегін, ойын-сауық және басқа да элементтерді қоюға «Аширбаев О.Т.» жеке кәсіпкерлігі қолдау көрсетті. Кәсіпкер алдағы уақытта тағы 20-30 адамды жұмыспен қамтып, айналаны шолу аттракционын орнатуды жоспарлап отыр.

«Таза қала» байқауында белсенді

Шырайлы Шымқаланың 453 көпқабатты тұрғын үйі мен 258 ауласы және 858 көшесі Абай аудандық әкімдігіне қарайды. Мұндағы санитарлық тазалық, күтіп-ұстау жұмыстарына «Спецавтотранспорт» ЖШС, «Бадам Тас» ЖШС, «Ақсемсер» ЖШС, «Айдынбек» ЖШС мекемелері жауапты.
Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш Төле би, Ордабасы, Сайрам аудандарынан қосылған тұрғын алаптарда қатты тұрмыстық қалдықты шығару жұмыстарын түсіндіру жалғасып жатқанын хабарлады.
– Жылжымайтын мүлкін рәсімдеген жекеменшік жер үйлердегі қала тұрғындары келісімшарт жасады. Ал аудан аумағындағы 453 көпқабатты тұрғын үй мен ішкі орамдық көшелердегі қураған талдарды бұтау, аулалардағы жасыл желектерді кесіп, ретке келтіру, шөптерді ору жұмыстарын «Аяулы алақан» ЖШС, «Төле би» ЖШС, «Молшылық-1» ЖШС атқаруда, - дейді Н.Тілеш.
Шымкент қаласы бойынша өтетін «Таза қала» байқауына қатысуға биыл Абай ауданынан 60 көпқабатты тұрғын үй төрайымы және 48 көше төрағасы өтініш білдірген. Мұның өзі қала тұрғындарының таза да көркем шаһарға деген ықыласын, үшінші мегаполиске деген сүйіспеншілігін айқындай түссе керек. Ал біз болашағы зор қалада бұл бағыттағы жұмыстардың жандана беретініне сенім артамыз.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.