«Сен салар да мен салар» болмасын... Избранное

Среда, 02 Март 2022 05:08 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 840 раз

жауапты мамандар сапа бақылауда деп сендіреді

Шымкенттегі Қонаев және Рысқұлов даңғылдарының қиылысындағы жолайырықта пайда болған ой-шұқырларды мердігер мекеме қалпына келтіреді.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Ержан Жолдасов осылай деп мәлімдеді.

354

 

Әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде көтерілген сынға, тұрғындардың жол сапасына қатысты талаптарына жауап берген басқарма басшысы бұл жол айырығындағы жұмыстар толық аяқталмағанын айтып, қазіргі уақытта жаяу жүргіншілер өткелі мен жолдың аумағы абаттандырылып жатқанын мәлімдеді. Ал жолайырықтың өзі көлік қозғалысын жақсарту мақсатында 2021 жылғы желтоқсанда мерзімінен ерте ашылған.
– Өздеріңіз білесіздер, Қонаев және Рысқұлов даңғылдарының қиылысындағы жолайырық құрылысы 2020 жылдың қарашасында басталып, 2021 жылдың желтоқсан айында ашылды. Біздің ондағы ең басты мақсатымыз – көлік кептелісінің алдын алып, жол қозғалысына рұқсат беру болатын. Яғни, бұл жолайырық мерзімінен ерте ашылды деп айта аламыз. Негізі, жобаны толық аяқтау биылғы мамыр-маусым айларына жоспарланып отыр. Иә, қазіргі таңда көлік жүргізушілер үшін уақытша олқылықтардың бары рас – 5-6 жерде асфальт жабыны төмендеп, ойпаттар пайда болды. Оның негізгі себебі, жоба бойынша осы жерден өтетін жоғарғы кернеулі электр желісі жердің астынан жіберілуі тиіс. Ал құрылыс кезінде алып бағаналар уақытша қойылып, сым жоғарыдан тартылды. Сол бағаналарды желтоқсан айында алған кезде орны үңірейіп, ол жерлер толтырылған болатын. Міне, сол бағананың орындары төмен түсті. Қазіргі таңда ол олқылықтарды қалпына келтіру үшін бірқатар іс-шара қабылданды, – деді басқарма басшысы Ержан Жақсылықұлы.

355


Жауапты мамандардың айтуынша, бүгінде мердігер мекемеге басқарма тарапынан нұсқаулар беріліп, жол бетіндегі ой-шұқырға бетон құйылды, уақытша тегістелді. Ал абаттандыру және жол жабыны бойынша барлық жұмыс нормативтік-техникалық құжаттамаларға сәйкес ауа райы қолайлы кезде жалғаспақ.
– Күн жылыған кезде мердігер «Bazis Construction» мекемесі әр шұңқырдың аумағын кеңейтіп ашып, жұмыстың талабына сай жолдың барлық қабатын орнымен қалпына келтіріп шығады. Бұл жұмыстар, бұйыртса, наурыз-сәуір айларында орындалады. Мемлекет тарапынан қаржы қаралмайды, барлық жұмысты мердігер өз қаражаты есебінен атқарады. Жалпы, Қонаев-Рысқұлов даңғылдарының қиылысындағы жолайырықтың құрылысы 2022 жылға өтпелі. Биыл мұнда жаяу жүргіншілер жолы, жерасты өткелі, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, нысан толығымен маусым айында тапсырылады деген жоспар бар, – деді Ержан Жолдасов.
Басқарма басшысының айтуынша, бұл жолайырыққа мердігер мекеменің 5 жылдық кепілдік мерзімі бар. Сол уақыттың ішінде құрылыстан кемшілік анықталса, мердігер мекеме жөндейді. Ал талап орындалмаған жағдайда айыппұл кесілуі әбден мүмкін. Айыппұл дегендей, 2021 жылы қалада аяқталған жұмыстарды тексеру нәтижесінде ірі көлемдегі айыппұлдар салынған.
– Әр салынған жолдың, жөнделген көшенің сапасы – қала әкімінің басты назарында. Сапаны бақылау бойынша жұмыс тобы құрылып, мониторинг жүргізіледі. Топтың құрамына басқарма мамандары, қоғам белсенділері, сапаны бақылау орталығының өкілдері бар. Мониторинг тобы 15 наурызға дейін 2020 жылы салынғаны бар, былтыр тапсырылғаны бар – барлық жолды аралап шығады. Егер кемшілік табылса, алдымен мердігерге нұсқама береміз. Ал тиісті мерзімде қалпына келтірілмесе, онда ісі сотқа жолданады. Мысалы, былтыр жалпы көлемі 25 миллион теңге айыппұл салынды. Қазір 7 мердігердің ісі сотта қаралуда. Тек мердігер мекемелер ғана емес, олардың жұмысын қадағалауда олқылыққа жол берген техникалық бақылау мекемелері де жауапқа тартылуда. Былтыр пайдалануға берілген жолдарды тексеру, жоғарыда айтқанымдай, наурыздың екінші жартысында аяқталады, нәтижесі содан кейін белгілі болады, – деді басқарма басшысы Ержан Жолдасов.
Жалпы, бүгінде Шымкент қаласындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 247 шақырымды құрайды. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2021 жылы жолдарға қарасты 28,6 млрд теңге игерілген. Жалпы ұзындығы 190 шақырым болатын 137 жолды жөндеу аяқталып, 6 нысанда құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді, 128 нысан орташа жөнделді. Тапсырылған нысандардың арасында Қонаев даңғылын ұзартудың І кезеңі, Әл-Фараби көшесінің жалғасы, №3 автожол, әуежайға кіретін жол, А-2 жолының І кезеңі, А-2 жолына оң жақ өткел құрылыстарын салу секілді жобалар бар.
Ал биыл 141 нысанға құрылыс, жөндеу жұмыстарын атқару жоспарлануда. Оның ішінде 19 нысан қайта жаңғыртылса, 121 көше орташа жөнделеді. 2021 жылдың нәтижесі бойынша шаһардағы асфальт төселген жолдардың үлесі барлық жолдың 63,6 пайызын құраса, биыл бұл көрсеткішті 67,4 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
– Шымкентте жыл сайын ұзындығы 250-300 шақырым жол салынады. Ал 2025 жылы қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесін 90 пайызға жеткіземіз деп отырмыз. Неліктен 100 пайыз емес? Себебі, қаладағы құрылыс тоқтамайды, жыл сайын жаңа жолдар салынып отырады, – деді Ержан Жақсылықұлы.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.