ЖАҒДАЙЫҢ ҚАЛАЙ, СТУДЕНТ? Избранное

Пятница, 18 Февраль 2022 04:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1114 раз

Күн сәулесі тікелей түскен шуақты алаңша, түбі қопсытылып, қатар-қатар егілген гүлдер, тап-тұйнақтай таза аула – жатақхананың негізгі қақпасынан емес, қосымша есігінен кірген мониторинг тобының алдынан осындай көрініс шықты. Артық жатқан зат жоқ, барлығы реттелген. Ал іште жатақхана меңгерушісі қарсы алды. Иә, 2000-жылдардағы танымал вахтер апайлардың бейнесі сол күйі өзгермегендей – орнымен қатал, талапшыл, ыждаһатты. Ғимараттың ауласы осындай болса, іші қандай таза екенін елестете беріңіз. Мүмкін, мониторинг тобының келуіне дайындалған, мүмкін, бұрыннан осындай тәртіп қалыптасқан...

283

 

Күні кеше Шымкенттегі бірер жоғарғы оқу орнының жатақханаларына мониторинг жасалды. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған іс-шараға қалалық мәслихаттың депутаттары Мұрат Жолдықожаев пен Айгерім Жұмағұлова, Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов пен қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Мұндағы мақсат жатақханадағы студенттердің жағдайымен танысу болатын.
Мониторинг тобы алдымен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының жатақханасына бас сұқты. Бес қабатты ғимарат 1983 жылы қолданысқа берілген. Сыйымдылығы – 390 орын, дегенмен, қазіргі таңда мұнда 200 студент тұрады. Яғни, толымдылығы 70 пайызды құрап отыр. Медицина академиясының өкілі Нұрлан Ахметов мұны карантин талаптарын сақтаумен түсіндірді.
5 қабатты жатақхана барлық санитарлық талаптарға сай жабдықталған. Ұлдар мен қыздар секциясына бөлінген, акт залы, кітапхана, душы мен асханасы, медициналық бекеті бар, тіпті, вирус жұқтырған студенттерді оқшаулауға арнайы бөлме де қарастырылған.

284


– Жатақхананың өз вай-фай құрылғысы, кітапханаларда компьютерлер бар. Студенттер бос уақытында сабағына дайындала алады. Акт залындағы экранды алып, қазір үлкеніне ауыстырып жатырмыз. Күндізгі уақыт болғандықтан, қазір студенттердің көбісі дәрісте, сабағымыз офлайн жүріп жатыр, – деді Академияның жастар саясаты бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Рашидұлы.
Депутаттар жатақхананы аралап, студенттермен сөйлесті. Ашық әңгіме барысында жастардың кейбірі шеткі бөлмелерде вай-фай толқынының әлсіздігін айтқанымен, басқа ештеңеге шағым білдірген жоқ. Оның үстіне, жатақхана ақысы кәдімгі пәтер жалдағаннан анағұрлым арзан – айына бір адамға 8 500 теңге. Ашығын айтқанда, мұндағы жағдай екінші нарықтағы кейбір көпқабатты үйлерден тәуір. Тәртібі де берік сақталатыны көрініп тұр. Көп нәрсе үй төрайымы немесе жатақхана меңгерушісіне де байланысты екені анық. Әр секцияға кіреберіс есіктерге жатақханада тұру тәртібі жазылған парақтар ілінген. Мониторинг тобы тәртіп сақталатынына көз жеткізіп, студенттердің бос уақытын қызықты өткізу жағына назар аударды.
– Менің ойымша, мұнда енді мақтау тақтасы жетіспей тұрған сияқты. Оған туған күн, түрлі мерекелермен құттықтаулар жазылса, көзге түскен белсенді жастардың тізімі, студенттер кеңесінің төрағасының суреті ілінсе деген ұсыныс бар. Қосымша теледидар қойылып, Академияның тыныс-тіршілігі, өткен іс-шаралар көрсетіліп тұрса, қызық емес пе? Мысалы, фойеде отыратын диван болса, тіпті жақсы болар еді, – деді Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Айгерім Жұмағұлова.
– Диванды кіреберіс кең болсын деп, кеше ғана қосалқы жайға қойдырып едім. Оның үстіне медицина академиясы оқуының басқа жоғарғы оқу орындарынан айырмашылығы бар. Бізде тек бастауыш курстың емес, аспирантураның да студенттері тұрады, сабақтарынан көбісі кеш келеді. Қыс болған соң, фойеде көп отырмай, бөлмелерінде болады, – деп жауап берді жатақхана меңгерушісі
Раушан Өксікбайқызы.
– Студенттердің сабағы кешкі сағат 4-5-ке дейін созылады. Себебі, медицина мамандығы асқан жауапкершілікті талап ететіні бәрімізге белгілі. Оларға қажет қосымша үйірмелер, курстар Академияның оқу корпустарында ұйымдастырылады. Студенттер мұнда негізінен тынығуға келеді. Бұл жерде де жатақхананың өз студенттік кеңесі бар. Олар әр мереке сайын іс-шара өткізеді, тазалықты сақтауға назар аударады. Енді биыл жатақхананың жанынан футбол алаңшасының құрылысы басталады, қазір жоба дайын тұр, – деді Академияның бөлім меңгерушісі Нұрлан Ахметов.
Дегенмен, мониторинг тобының мүшелері бірқатар кемшілікпен жұмыс істеу керек деген пікірлерін білдірді.

285


– Медициналық академия басшылығына жатақханада тамақ әзірлеу үшін арнайы тоқ көзімен істейтін пештер мен вай-фай таратылымның қуатын арттыру, студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру секілді мәселелерді шешу жолдарын ұсынамыз. Ал оны жүзеге асыру алдағы уақыттағы мониторинг кезінде бақыланады, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов.
Бұдан кейін мониторинг тобы бас сұққан екінші нысан – академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің жатақханасы. Құрылысы 2020 жылы басталған ғимараттағы жұмыстың бүгінде 90 пайызы аяқталған. Жауапты мамандар нысанды биылғы көктемде пайдалануға беруді көздеп отыр.
– Оқу орнымыздың студенттер үйінің ресми ашылу салтанатын биылғы Наурыз мерекесінде өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Жатақхана барлық талапқа сай келеді, студенттерге жағдай жасалған. Мұнда жалпы 300 студентке орын бар. Алдағы уақытта спорт кешенін салу да жоспарда бар, – деді оқу орнының ректоры Рәбиға Қуатбекова.
Заманауи үлгіде салынған жаңа ғимарат 6 қабаттан тұрады. Асхана, спорт залы, кітапхана, медициналық бекет, акт залы және тағы басқа қосымша жайлар төменгі қабатта орналасып, жоғарғы бес қабат толығымен студенттерге арналып отыр. Әр екі жатын бөлменің жеке санитарлық бұрышы бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы бөлмелер мен қосымша жайлар қарастырылған. Олардың ерекшелігі – есіктері кең және қоларбамен жүруге кедергі болмас үшін табалдырығы жоқ.
Осылайша университет басшылары Мемлекет басшысының студенттерді жатақханамен қамту туралы тапсырмасын орындауға баса назар аударып отырғандарын мақтанышпен жеткізді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.