Жастар жылы аясында жастарға жаңа серпін беретін, қаланы, қоғамды дамыту жөнінде нақты ұсыныстар айтуға мінбер болатын «Жастар мәслихаты» құрылған-ды. 14-29 жас аралығындағы 29 жас депутат мандатын алды. Оларды құттықтаған қала әкімі жас депутаттарды жастардың мәселесін шешуде белсенді болуға шақырды.
– «Депутат» атану бедел емес, «жауапкершілік». Шымкент қаласы тұрғындарының үштен бірін жастар құрайды. Сол 300 мыңдай шымкенттік сіздерге сенім артты. Өз дауысын беріп, таңдауын жасады. Сіздер сол сенімді ақтаңыздар. Жаңа мандат сіздерді тәкаппарлыққа емес, жастар арасында өршіп тұрған мәселені билік басындағылардың назарына ұсына алатын батылдыққа жетелесін, – деді Е.Айтаханов.
Қала басшысы жас депутаттарды суицидтік оқиғаның алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға шақырды. Сондай-ақ, жиында жаңадан қалыптасқан жас мәслихат депутаттарының қызметін жүйелендіру мақсатында жоспар құрылып, жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алу, кәсіпкерлігін дамыту туралы ұсыныс-пікірлерін айтты. Жастар мәслихатының депутаттары мәслихат сессиясына қатысып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік бағдарламалар мен көрсетілетін қызметтер бойынша жастар арасында ақпараттық-насихаттық шараларды жүргізуге үлес қосатын болады.