Шешілген емес, шешімін күткен шаруаны айтайық Избранное

Пятница, 30 Октябрь 2020 03:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2090 раз

Еңбекші ауданында 564 жаңа жұмыс орны құрылып, екі көпір аяқталып, су электр станциясы салу жоспарлануда. Бұл туралы Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов қала әкімі Мұрат Әйтеновке 9 айдың қорытындысы бойынша берген есебінде айтылды. Шаһар басшысы есеп алдында ауданның тынысымен танысып қайтты.

712

 

БАЗАРҚАҚПАДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ БАР

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов алдымен Еңбекші ауданының Базарқақпа тұрғын алабына барды. Ондағы өзекті болып тұрған мәселе – кәріз жүйесі.
Базарқақпа тұрғын алабында орталық (магистралды) кәріз жүйесі Тельман, Далабазар көшелерінен өткен. Көршілес Шаңырақ шағынауданындағы орталық кәріз жүйесі Айбота көшесінен өткен. Аталған кәріз жүйесі 2010 жылы бітеліп, істен шыққан.
2017 жылы мердігер мекеме «ТКСК-Строй» ЖШС-і 3,3 шақырым кәріз жүйесіне құрылыс жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 20 көпқабатты үй кәріз жүйесіне қосылған.
Алайда, тұрғын алапқа толықтай магистралды кәріз жүйесін орнату және ішкі кәріз жүйесін қосу қажет. Себебі шайынды лас сулардың Сайрам су өзеніне ағымын тоқтатпаудан табиғатқа зиян келуде.
Жағдаймен таныс болған Мұрат Әйтенов орталық кәріз жүйесін қалалық энергетика және шаруашылық басқармасының теңгеріміне өткізіп, қайта құрылыс жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма берді.

ЕСКІ ҒИМАРАТТЫҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ

Қала әкімі Мұрат Әйтенов мыңға жуық отбасы қоныстанған Бадам-1 тұрғын алабына да барды. Бүгінгі таңда аталған тұрғын алаптың басты мәселесі – №105 жалпы орта мектебінің ескі ғимараты болып тұр.
2015 жылы білім мекемесінің жанынан 300 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілген. Онда қазір 900-дей оқушы білім алады.
Ал мектептің ескі нысаны жарамсыз күйде тұр. Балалардың қауіпсіздігін сақтауда Мұрат Әйтенов апатты ғимаратты тез арада сүру туралы тапсырма берді.
– Мектеп – балалардың қауіпсіз білім мен тәрбиені қатар алатын негізгі мекені. Сондықтан ескі ғимаратты бұзып, орнын көгалдандыру қажет. Мектеп ауласында балалар емін-еркін жүре алуы тиіс, - деді.
Алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкіміне бюджетке өтінім беру жөнінде тапсырма жүктеді.


МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ҚАЙТА ЖАНДАНАДЫ

Тоғыс тұрғын алабындағы «Қазығұрт» мәдениет үйінің де мәселесі жетерлік.
1988 жылы салынған мәдениет үйі «Қазығұрт» өндірістік кооперативінің меншігінде. Бүгінде нысанды қалалық мәдениет үйіне қарасты «Қазығұрт» мәдениет үйі (кітапхана) жалға алып отыр.
Аумағы 1130 шаршы метр нысанда жөндеу жұмыстары соңғы рет 1998 жылы жүргізілген. Бүгінде жылыту жүйелері істен шыққан. Тұрғындар көптен бері мәдениет үйін мемлекет меншігіне алу мәселесін көтеруде.

716


Қала әкімі нысанды мемлекет теңгеріміне алып, жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Әбден тозығы жеткен, 350 орындық мәдениет үйі қайта жөндеуден өтіп, аталған мәселе жоспарға сай шешімін таппақ.

СУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ САЛЫНАДЫ

Қала әкімі Маятас тұрғын алабындағы «Бадам» каналына барды. Мұнда инвесторлар арқылы су электр станциясының құрылысы жүргізілмек.
«Бадам» каналындағы кіші су электр станциясының қуаттылығы 1МВт болады деп жоспарлануда. Бұл қалалық орта үшін шуылы өте аз инновациялық суасты станциясы. Өндіріс қуаты жылына 8,5 млн. КВт.
Жобаның құны – 738 миллион теңге. Яғни, жабдық сатып алу, су электр станциясының ғимаратын салу, 1,5 км құбыр тарту жұмыстары атқарылады.
Сонымен қатар, су электр станциясы заманауи инновациялық технологиялармен жабдықталады. Атап айтқанда, Германияның DIVE технологиясы бойынша жұмыс істейтін болады. Жаңа станция құрылысында 16 адам жұмыспен қамтылу көзделуде.

Көрсеткіш төмен

Қала әкімі Еңбекші ауданын аралау барысында көрген кемшіліктер бойынша аудан әкімінің жұмысын сынға алды. Мәселен, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда кейбір салада көрсеткіштер төмен. Атап айтқанда, қысқы жылыту маусымына дайындық өз деңгейінде емес. Қатты отынды пайдаланатын 1632 жеке тұрғын үйге 5068 тонна көмір қажеттілігі бар. Аудан әкімдігі тарапынан тек 4800 тонна жеткізілген.

713

 

– Тұрғындар қыс қаһарына мінген кезде қиналып жүрмеуі үшін, бүгін дайындықты толығымен атқару керек. Әрбір үйге жылудың қосылғанын жеке тексеріп шығу қажет. Күзгі жауын-шашынға ирригациялық арықтар да толық тазаланбаған. Сонымен қатар, мына індет баршаны санитарлық тазалыққа үйретіп жатыр. Ал ауданды араласаң тек орталық жерлер ғана тазаланып, қалған шалғай мекендерде қоқыс шашылып жатқаны көзге шалынады. Демек коммуналдық жұмыстар нашар деңгейде жүргізіліп жатыр, - деді қала әкімі.
Кемшіліктердің мерзімінде орындалмағанын айтқан Мұрат Әйтенов аудан әкіміне сөгіс беру жөнінде шешім қабылдады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.