ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСЫНДА КЕМШІЛІК БОЛМАУЫ ТИІС Избранное

Пятница, 04 Февраль 2022 03:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 932 раз

Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мегаполис үшін маңызды құрылыс нысандарында болып, жұмыс барысын бақылады. Алдымен Д.Қонаев даңғылында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының жалғасын көріп, ондағы мердігер мекемелердің өкілдерімен кездесті.

182

 

Қазіргі таңда Қонаев даңғылы жалғасының екінші кезеңі бойынша мемлекет мұқтажы үшін алынған 18 үйді сүру жұмыстары аяқталды. Сонымен бірге Әйтеке би көшесімен ұзындығы 600 метр жол асты өткелін салу бойынша инженерлік желілердің орындары ауыстырылып, Қонаев даңғылымен Тәуелсіздік көшесі қиылысындағы тоннель өткелі бойынша свай қағу жұмыстары атқарылуда. Нысан келесі жылға өтпелі. Ал, Терешкова көшесінен Бөгет көшесіне дейінгі аралықта салынып жатқан Қонаев даңғылы құрылысының 3 кезеңі бойынша орташа жөндеу жұмыстары 2020-2022 жылдар аралығына жоспарланған. Кезеңнің жалпы ұзындығы 6 жолақты 0,561 шақырымды құрайды. Ал жолдың ені- 42 метр. Қазіргі уақытта оң жақ тіреу қабырғаларының жұмысын жалғастыру үшін темір жолдан Бөгет көшесіне дейінгі нысандарды мемлекет мұқтажына қайтару қажет.
Келесі нысан – Шымкент қаласындағы Рысқұлов – Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысы жобасы. Қазір бұл жоба бойынша жаяу жүргіншілер өтетін тоннель құрылысы жүріп жатыр. Қала әкімі бұл құрылыстың да басында болып, жұмыс барысын бақылап көрді.
Жаяу жүргіншілер өтетін тоннель құрылысын толығымен аяқтау ағымдағы жылдың наурыз айына жоспарланған. Қонаев даңғылын тоннель арқылы және Рысқұлов көшесі бойынша толықтай көліктердің қозғалысы ұйымдастырылған. Жалпы жолайрықтың көлік өткізгіштігі тәулігіне 142 мың автокөлікті құрайды.
Қаладағы тағы бір ірі құрылыс нысаны – Бәйдібек би және Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысы. Осы жылдың басында басталған құрылыс нысаны қаладағы көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына енгізілген. Осыған сәйкес, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысында 2022-2023 жылдар аралығында үш деңгейлі жолайрықтың құрылысы жүргізіледі. Жолайрықтың техникалық сипатына сәйкес, Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Құрылыс жоспары бойынша ені 80 метрлі 4-6 жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселетін болады.
Жолайрық құрылысына байланысты Арғынбеков көшесінде Бәйдібек би көшесінен Жүсіпов көшесіне дейінгі аралықтағы көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылған. 30 қаңтар күні батыстан шығысқа қарай Байтұрсынов көшесінен Бәйдібек би даңғылына дейінгі аралық жабылды. Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген. Қазіргі уақытта аталмыш құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен жер қазу жұмыстары атқарылуда.
Мұрат Әйтенов атқарылған жұмыстарды көріп, мердігер мен сала жетекшісіне құрылыс жұмыстарында кемшіліктерді болдырмауды, сапасына баса назар аударуды және бөлінген қаражатты тиімді жұмсап, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге, көлік кептелісі секілді қолайсыздықтарды болдырмау үшін көше қозғалысын шектеу жұмыстарын дұрыс ұйымдастыруды айтты.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.