Жеткізу қызметі іске қосылады Избранное

Пятница, 26 Октябрь 2018 05:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2818 раз

Үшінші мегаполисте «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеткізу қызметі іске қосылады. Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары жүріп-тұруы қиын шаһар тұрғындарының өтініштерін мемлекет тарапынан қарастырылған арнайы цифрландырылған құралдармен жеткізбек.

IMG 2989

Бұл жоба 7-8 мың азаматқа онлайн режимде, компьютер немесе смартфон арқылы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуге қолайлы орта жасау мақсатында қолға алынып отыр. Шымкент қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Ержан Серікбаевтың айтуынша, 33 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұрады.
– Осы азаматтардың ішінен бір терезе қағидасы аясында жыл басынан бері жүріп-тұру және гигиеналық құрал-жабдықтармен жалпы 10 мыңнан аса адам қамтамасыз етілсе, сауықтыру және оңалту орталықтарына 2 мыңнан аса азамат жолдама алды, ал мыңнан астам адам «Әлеуметтік такси» қызметтерімен қамтамасыз етілген. Аз қамтылған азаматтарға, ардагерлерге және зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жұмыстарға тоқталатын болсақ, жыл басынан бері 25 мыңнан астам мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетілді. Яғни, сауықтыру орталықтарына жолдамалар, мерекелік бір реттік әлеуметтік көмектер, 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмектер берілді. Сонымен қатар, жаңа форматтағы шартты және шартсыз ақшалай көмектер және тұрғын үй көмектеріне қол жеткізді. Ал үйге жеткізу қызметі бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол қаңтар айынан басталады, - дейді орталық басшысы.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында орталықта жүзеге асып жатқан тиімді бастамалардың бірі әрі бірегейі – цифрлық кабинеттер. Мұнда электронды қолтаңба ашу және жабу, үйден шықпай мемлекеттік қызметтерді алу, Enbek.kz порталынан жеке кабинет ашуға болады, құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша сабақтар өтеді. 9 мыңға жуық азамат тегін цифрлық сауатты арттыру курсын оқыса, жыл соңына дейін тағы 3500 азамат білімін жетілдірмек.
Жұмыс берушілерді қолдау секторы бөлім басшының орынбасары Лаура Абилова цифрлық кабинетте үйретіліп жатқан азаматтарға электронды еңбек биржасының тиімді екенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда 75 мыңға жуық жұмыс беруші аталған порталды қолданады. Яғни, екі қолға бір күрек іздеген азаматтарға ең қолайлы ресурс деуге болады. Жұмыс іздеушілер түйіндемесін порталға орналастыру арқылы мамандығына сәйкес жұмыстарын таба алады. Ал орталыққа тек жолдама алуға ғана келеді. Бұл порталдың жұмыс берушілерге де тиімділігі артқан. Бұрын ұсыныс парағын алып орталыққа келетін. Қазір бәрі онлайн рәсімделеді. Бүгінгі таңда 8 мыңнан аса жұмыскер осы портал арқылы қажетіне қол жеткізіп отыр,- дейді маман.