Заңсыз дүңгіршектер алынды Избранное

Среда, 24 Октябрь 2018 03:53 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2928 раз

Шымкент қаласының орталық көшелерінде көпшілікке арналған жерді заңсыз меншіктеп алып, ретсіз сауда жасайтындардың қатары азаймай тұр.

байтұрсынов5

Мегаполистің сәулеттік келбеті сақталуы шарт. Шаһар орталығы саналатын Әл-Фараби ауданында қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың ретсіз саудамен күрес және заңсыз дүңгіршектерді сүру жұмыстарына байланысты тапсырмасы жалғасуда. Жұмыс барысында қала көшелеріндегі аяқ жолдар мен көпшілік бірге пайдаланатын жер телімдеріне заңсыз орнатылған бірқатар дүңгіршектер алынды. Атап айтқанда, Амангелді көшесіндегі «Асхана», Арғынбеков көшесінде орналасқан «Тандыр самса», А.Байтұрсынов көшесінің бойындағы «Донер» және Қазыбек би көшесіндегі «Лаваш» саудасы тоқтады. Иісі аңқыған түрлі тағам жергілікті тұрғындардың мазасын кетірсе, санитарлық талаптарға сай келмейтін тағы бір осал тұсы бар. Соған қарамай саудасын қыздырған дүңгіршек иелеріне бұған дейін де түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
– Бұл дүңгіршектер – бір адам үшін табыс көзі. Ал тағы 100-200 адам үшін ыңғайлы тамақтану орны. Алайда дүңгіршек орналасқан жолдан өтетін және осы маңда тұратын 5-10 мың адам үшін бұл үлкен кедергі, – дейді Әл-Фараби ауданы бойынша кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Н.Қаңлыбаев.
Кең көшені тарылтып, ешбір құжатсыз дүңгіршек орнатып алған тұрғындарға Әл-Фараби ауданы бойынша кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің қызметкерлері түсіндіріп, жыл басынан бері заңсыз орнатылған 66 дүңгіршекті орнынан алуға ықпал етті. Бұл жұмыстар Шымкент қаласы әкімінің 13.04.2016 жылғы «Қала аумағындағы ретсіз сауданың алдын алу, жою жұмыстарының барысы» туралы №649 қаулысына, ҚР-ның Жер Кодексінің 43-бабына және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 136 және 204-бабына сәйкес жалғаса береді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.