Менің қалам – менің мақтанышым Избранное

Пятница, 13 Декабрь 2019 03:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1088 раз

Шымкентте тазалық пен отансүйгіштікке баулитын дәстүрлі «Таза қала» акциясы өз мәресіне жетті. Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен мерекелік шарада қала әкімі Ерлан Айтаханов қаланың тазалығын сақтауға үлес қосқан жандарға алғысын білдіре отырып, қайырымды шаһар тұрғындарын ТМД елдерінің мәдени астанасы атануымен құттықтады.

555

Қала басшысы өз сөзінде алдағы үш жылдық бюджетте санитарлық тазалық жұмыстарына жылдағыдан екі есе көп қаражат қаралғанын айтты.

– Көне заманнан Шымқала деп бекер аталмаған. Көкқала жайында Қожаберген жыраудың «Елімай» дастанында бір шумақ өлең жолдарымен айтылған. Ол 1600 жылдар еді. Өлең жолдарында Шымкент қаласының тұрғындарын еңбекқор деп сипаттап кетеді. Ал қаланы жасыл өлке деп бейнелеген. Біздің ТМД елдерінің мәдени астанасы атануымыздың өзі бекер емес. Бұл бізге жаңа серпін береді. Бір-біріміздің еңбегімізді бағалайық, қайырымды болайық, – деді қала басшысы Ерлан Қуанышұлы.

Жастар ресурстық орталығында өткен мерекелік кеште қала әкімі Ерлан Айтаханов пен қалалық «Азаматтық альянс» қауымдастығының төрағасы Жұмағали Білісбеков «Үздік көше», «Үздік аула» номинациялары бойынша Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарының тұрғындарын 1, 2, 3 орындармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапаттады.

Ал жылдың үздік ауданы болып Еңбекші ауданы анықталды.Сонымен қатар, қаланың тазалығына белсене атсалысқан құқық қорғау органдарының өкілдеріне бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, үш айға созылған акцияны Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының тапсырысы бойынша қалалық «Азаматтық альянс» қауымдастығы ұйымдастырды.