Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесі қиылысындағы жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті өткелінің құрылысы биыл аяқталады.
Бұл туралы Шымкент қалалық әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрханов мәлім етті.
Естеріңізге салсақ, аталған жерүсті өткелінің құрылыс жұмыстары 2015 жылы басталған болатын. Сол кезде құрылыс жобасымен және жұмыс барысымен танысқан шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов тұрғындардың шағымына орай бірқатар өзгеріс енгізуді тапсырған-ды. Оған сәйкес көпір жобасында поликарбонаттан жасалған шатыр, қимыл мүмкіндігі аз тұрғындарға арналған жеделсаты орнатылып, тірек бөліктері кеңейтілетін болды. Бұл өзгеріс болашақта көпірге эскалатор орнату үшін енгізілді.
Қазіргі таңда өткелдің құрылысы аяқталуға жақын. «Г» тәріздес етіп салынған құрылыс нысанында жерасты коммуникациялары мен ирригациялық жүйе орнатылып жатыр. Бүгінде жолдың барлық бөліктеріне тіреулер орнатылып біткен. Қала әкімдігіндегі жауапты мамандардың мәлімдеуінше, өткел биыл желтоқсанға дейін ел игілігіне берілмек.
– Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесі қиылысында жаяу жүргіншілердің қарасы қалың. Соның салдарынан көлік кептелісі жиі болып жатады. Жаңа өткел тұрғындардың ары-бері өтуіне ыңғайлы болады. Алдымен баспалдақ арқылы өтетін жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға беріліп, сосын эскалатор іске қосылады. Алда соңғы кезеңнің жұмыстары қалды, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары А.Тұрханов.