ШЫМКЕНТТЕ ОНЫНШЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ Избранное

Пятница, 18 Март 2022 04:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2427 раз

Үшінші мегаполисте «Жұлдызай» оңалту орталығы ашылды. Медициналық орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов, орталық басшылары, демеушілері, балалар мен ата-аналары қатысты.

711

 

Шыңғыс Жұмабекұлы екі балақайдың тұсауын кесіп, болашақтарына сәттілік тіледі. Ал, балақайлар қонақтарға өз өнерлерін ұсынып, ән салды.
– Баршаңызды келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен және жаңа орталықтың ашылуымен құттықтаймын. Осындай жағымды жаңалықтың жыл басына тұспа-тұс келіп тұрғанын жақсылыққа балаймыз. Бүгін тәй-тәй басқан бүлдіршіндердің алғашқы қадамдарын көріп-ақ осы орталық мамандарының қамқорлығына, кәсіпқойлығына, өз ісін адал ниетпен атқаратынына көз жеткізуге болады. Шымкент қаласында медицина саласына жақсы көңіл бөлініп келеді. Көптеген осындай медициналық орталықтар ашылуда. Оның барлығы халық игілігі үшін қызмет етеді. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Оңалту орталығы соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Оған «Жұлдызай» қайырымдылық қоры демеушілік көрсетіп отыр. 10 маман жұмыс істейтін орталықта негізінен нейро-кардиохирургиялық операция жасалған және жүйке жүйесі дертіне шалдыққан балаларға түрлі емдеу, оңалту шаралары көрсетіледі.
Айта кетейік, «Жұлдызай» – Шымкентте жаңадан ашылған оныншы медициналық-оңалту орталығы.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.