Кездесуде қала әкімі Ерлан Айтаханов Шымкенттің дамуы басты назарда екенін, қала орталығын ерекше үлгіде қалыптастыруды көздеп отырғанын жеткізді.
– Шымкент мегаполис қала аталғалы шаһардың дамуы ерекше қарқынмен жүретіні сөзсіз. Біз салынып жатқан нысандардың сапасына ғана емес оның қасбетіне де мән беруіміз қажет. Осы орайда «High Vill Kazakhstan» компаниясына үлкен сенім білдіремін, – деді Ерлан Қуанышұлы.
Іргелі компания жалпы 51,5 га аумаққа тұрғын үй құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Оған 1 млрд 350 млн АҚШ доллары шамасында инвестиция тартылған. Ал салынатын үйлердегі жалпы пәтер саны - 7100. Жаңа жоба «Shymkent City»-дің жаңа келбетіне көрік беретін болады. Әлемге танымал компания алдымен 1,3 га жер теліміне 10 үйді (224 пәтер, жалпы ауданы - 21 543,7 ш.м.) салады. Қазіргі таңда үйлердің жер қазу жұмыстары басталып кетті.