3-Энергоорталық: дамудың жаңа көкжиегі Избранное

Пятница, 12 Октябрь 2018 04:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 252 раз

2018 жылдың басында Шымкенттегі «3-Энергоорталық» АҚ жетекшілігінде акционер ауысты. Шаһардағы басты жылу шығаратын мекеме халықаралық Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының бір бөлігіне айналған соң не өзгерді? Бұл туралы «3-Энергоорталық» АҚ бас директоры Жақып Хайрушев әңгімелейді.

DSC09195-1

Экономикадан жаңғыруға дейін

– Біздің алдымызға бірнеше нақты тапсырма қойылды. Олар – жылу қазандығын барынша қуаттылығымен жұмыс істеуге дайындау, электр станцияларының экономикалық жағдайын тұрақтандыру, өндірісті жаңғырту және жаңа әлеуметтік саясатты енгізу, – дейді Жақып
Ғалиұлы. – Негізі, Еуразиялық Топ (ERG) секілді ірі компанияның коммуналды электр станциясын басқаруға алып, онда инвестиция жұмылдыруы бірегей жаңалық деуге болады. Жалпы, 3-жылу энерго орталығы тек коммуналды шаруашылық қана емес, ауқымды энергетика. Жетекшілеріміздің жаңа әлеуметтік саясаты ұжымға жағымды өзгерістер алып келді. Жаңа басшылық әлеуметтік мәселелерді шешуді басты ұжымдық мақсат етіп алды. 30 жылдан бері алғаш рет 3-жылу энерго орталығында еңбек ұжымын әлеуметтік қолдаудағы ең ірі жобалардың бірі жүзеге асырылуда.

Басты көрсеткіш – әлеуметтік жағдай

Бүгінде 3-ЖЭО-ның станциясында 650-ге жуық адам жұмыс істейді. Жаңа жетекшілердің әлеуметтік бастамалары жұмысшылардың барлығына қатысты.
– 2018 жылдың мамыр айынан біз өндірістік мамандардың жалақысын орта есеппен 20 пайызға көтердік, – деп жалғастырды сөзін Ж.Хайрушев. – Айта кетейік, ол үшін жылудың тарифін қымбаттатпай, ішкі мүмкіндіктерді пайдаландық. Сонымен қатар жұмысшыларымызға он үшінші жалақы қарастырылған. Зауыт асханасындағы бағаны 650 теңгеден 250 теңгеге дейін (инженер-техниктер үшін – 500 теңге) төмендеттік, ас мәзірін жаңаладық. Енді асханадан тамақтанатындар саны едәуір көбейді.
Кәсіпорын жұмысшылары үшін жағымды жаңалықтың бірі – жұмысқа апаратын қызметтік автобустың ақысын да мекеме төлейді. Персоналдарды оқыту үрдісі де жаңа белеске көтерілген. ERG компаниясының өкілдері өндірістік жұмысшылар ешқандай қысқартуға ұшырамайды деп отыр. Керісінше, ішкі әлеуетті ұлғайтып, жұмысшылар сапалы оқытылмақ. Еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмысқа қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылуда. Кәсіпорында еңбек күзетінің заманауи басқару жүйесі енгізілген. Жаңа ережелердің сақталуына бөлім басшылары тікелей жауапты. Салауатты өмір салтына да көп көңіл бөлініп, кәсіпорын жұмысшылары ERG спартакиадасына қатысты. Олардың алдағы уақытта футбол ойнауы үшін алаң жалға алынған. Енді жетекшілер жеке шынықтыру-сауықтыру кешенін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
– Біз жас мамандарға жетекшілік ету тәжірибесін қайтадан қолға алмақпыз, – дейді Жақып Ғалиұлы. – Оны жүзеге асыру регламенті бекітіліп те қойды. Себебі, бізге жас мамандар келеді, оларды іс-тәжірибеде үйрету керек. Мысалы, мен Алматыдағы энергия институтын аяқтап, Екібастұз ГРЕС-1 мекемесіне келгенімде жетекшім жұмыстағы әр түйткілді үйретіп, мамандығыма деген құштарлықты қалыптастырды.

Инвестициялық бағдарлама

Ж.Хайрушевтың айтуынша, ERG компаниясында өндірісті жаңғыртуға арналған инвестициялық бағдарлама жасалып, нақтыланған.
– Биыл осы бағдарламаны жүзеге асыруға 1 млрд теңгеден астам қаржы қаралған, – дейді бас директор. – Қазір біз сатып алып жатқан кейбір құрылғылар станцияда бұрын алынбаған немесе 20 жылдан бері ауыстырылмаған. Осылайша жұмысшылардың еңбекке деген құлшынысын арттырамыз деп ойлаймыз. Ал келесі жылға инвестициялық бағдарлама аясында жаңғыртуға биылғыдан да көп қаржы бөлу қарастырылған. Тек құрал-жабдықтар сатып алып қана қоймай, ғимарат пен тұрмыстық жайларды жөндеу жоспарда бар. Ал қазір Шымкенттегі 3-ЖЭО-на арналған 10 жылдық инвестициялық бағдарламаны жасауға кірістік.
Көпшілікті кәсіпорынның жұмысы тұрақталған соң ішкі нарыққа электр энергиясын жеткізу көлемі арта ма деген сұрақ қызықтырады. Біздің электр станциямыздың нақты қуаттылығы – 160 МВТ. Әдетте, қыстың қақаған аязында станция осы көрсеткішпен жұмыс істейді. Одан ары мөлшерге техникалық мүмкіндік жоқ. Қазіргі таңда қуаттылығы 480 МВТ болатын жаңа газтурбина қондырғысын салу мүмкіндігі қаралуда. Техникалық жағдай қарастырылып жатыр. Егер бұл жоба жүзеге асса қуатылығы 3 есе артады. Бұл бізге не береді? Жаңа газ-турбиналы қондырғыны іске қосу арқылы біз өңіріміздегі энергия тапшылығы мәселесін шешіп, Шымкенттің қажеттілігін 100% жабар едік.

Тариф туралы

Станцияның тарифтері мемлекет тарапынан бекітілген: электр энергиясына – Энергетика министрлігі, ал жылуға – монополияға қарсы орган.
– Әзірге жылу-энерго орталығы жылу энергиясының тарифін көтеруді қарастырып отырған жоқ, – дейді Ж.Хайрушев. – Жылу өндірісі шығын әкеліп жатқанына қарамастан біз жылудың бағасы – әлеуметтік мәселе екенін түсінеміз. Біз қалаға жылуды монополияға қарсы орган бізге 5 жыл мерзімге – 2021 жылға дейін бекітіп берген тарифпен береміз. Бұл баға тек 3-ЖЭО-ның отыны – газдың бағасы көтерілген жағдайда ғана қайта қаралуы мүмкін.
Ал сол газды жеткізуші – «ҚазТрансГаз» компаниясы мен біздің арамызда қазір ешқандай түсініспеушілік жоқ. Біз олармен іскерлік, әріптестік қатынас орнаттық, туындаған мәселелер келісіммен шешілуде. Жылу-энерго орталықтың алдында қарызы бар «ҚуатЖылуОрталығы» мекемесімен де келісіммен жұмыс істеп жатырмыз. Олардың жағдайын түсінеміз: тұрғындармен жұмыс істеу – оңай емес. Тұтынушыдан жылудың ақысын дер кезінде жинап алу – Қазақстандағы барлық жылу желілерінің проблемасы.

Экологиялық ахуал қандай?

Бас директордың айтуынша, жақын болашақта станция газбен жұмыс істейді. Көмірге өту әзірге жоспарланбаған. Негізі көмір жағылғанда одан шығатын түтінді залалсыздандыруға көп қаржы бөлінетін технологиялар бар. Мамандардың айтуынша, қазіргі технологиялар арқылы сол зиянды қалдықтарды тазалауды өте жоғары деңгейде жүзеге асыруға болады. Бірақ, көмір жағуға ауысу мәселесі талқыланған емес. Газ берушілермен бірге жұмыс істеп, тіпті, жекеменшік газ бөлу станциясын салуға қаржы бөлу де жоспарлануда. Ал бұл – аз ақша емес.

Қысқа дайындық

тэц-3 1

– Шымкенттің әр тұрғынын қысқы аяздағы жылу беруге дайындық мәселесі толғындыратыны жасырын емес, - дейді бас директор. – Бүгінгі таңдағы дайындық жұмыстарының барысы алдағы қыста жылу және жарық беруде күрделі мәселе туындамайды деп сенуге мүмкіндік береді. Бұған қоса қалада жергілікті 6 қазандық бар. Олардың барлығы жұмыс істеп тұр. Әзірге бұл қазандықтар біздің қарауымызда, дегенмен, оларды «ҚуатЖылуОрталығы» мекемесіне беру бойынша жұмыс атқарылуда.
Негізі, қаладағы барлық жылу желісі «ҚуатЖылуОрталығы» мекемесінің қарауында. Мазутқа келсек, бұл мәселе бойынша Шымкент қаласының әкімдігіне хат жолдадық. Тәртіп бойынша мазутты жергілікті атқарушы орган орталықтандырылған әдіспен сатып алады. Біз өзімізге қажет мөлшерде тапсырыс бердік. Бұған қоса 3-ЖЭО станциясы мен мұнай өңдеу зауыты арасында тікелей мазут құбыры бар. Оны да қолдануға болады. Қалай болғанда да барлық мәселе бойынша қалалық әкімдікпен бірге жұмыс істеудеміз. Әкімдік барлық мәселеде көмектесуде.

Бет қатталып жатқанда

Шымкент қаласында жылу жылдағы жоспардан ерте беріле бастайды. Қазіргі таңда «3-энерго орталық» АҚ жүйелерді сумен толтыруда. 12 қазаннан бастап су температурасы көтеріледі дейді мамандар.
15 қазаннан бастап барлық бюджеттік ұйымдарға жылу беріледі. Ал 20 қазаннан бастап көпқабатты үйлерге жулы қосылады.
Еске сала кетейік, ережеге сәйкес Шымкентте жылу беру маусымы орташа тәуліктік температура үш күн бойы +8 градустан төмен болған кезде басталады. Алдағы күндері сынап бағанасы +21 градусқа дейін көтеріледі деп күтілсе де қала әкімдігі барлық бюджеттік ұйымдарға, әсіресе ауруханаларға, мектептер мен балабақшаларға жылу беруге шешім қабылдап отыр.
Синоптиктердің болжамынша, Шымкентте ауа температурасы жексенбі, 14 қазан күні ғана төмендейді деп күтілуде.

Последнее изменение Пятница, 12 Октябрь 2018 09:10
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айынан бастап Бас редактордың орынбасары.