ШЫМКЕНТ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР Избранное

Среда, 10 Февраль 2021 03:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2683 раз

құпия кеңесшінің мәліметінде жазылған

 

 

Патша өкіметі отар елдердегі жағдайдың, жалпы дамуы қандай екенін, ол жерлерден қандай пайда табуға болатынын зерттеп келу мақсатында «бұратана шет аймақтарға» өз ревизорларын үнемі жіберіп отырған.

63

 

Алматы қаласындағы орталық ғылыми кітапхананың «Сирек кітап» бөлімінде ревизор Паленнің Түркістан өлкесіне жасаған ревизиясы туралы бірнеше том жинақ бар. Дегенмен, граф Паленнің ревизиясы ХХ ғасырдың басында жасалған ревизия, ал «патша ағзамның» құпия кеңесшісі Гирс болса, өлкеге ХІХ ғасырдың соңында келген, сондықтан, орыс отарлауының салыстырмалы түрде болса да бастапқы кезеңіндегі Шымкент қаласының даму барысының қандай болғаны, әрине, қызықты. Сондықтан, архив дерегі болмаса да, қаламыздың даму тарихына сәл де болса сәуле түсірер мәліметті айналып өтпей, табылған дүниелерді оқырман назарына ұсынып отырмыз. Дегенмен, Гирстың есебі де тек Мәскеу қаласының орталық кітапханасынан табылғанын айта кету жөн болар.
Түркістан өлкесіне ревизия жасаған «тайный советник» Гирстың есебінде генерал-майор (Гирстың тұсында генерал-лейтенант) Черняевтың жаңадан басып алынған Шымкент пен Әулиеата қалаларының тұрғындарын 1865 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық төлеуден босатуы туралы патшаға жазған өтініш-хатының қанағаттандырылғаны жөнінде есеп бергені, бірақ, өтініш патшаға жеткенше алым-салықтың бәрібір алынып қойылғаны, енді оның халыққа қайтарылмайтыны жайлы мәліметпен таныса аламыз.

Гирс кітабының «Ленинкада» сақталған данасының мұқабасы

64

Шымкенттің патша билігінің қол астына неғұрлым тезірек тартылуы үшін 1879 жылы Шымкент пен Перовск (қазіргі Қызылорда қаласы) арасында ұзындығы 471 верст болатын телеграф желісі тартылғанын ревизор Гирстың есебінің 189-бетінен білуге болады. Ондағы дерекке сүйенсек, Шымкент телеграф станциясында 2 Морзе аппараты болған, ол жерден 19904 «депеша» жөнелтілген, 1882 жылы 3628 рубль ақша шығындалған, 2083 рубль пайда түскен, ақыр соңында 1340 рубль шығын тартқан екен. Шымкент телеграфының дербес, арнайы үйі болмай, ол округ бастығының үйіне орналастырылған. Шымкент телеграф үйі туралы Гирс «... өте тар, ыңғайсыз» деген пікір білдірген екен өзінің есептік құжат-кітабының 180-бетінде.
Отаршыл өкіметтің басқыншылық саясатын жүзеге асыруы үшін қажет құралдың бірі түрме болса, оның Шымкентте болмағаны, тек әскери гауптвахта ғана болғаны деректің 196-бетінде мәлімделеді. Оның өзінде басқа қалаларға қарағанда Шымкентте түрме салуды ревизор қажет деп те таппайды. Оның себебі, қала халқы арасындағы дау-жанжалдың «ничтожное количество» деп бағаланған, өте-мөте аздығынан екені ревизордың қалалардың «Сот жүйесін» тексерген есебінен білуге болады. Келесі суретте сол мәлімет толық беріліп отыр.

 

65

Ревизия тұсында Шымкент Сырдария облысының қаласы ретінде танылған болатын. Ревизия қалалық үйлер санын да есепке алып, ол туралы 1883 жылға қатысты орыстардың үйлерінің саны 54 болса, түземдіктер үйлерінің саны 1488-ге жеткені туралы мәлімет береді.
Қаладағы орыс үйлерінің санына қарап, отаршыл басқыншы үкіметтің Шымкент, Түркістан және Әулиеата қалаларына онша үлкен үміт артпағанын, керісінше Қазалы мен
Перовскінің оқ бойы алда тұрғанын аңғара аламыз. Шындығында да қалаларды сұрыптаған кезде Қазалы қаласына қарағанда Шымкент қаласына қаржылық қолдау көрсетілмеген.
.
Г.Жанысбекова,
тарих ғылымының кандидаты, доцент, М.Әуезов атындағы ОҚУ
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.